«КРИЗИС МЕНЕДЖЕРІ» Избранное

Среда, 14 Февраль 2024 04:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 171 раз

Екі мыңыншы жылдары қызмет бабымен «Жас Алаш» газетінен «Егемен Қазақстанның» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып тағайындалдым. Негізінен спорт тақырыбын қаузап жүрген кезім. Қиындау соқты. Бір күні облыс әкімінің орынбасары Дархан Мыңбай бауырым телефон шалып, Оңтүстік журналистикасының абызы Әсет Тілеукеев ағаның іздеп жатқанын айтты.

saparbaev-1

 

Бардым. Қадірлі ақсақал батасын берді. Қиналып жүргенімді сезсе керек.
- Қарағым, спортты әзірге қой. «Егемен Қазақстан» елдің бас газеті. Облыс өңіріндегі бар жаңалық сала-сала бойынша жазылу керек. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев деген жақсы азамат, көп іс тындырып жатыр. Облыстың жақсы атын шығаруға қызмет етіңдер, - деді.
Ақсақал әділін айтты. Бекеңнің келгеніне наразы топ бар екен. Қит етсе аяқтан шалуға әзір тұрғаны байқалады. Маған да шығып басқа әңгіме айтқысы келгендер болды. Кейін бәрі дұрысталды.
Өйткені, облыс басшысының бөтен әңгіме тыңдауға уақыты жоқ еді. Күрделі кезең. Оңтүстіктің атағы шыққан зауыт-фабрикалары жаппай банкрот болып, талан-таражға ұшыраған. Жұмыссыздық дендеп тұр. Елдің еңсесі түсіп кеткен. Шағын нысан ашылса алақайлап алаштап сүйінші сұрайтын уақыт.
Облыс әкімі араға апта, ай салып екі қабатты автобусқа әкімдер мен журналистерді салып алады да, аудан-қалада істеліп жатқан жұмыстарды саралайды. Халықпен кездесіп, өтініштерін тыңдайды. Оны қаттап, кезең-кезеңімен атқарылуын қадағалайды.
Осы жұмыстармен әкімдердің рейтингі таразыланады. Былай айтқанда, баяғы социалистік жарыс. Әкімдер барын салды. Баяғы «Созақ көтерілісінен» кейін Созақ өңірінен әкім шықпаған екен. Сапарбаев тағайындаған Созақбай Әбдіқұлов «ҚазАтомПром» ұлттық компаниясының президенті Мұхтар Жәкішовпен облыс әкімі арқылы келісімге келіп, уран өндіріп жатқан кәсіпорындарды ауданға тіркетті. Мектеп, аурухана, спорт кешендері және балабақшалардың салынуынан бөлек, депрессивті аудан танылған Созақ бір мезетте донор ауданға айналып шыға келді.
Төле би ауданының әкімі Қалыбек Алдабергенов «Тағайна» мектебінің асар әдісімен салған нысанын бір сапарда көрсетті. Сол-ақ екен, бүкіл аудан қала мектеп, аурухананаға керекті жапсарлас ғимараттарды арзан құрылыс материалы, тегін жұмыс күшімен шешіп алды.
Сарыағаш ауданының шаруақор әкімі Жамбыл Байғонов Қытайдан арзан әрі қолайлы техникалар алдырып, шаруалардың еңбек өнімдерін көтерді.
Ордабасы ауданының іскер әкімі Ислам Әбішев шаруашылықты көтерумен бірге көшеге гүл егіп, көшет, тал егіп жайнатып тастады.
Алғашқыда ешкілер жеп кете берген екен. Исекең күледі. «Жесе де еге бердім. Бір күні ешкінің өзі ұялды, не егесі ұялды. Көшеде мал жүрмейтін болды», деп. Алғаш аудан орталығында субұрқақты іске қосқан да осы әкім.
Облыстағы әр әкімнің осындай жұмыстарын жалғай беруге болар еді.
Бюджетте ақша аз болғанымен, істелетін жұмыстар көп еді. Өмірге «Туған жерге тағзым» акциясы келді. Қалталы азаматтар өз аудан, ауылын көркейту үшін қаржы бөлді. Құрылыстар салды. Оңтайсыз жекешелендіру кезінде су тегінге алып қойған ғимараттарын мемлекет меншігіне өткізді.
Бердібек Сапарбаевтың тұсында «Түркістанның 1500 жылдығы» мемлекеттік деңгейде өтті. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы тәтті жемісін жегізді.
Оңтүстікті жылусыз, жарықсыз қабылдап алып, бақуатты өңір деңгейіне көтерген Бердібек Сапарбаевтың кейіннен «Кризис менеджері» деген жақсы атағы шықты.
Шығыс Қазақстан облысына барды. Кейін қызмет ауыстырғанда орыс-қазағы ұлардай шулап әуежайға барды. Алғысын айтты.
Ақтөбе облысына барды. Жұрт әуежайды байқап қалып, сүйікті әкімін зор құрметпен шығарып салды.
Жамбыл облысын басқарды. Халық ат мінгізіп, шапанын жауып рахметін айтты.
Елден шапан кимек түгілі қызметінен тығылып кеткендей болған әкімдерді де көрдік қой. Ел жақсылықты ұмытпайды. Бердібек аға бүгінде мәңгілік мекеніне аттанғанымен оның аты Қазақстан тарихында қалады.

Бақтияр ТАЙЖАН,
ҚР Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.