ЖАСТЫҢ ТІЛЕГІ, ҚАРТТЫҢ БАТАСЫ ҚАБЫЛ Избранное

Пятница, 26 Январь 2024 05:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 624 раз

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қалалық ардагерлер кеңесінің отырысына қатысты. Қала әкімі ардагерлер және зиялы қауым өкілдерімен кездесуде атқарылған жұмыстар және жоспарлармен таныстырып, кеңес мүшелерінің ұсыныс, талап-тілектерін тыңдады. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев ұйымның тыныс-тіршілігін баяндап, биылғы жұмыс жоспарларынан хабардар етті. Бүгінде қалада 90 мыңнан астам ардагер бар.

apdager-1

 

Қала ардагерлері қазіргі таңда қоғамдық және саяси іс-шараларда белсенділік танытып келеді. К.Төлебаев биыл халықаралық әйелдер мейрамына орай, 8 наурыз мерекесіне арналған мазмұнды іс-шара өткізу жоспарланып отырғанын баяндады. Былтыр қала ардагерлері алаш баласының қасиетті мекені Ұлытауға саяхаттап қайтса, биыл сәуір айында Самарқан қаласына зиярат етіп қайтуды жоспарлап отыр.

apdager


Қала әкімі шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындарға қолайлы жағдай жасаудағы жұмыс бағыттарын баяндап, ардагерлерді осы мақсатта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– Өздеріңізбен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Басты мақсат – ардагерлердің тыныс-тіршілігімен танысып, ұсыныстарыңызды, ой-пікірлеріңізді тыңдау. Ағалық кеңестеріңіз жұмыс жоспарларын жүйелеуге де өз септігін тигізеді. Қалада барлық салада қарқынды жұмыстар жүзеге асуда. Мемлекет басшысы таяуда өздеріңізге ыстық сәлемін жолдады. Нақты тапсырмалар берді. Қазіргі уақытта қаланың бас жоспары бекітіліп, соған сай жұмыстар атқарылуда. Жаңа әуежай терминалы, Шымкент сити шағынауданында конгресс-холл, саябақ құрылысы аяқталуға жақындады. Инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда оң нәтижелер бар. Қаланы дамыту бағытындағы өздеріңіздің ұсыныстарыңызды әрдайым қолдаймыз, – деді қала әкімі.
Жиында ардагерлер кеңесінің мүшелері әлеуметтік мәселелерді шешу, идеологияны жақсартуда бірқатар ұсыныстарын айтты. Шаһарда ауқымды жұмыстар іске асырылып жатқанын айта келе, бірқатар тарихи тұлғаларға ескерткіш қою, қаланың «Құрметті азаматтары» аллеясын ретке келтіру және тағы басқа ұсыныстарын жеткізді. Мемлекет және қоғам қайраткері О.Рахманбердиев халықтың тұрмыс-жағдайын жақсарту, жұмыс орындарын көптеп ашу, жалпы шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін алға тартты.
Қала әкімі ардагерлердің ұсыныстары зерделеніп, тиісті жұмыстар қолға алынатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, қала әкімі қарттарға арналған «Белсенді ұзақ өмір орталығы» мекемесінің жұмысымен танысты. Мұнда өткен жылы жалпы 12000-ға жуық зейнеткер қызмет алған. Бүгінде күнделікті 700-ге жуық қартқа қызмет көрсетілуде.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.