ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСҚА – 30 ЖЫЛ Избранное

Среда, 28 Сентябрь 2022 04:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 539 раз

Шымкентте Қазақстан және Өзбекстан Республикалары арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнатылғанына 30 жыл толуына орай халықаралық конференция өтті. «Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық қатынастарды дамытудағы рөлі» тақырыбы аясында өрбіген басқосу Достық үйінде ұйымдастырылды.

263

 

Жиынға ҚХА Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы ұлтаралық келісім және шет ел мемлекеттерімен достық байланыстары комитеті төрағасының орынбасары Азамат Ташев, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы бас консулы Аброр Фатхуллаев, Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар ісері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов және зиялы қауым өкілдері, ардагерлер этомәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Қазақстандағы өзбек этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов жүргізіп отырған мәжілісте алғашқы баяндаманы ҚХА Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов жасады.
– Түбі бір бауырлас елдер арасындағы берекелі бірлік жолын жалғауды көздеген халықаралық конференцияның маңызы зор. Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығы ұйытқы болған жиынның шырайлы Шымкентте өткізілуі тегін емес. Екі ел арасындағы байланысты нығайтуда Шымкент қаласының да орнын атап өткен жөн деп санаймын. Баршаңызға мәлім, 1992 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орын алып, көршілес елдер арасында мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылды. Биыл Қазақстан және Өзбекстан арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнатылғанына мерейлі 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде бауырлас елдер арасындағы байланыс тек сөзбен емес, нәтижелі істермен де дәленденді. Екі ел арасындағы тамыры тереңде жатқан бекем байланыс бүгінде барлық салада қарқынды дамып, жаңа деңгейге көтерілді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік байланыстың нәтижесінде екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі биыл 27 пайызға артты. Экономикалық байланыстар гуманитарлық әріптестікпен жалғасын тауып, білім, мәдениет, руханият салаларында өзара сенім мен құрметке негізделген ынтымақтастығымыз артып отыр, – деді Марат Алмасұлы.
Бұдан кейінгі сөзді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар ісері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов алды.
–Конференция халықаралық байланыстарды нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін ашып көрсетуге арналған. Ортақ мүдде мен өзара сенімге негізделген әріптестік қашан да бейбіт күніміздің кепілі. Қоғамдағы өзара сенім, азаматтық келісім және ел бірлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты болып қала береді, – деді Мұратжан Шүкірханұлы.
Жиын барысында Өзбекстаннан келген мәртебелі қонақтар мен Қазақстанның, Шымкенттің зиялы қауым өкілдері сөз алып, екі ел арасындағы байланыстың тамырын тереңдетудің маңызы туралы пікірлерін бөлісті.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.