Мәуліт мерекесінде мейірім төгілді Избранное

Среда, 28 Ноябрь 2018 05:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3627 раз

Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтудың өзі сауапты іс. Алланың Елшісі (с.а.с.) дүниеге келген Мәуліт айында көп салауат айту күнәларды кешеді. Мәуліт жырын оқу – бабалардан қалған мирас. «Біз сені бүкіл әлемге мейірімділік жаршысы етіп қана жібердік» атты рухани кеште белгілі исламтанушы ғалым Арман Қуанышбаев осылай деді.

138

 

Дәстүрлі діни мерекенің жылдан жылға ауқымы кеңейіп келеді. Мәуліт мерекесі жыл сайын еліміздің барлық аймағында кең көлемде аталып өтіледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің ұйытқы болуымен өткен кеш қала тұрғындарына рухани азық сыйлады. Тағылымы мол рухани кешке жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басшылары, облыс, қала, аудан мешіттерінің имамдары мен қызметкерлері, қала тұрғындары, барлығы 750-ден аса адам куә болды.
Кеш қасиетті Құран Кәрімді тіләуат етумен басталды. Әрі қарай Мәуліт жырын мешіт имамдары және «Шымкент» медресе-колледжінің бір топ шәкірттері оқыды. Биыл Мәуліт жыры тұңғыш рет қазақ, өзбек, түрік және араб тілінде орындалғанын айта кеткен жөн.
«Әзіл-сықақ» театры өнерпаздарының сахналық қойылымы да керемет әсер етті. Кеш барысында діни әндер орындалып, иләһи жырлар оқылды.
Іс-шараны «Қазақ радиосының» алтын дауысы, тележурналист Мұхаммедәли Болатұлы жүргізіп, рухани кештің әрін кіргізді. Сонымен қатар ҚМДБ РАНТ мүшесі, исламтанушы Арман Қуанышбаев «Пайғамбарға иман» тақырыбында тағылымды уағыз айтты.
Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туған күн» деген мағына береді. Адамзат тарихында ең ұлы – сүйікті Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.а.с.) дүниеге келген мәуліт күні жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде де айтып өткен.
Мұндай кешті өткізудегі мақсат – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауат айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан арылуға шақыру.

Пәтер кілтіне ие болды

Кеш барысында Пайғамбардың (с.а.с.) өмір тарихы жөнінде жарияланған бәйгенің қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарға қаржылай, т.б сый-сыяпаттар табыс етілді. Шымкент қаласының орталық мешіті және Дария дамыту орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Үздік оқырман» бәйгесі жеңімпаздарының есімі анықталып отыр.
Іс-шарадағы атап өтер игі істің бірі – көмекке мұқтаж отбасыға пәтер кілтінің табыс етілуі. Мінекей, осындай рухани жиында сауабы мол қайырымдылық амалға да көпшілік куә болды. Шымкент қаласы орталық мешіті мен «Қарекет» қоры бірлесіп, қала тұрғыны Меруерт Құдайбергеноваға қуаныш сыйлады.
Екі дүние сардары, адамзаттың асыл тəжі болған, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған айы «Мəуліт» мерекесінде баспана кілтін ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаев табыс етті.
М.Құдайбергенова осы күнге дейін Шымкент қаласы Қайтпас 2 шағынауданында жалдамалы пәтерде тұрған. Балаларының алды – 15, ал кішісі – 6 жасар. Тағдырдың ауыр тауқыметіне мойынсұнбай, 6 баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, осы күнге дейін жалғыз тәрбиелеп келген қала тұрғыны осылайша мерекеде қуанышқа кенелді.