Әл-фараби кітапханасының 7 бағыты таныстырылды Избранное

Пятница, 18 Сентябрь 2020 04:44 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 3774 раз

1384313 232748480217197 1096908193 n

Шымкент қаласы әкімдігінде қаланың рухани өміріндегі бірқатар маңызды жобалар көпшілік назарына ұсынылды. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімі аппарат басшысының орынбасары Рашид Мыңбаев қатысты.

Басқосуда үш маңызды мәселе, атап айқанда, «Отырар» ғылыми әмбебап кітапханасының атын ауыстыру және қайта жабдықтау, кітапханадағы қаламгерлердің жеке кабинеттерін қалада орналасқан басқа кітапхана ғимараттарына көшіру және аялдамаларды белгілі ғұлама ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлерінің шығармашылығы бойынша безендіру мәселелері зиялы қауым өкілдерінің талқысына түсті.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жобалардың маңыздылығына тоқталып өтті.
– Биыл елімізде Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы кең көлемде аталып өтілуде. Ғалымдар Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихы бар екенін дәлелдеп отыр. Қалада осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Негізгі мәселенің бірі – «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасын Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхана деп қайта атау. Биыл 26 мамырда кітапхана атауын ауыстыру туралы ұсынысқа өздеріңіз қолдау білдірдіңіздер. 27 тамызда республикалық ономастика комиссиясы оң шешім шығарды. Әл-Фараби атауын берудегі басты идея – бабамызды зерттейтін институт құрып, Шымкент қаласын Әл-Фараби орталығына айналдыру, – деді
Шыңғыс Жұмабекұлы.
Шымкент қаласы әкімі аппарат басшысының орынбасары Рашид Мыңбаев бұл бағыттағы концепцияны таныстырып өтті. Оның айтынша, қайта жабдықтау бойынша жұмыс тобы құрылған. Концепцияны жасауға әл-фарабитанушылар, тарихшылар, республикалық белгілі кітапханашылар тартылды. Концепция негізінен жеті бағытты қамтиды. Кітапхананың залдарын ұлы ойшылдың зерттеген ғылыми жеті бағытына арнау. Атап айтқанда, ақыл-ой ғылымдары, музыка, жаратылыстану, тіл ғылымдары, логика, құқықтану ілімдері бойынша безендіру жоспарланып отыр.
Жөндеу жұмыстары демеушілер есебінен жүргізіледі. Ғимаратты кіреберіс жері, сыртқы келбеті де жаңа кейіпке енеді. Ал кітапханадағы белгілі азаматтардың аудиторияларын басқа кітапханаларға ауыстыру ұсынылып отыр.
Әселхан Қалыбекова, Мархабат Байғұт, Нармахан Бегалиев, Ханбибі Есенқарақызы, Нариман Нұрпейісов, Қайрат Анарбаев, тағы басқа зиялы қауым өкілдері бұл өзгерістерді бірауыздан қолдады. Дегенмен, әлі де жетілдіре түсу қажеттігі жөнінде ой пікірлерін айтты. Жалпы кітапханадағы қаламгерлердің жеке кабинеттерін қалада орналасқан басқа кітапхана ғимараттарына көшіру мәселесін зерделеу қажет.
Бүгінде қалада 260-тан астам аялдама жаңарды. 145 аялдамаға демонтаж жасалды. Осы аялдамаларды тарихи тұлғалардың, ғұламалардың, қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың өмірбаянын, еңбектерін жас ұрпаққа таныстыру бойынша безендіру жобасы да көпшіліктің талқысына салынды. Бірқатар жоба эскиздері дайындалып отыр.
Жазушы Мархабат Байғұт жастар кітаптан алыстап кеткен заманда ақын-жазушыларды дәріптеу құптарлық іс екенін атап өтті. Дегенмен тізімді әлі де толықтыра түсу қажеттігін де меңзеді. Сондай-ақ, жиында аялдамаларды безендірумен қатар, дұрыс атауға көңіл бөлу қажет деген пікірлер де айтылды.