Бүгінде үшінші мегаполисте жол-құрылыс жұмыстары қарқын алған. Жолайрық, айналма жолдар салынып, магистральді көшелерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл ретте, өз ісінің білгір, білікті мамандарға артылар сенім зор. Жылдың барлық мезгілінде, тәуліктің барлық мезетінде үздіксіз қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі айрықша. Жол құрылысындағы білікті маманның бірі – Қуанышбек Тұңғышбаев. Ол жас та бас болып, шаһардағы көптеген нысандарда жауапты қызмет атқарып келеді.
«Шымкент жолдарында сапа жақсарған»
15 шілде күні шаһардағы маңызды жолдардың бірі А-2 айналма жолының 2-ші кезеңі аяқталып, көлік қозғалысына ашылды. Прораб Қуанышбек Тұңғышбаев осы нысандағы құрылыс жұмыстарын басқарып, жолдың сапасына жауапты болды. А-2 айналма жолының 2-ші кезеңі құрылысын «Отау строй» ЖШС жүргізді. Қуанышбек Жақсыбекұлы – осы компаниядағы үлгілі мамандардың бірі. 2017 жылдан бері көптеген маңызды нысандардағы құрылысты басқарып, өзінің білім-біліктілігін байқатқан.
Маңызды нысан құрылысын тапсырудың алдындағы қарбалас сәт. Қ.Тұңғышбаев және оның қол астындағы қызметкерлер шілденің күні шыжғырып тұрса да, қызу жұмысқа кіріскен. Нысанды межелі мерзімде аяқтау керек. Мегаполис шаһарда құрылыс жұмыстарын өз мерзімінде және сапалы орындаудың жауапкершілігі зор. А-2 айналма жолдың 2-ші кезеңі құрылысы да стратегиялық маңызға ие. Ынтымақ шағын ауданынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты алып жатқан нысанда көлік кептелісін азайту басты назарда. Бұл аумақ әрі әуежайға жеткізетін маңызды күре жолдың бірі.
Ол аталған нысанға 2020 жылдың қараша айында келген. Қоластындағы 35-40-қа жуық қызметкермен жұмысты ұйымдастырып, нысанды тұрғындар игілігіне тапсырды. Қазіргі таңда құрылыс компанияларына қойылар басты талап – жұмыстың сапалы атқарылуы.
– Бұл нысанда құрылыс жұмыстары 2020 жылы ақпан айында басталған еді. Қазір асфальттің бәрі толық салынып, негізгі жол 15 шілдеде ашылды. Енді айналма жолдың ішіндегі абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қалып тұр. Жаяу жүргіншілер жолағы, жол белгілері сызылады. Қалған жұмыстарды осы айдың соңына дейін аяқтаймыз. Жалпы айтқанда, мегаполистің жолдары талапқа сай сапалы болуы керек. Жылдан жылға жол құрылысында сапа артып келеді, – дейді құрылысты ұйымдастырушы маман.
Шаһарда айналма жолдар, жолайрықтар көлік кептелісін болдырмау мақсатында қолға алынып жатыр. Мегаполис қала үшін жол-көлік инфрақұрылымының маңызы ерекше. Ал жолдардың сапалы болуы көлік қатынасының жақсаруына, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмірінің жайлы болуына тікелей әсер етеді.
«Өзімді әрдайым жетілдіріп отырамын»
Кейіпкеріміз – кәсібіне адалдық танытып жүрген нағыз еңбектің адамы. 35 жастағы Қуанышбек Жақсыбекұлы бұған дейін де көптеген жол нысандарының құрылысына жауаптылық еткен. Атап айтқанда, БИІК стадионы аумағындағы Ақсүмбе көшесі, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізінің Түркістан және Жамбыл облысының (Қордай, Мерке) аудандарындағы маңызды стратегиялық нысандарда да қызмет атқарды. Еңбек жолын бастағалы тек осы жол саласында еңбек етіп келеді.
Жол құрылысының өзіндік қиындығы бар және жауапкершілігі орасан. Жұмысты қарқынды әрі сапалы жүргізіп, кестеге сәйкес тапсыру керек. Құрылыс барысында қауіпсіздікті сақтау да басты талап. Олар қысы-жазы, ыстықта да, суықта да үздіксіз жұмыс істейді.
– Мұнда іс жүргізуге жауаптымын. Құрылыстың қарқынды жүруі, сапалы атқарылуына жауапкершілік бізге жүктеледі. Жұмыс бригадаларына тапсырма беріп, құрылыс қауіпсіздігін, техникаларды қадағалаймын. Жұмысшылардың бәрі де өз жұмысына тиянақты. Барлығы да он жылдан бері осы салада еңбек етіп жүр. Құрылыс материалдары уақтылы жеткізіледі. Біз енді басшылардың, тұрғындардың сенім үдесінен шығуға бар күшімізді саламыз, – дейді ол.
Қуанышбек Тұңғышбаев 1988 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында дүниеге келген. Бала кезден құрылысшы болуды армандапты. Шымкент аграрлық колледжінде жерге орналастырушы, геодезия мамандығын бітірген. Одан кейін М.Әуезов атындағы ОҚУ-да жалпы құрылыс (ПГС) мамандығын тәмамдаған. Қазір – бәсекелестік заманы. Ол интернеттен дәрістер тыңдап, әрдайым өзімді дамытуға уақыт табатынын айтады. Жеке кәсіпкерлікті дамыту, жол саласындағы жаңа технологиялар, жаңа білім-біліктер жайында ізденеді. Жалпы прораб деген бесаспап маман болу керек. Кейде жұмысты дұрыс ұйымдастыруда шет тілдеріне де қажеттілік туындап жатады. Сол себепті қазіргі таңда ол ағылшын тілін үйреніп жүр.
Білікті маман бізге жол саласындағы жағдайды баяндап әрі қарамағындағы қызметкерлерге тапсырма беріп жатты. Негізгі жол ашылды, енді 4 жолақты жолда жасыл аймақ, аяқ жол салынып, жарық шамдар қойылады. Жан-жағын абаттандыру, көгалдандыру қажет.
Жол-құрылыстарында Қуанышбек секілді мамандар күндіз-түні еңбек етіп жатыр. Білікті маман бұл нысан құрылысын аяқтап, енді келесі құрылыс басына ауысады. Оның жұмысы қауырт. Ол бізбен әңгімесін аяқтап, жұмысшыларға тапсырма беруге асығып бара жатты.