Жел сөзге емес, ресми ақпаратқа сеніңіз Избранное

Среда, 24 Январь 2024 05:08 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 541 раз

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Еркін Отарғалымұлы сейсмикалық жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік шаралары бойынша баспасөз брифингін өткізді. Еркін Отарғалымұлы Шымкентте жағдай тұрақты екенін мәлімдеп, ықтимал жағдайға байланысты дайындық шараларынан хабардар етті.

shs

 

– 23 қаңтар күні, сағат 00:09 минутта Алматы қаласының аумағында жер сілкінісі тіркелді. Осы жер сілкінісінің салдарынан Шымкентте 2 баллдық дүмпу сезілді. Төтенше жағдайға байланысты департамент негізінде бүгінгі таңда қалалық жедел штаб құрылып, қаланың азаматтық қорғау қызметі жұмылдырылды. Штабтың басты мақсаты – болжамды жұмыс істеу, яғни, ықтимал жағдай кезінде әрекет етуді үйлестіру және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету бойынша қажетті сұрақтарды пысықтау.
Жер сілкінісінен қала аумағында зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, қирау немесе ғимараттардың бүліну фактілері тіркелмеді, – деді департамент басшысының орынбасары.

Еркін Отарғалымұлы қала тұрғындарын ресми ақпаратқа сенуге және соған сәйкес әрекет етуге шақырды. Қазіргі уақытта құзырлы мемлекеттік органдар алгоритмге сәйкес қызмет атқаруда. Қажетті қорлар қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, департамент басшысының орынбасары жер сілкінісі кезінде тұрғындардың әрекеті ету тәртібін баяндады.
Жер сілкінісі кезінде мамандар мына амалдарды орындауға кеңес береді:
- ғимараттан шығыңыз (сізде 15-20 секунд уақыт болады);
- егер сіз жоғарғы қабатта болсаңыз, кіреберіс есіктің саңылауында тұрыңыз немесе балаларды құшақтап, негізгі қабырғалардың бұрышына отырыңыз;
- ешбір жағдайда терезенің жанында тұрмаңыз және балконнан секірмеңіз;
- сыртта жүрсеңіз, ғимараттардан, құрылыстардан, бағаналардан және қоршаулардан алыс болыңыз;
- үйге кірмеңіз, жер сілкінісі қайталануы мүмкін;
- лифттерді пайдаланбаңыз;
- сіріңке, шам жақпаңыз:
- сымдарды ұстамаңыз;
- зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіңіз.
Атап өтейік, 23 қаңтар түнгі сағат 00.09-де Алматыда бірнеше толқынмен жер сілкінісі тіркелді. Алғашқы дүмпу 5 баллға жеткен.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.