– Майра Қасымқызы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік осал топ өкілдеріне жататыны белгілі. Қаламызда осы санатқа жатқызылған қанша адам тіркеуге алынған?
– Шымкентте қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі 37 337 азамат бар. Оның ішінде І топта – 3 411, ІІ топта – 17 717 және ІІІ топта
12 335 адам бар. Ал 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың саны 6 844 мыңды құрайды. Жалпы, мүгедектігі бар тұлғаларды қолдауға бюджеттен қаржы бөлінеді. Биыл осы санаттағы азаматтарды қолдау шараларына 5,11 млрд теңге қарастырылып отыр. Өткен жылы оның көлемі 3,7 млрд теңге болған еді.
– Осы санаттағы азаматтарды қолдауды жеңілдету үшін бірер жыл бұрын әлеуметтік қызметтер порталы құрылған болатын. Сол порталдың негізгі қызметі мен тиімділігі туралы айтып өтсеңіз.
– Әлеуметтік қызметтер порталы мемлекетіміздегі мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарды жүзеге асыру аясында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған портал, ең алдымен, техникалық оңалту құралдарының және арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынуға арналған бизнес-процестердің мерзімін қысқартуға мүмкіндік беруде. Сондай-ақ, қызметтер мен оңалту құралдарын алушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келмей қалуы сияқты келеңсіздіктерді шешеді. Ең бастысы, мұқтаж жандар өздеріне қажет тауар мен қызмет түрін өзі таңдай алады. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдардың өтініштеріне сәйкес техникалық жабдықтар мен оңалту қызметтерінің белгіленген құнын өтеу механизмі көзделген. Ал, бағасы қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдаған кезде қосымша төлемдерді мұқтаж жанның өзі төлеу қызметі де бар.
– Портал арқылы қазіргі таңда нақты қандай қызмет түрін алуға болады?
– Мұқтаж жандар, мысалы, протездік-ортопедиялық, дыбыстық техникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, кресло-арбалар, жеке көмекшілер, ымдау тілі мамандары және санаторий-курорттық емделудің қызметтерін ала алады. Мысал келтіріп кетейін. Жыл басынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардан портал арқылы сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға 8 мыңнан астам өтініш қабылданып, 5 116 дана құралмен қамтылған. Сондай-ақ, 18 «Инватакси» көлігіне 384 өтінім қабылданып, бүгінгі таңда қызмет көрсетілуде. Әлеуметтік порталға әр тұлға өзінің жеке ЭСҚ арқылы тіркеледі.
– Ал интернет желісі, смартфондары жоқ адамдар порталды қалай пайдалана алады?
– Қаладағы жұмыспен қамту орталығында және оның аудандардағы бөлімшелерінде арнайы өзіне өзі қызмет көрсету аймақтары бар. Сондай-ақ, жауапты мамандар отырады. Олар оңалту жабдықтары мен қызметтерін таңдау құқығын жүзеге асыруға көмектеседі.
– Сұхбатыңызға рақмет!