«Ел жарасты көрінер, еңбегі жанған ерімен» Избранное

Пятница, 29 Сентябрь 2023 03:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 315 раз

Қалалық Жастар ресурстық орталығында «Сенім қадамы» жобасы аясындағы «Еңбек адамы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен «Жалынды жастар» қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырған байқауға 100-ге жуық өтінім түскен еді.

281

 

Арнай комиссия отырысының шешімімен ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп жүрген қоғамдық өмірге бағытталған түрлі еңбек саласының 10 үздік қызметкері анықталды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жеңімпаздарды құттықтап, өз саласының үздіктеріне алғысын жеткізді.
– Ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегі ескеріліп, бүгінгі байқауда үздік деп танылып отырған барлық номинанттарды шын жүректен құттықтаймын! Кез келген елдің дамуы еңбекке тікелей байланысты екенін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік болуы тиіс. Әрбір азаматы еңбекке бейім болса, елдің берекесі кіріп, ырысы молайып, өзгелермен терезесі теңеледі. Сондықтан Еңбек күнінің қарсаңында өткізіліп отырған бүгінгі байқаудың мақсаты – еңбек құндылығын дәріптеу, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру.
Сіздер өз істеріңізге жауапкершілікпен қарау, кәсіби біліктілік пен шеберліктеріңізді шыңдай түсу арқылы жас ұрпаққа тамаша үлгі-өнеге көрсетіп келесіздер. Сіздерге зор денсаулық пен отбасыларыңызға бақ-береке тілегім келеді. Әрқашан адал еңбектің жемісін көріп, абырой биігіне көтеріле беріңіздер, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

280

Биылғы байқауда «Үздік әкімшілік шаруашылық қызметкері» номинациясымен Сабыр Маханов, «Үздік тәрбиеші номинациясы» Роза Ажанова, «Үздік қоғамдық көлік жүргізу саласының қызметкері» номинациясы Асқар Жүнісбекұлы, «Үздік тәртіп сақшысы номинациясы» Жеңіс Орынбайұлы иемденді. «Үздік өрт сөндіру саласының қызметкері» номинациясына Калипа Садықова, «Үздік медицина қызметкері» номинациясы Жанат Жолымбекова, «Үздік кәсіпкер» номинациясы Жақсыбай Кенжебаев, «Үздік медицина қызметкері» номинациясы Марат Бақтыбай, «Үздік тазалық саласының қызметкер» номинациясына Таныштық Сүлейменова лайық деп танылды. Ал «Үздік ұстаз» номинациясы бойынша Азиза Жұмабекова марапатталды.
Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы «Шын мәнінде, қандай жұмыс істеп жүргенің емес, оны қалай істеп жүргенің әлдеқайда маңызды. Министр немесе әкім болсын, құрылысшы, дәрігер, мұғалім болсын, ең бастысы, әркім өз міндетін адал атқаруы керек. Нанын адал еңбекпен табуы қажет. Нағыз еңбек адамы дегеніміз кім? Бұл ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деп атап өткен болатын. «Сенім қадамы» жобасы аясындағы «Еңбек адамы» байқауының жеңімпаздары – нағыз еңбек адамдары, ел мақтанышы!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.