Бүгінгі Астана – бүкіл әлем көз тіккен, сәні мен салтанаты келіскен алып шаһар. Тұрғындарының саны миллионнан астам. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өскен. 20 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан қаланың өзіндік тарихы бар. Бір кездері аңызақ далада жаңадан бой көтерген шаһардың адам танымастай өзгергеніне бүкіл әлем куә болып отыр. Біле білсек, осыдан он жыл бұрын Елорда халқының саны небәрі 280 мың адам болатын.
Расында, жаңадан қала салу көп қажыр-қайратты талап етеді. Оның үстіне ел астанасының жаңадан іргетасын қалау асқан жауапкершілік. Астана бүгінгідей кезеңге бірден қол жеткізе салған жоқ: Елбасының батыл шешімдер қабылдауы, отандық және шетелдік инвесторлардың құрылысқа күш салуы, ел халқының қолдау көрсетуі – бәрі-бәрі ұмытылмас тарих.
Астана құрылысы қалай басталып еді? Бастапқы кезеңдегі әлеуметтік жағдай ше? Мұның бәрі де тарих беттерінде тұр. Біз осынау қиын да күрделі кезеңді бастан өткерген қаланың тарихын тағы біреске түсіруді жөн көрдік.
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан бастап болашақтағы жаңа елорданы іздестіру басталғаны белгілі. Болашақ астананың әртүрлі нұсқалары айтылды: Қарағанды, Ақтөбе, Жезқазған...Солардың ішінде Ақмола әлеуетті елорда ретінде халықаралық стандарттар бойынша қойылатын барлық 32 талапқа сай келді: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмикалық шарттар, қоршаған орта, инженерлік және транспорттық инфрақұрылым, еңбек ресурстары, геосаяси аспектілер, т.б.
Біріншіден, бас қала елдің географиялық дәл орталығында орналасты. Екіншіден, Ақмоланың көліктік қатынас жолдары ыңғайлы еді. Яғни, әуе жолы, теміржол мен автомобиль магистральдарының қиылысқан тұсында орналасты. Үшіншіден, қала төрт бағытқа қарай өсе алатын еді. Төртіншіден, мұнда сейсмикалық қауіп жоқ. Бесіншіден, қаланың Есіл өзенінен жиналатын орасан зор су қоймасының болуы әсер етті. Алтыншыдан, жаңа елорданы таңдау геосаяи себептерден де туындады, демографиялық және елдің қауіпсіздігі сияқты мәселелер де шешімін бірден тапты. Ақмоланың таза әрі желдетілетін, жазық жерде орналасқан қала ретінде экологиялық тұрғыдан да ұтымдылығы басым болды.
Елордасын Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданған кезеңде қалада небәрі 280 мың ғана адам тұратын еді. Иә, Астана бірден дәл бүгінгідей бола қалған жоқ. Бұл Елбасының және жаңа мегаполистің құрылысына барын салған азаматтардың орасан зор, жанкешті еңбегінің арқасында жүзеге асты. Қаражат жағы тым тапшы. Тәуекелшіл қадамдарға бару керек-тін. Кешіктіруге әсте болмайды.
1998 жылды республикамыз жаңа елордамен қарсы алды. Бұл жаңа, орасан зор ауқымдағы және бұрын-соңды болмаған қысқа мерзімде іске асырылған мегажобаның бастамасы болды. Екі жылдан да аз уақыттың ішінде қолданыстағы әкімшілік ғимараттар қайта жаңарды. Көшірілген мемлекеттік қызметкерлер үшін жедел түрде жаңа үйлер тұрғызылып, 3200 пәтер пайдалануға берілді. Қалаға мемлекеттік аппараттың қызметкерлері, сәулетшілер, еліміздің күллі өңірлерінен экономиканың барлық сала мамандары көшіп келді. 1998 жылдың өзінде жаңа елордаға көшіп келгендердің саны 14 мыңға жетті. Олардың дені 20 мен 40 жас аралығындағы жастар еді. Арасында тағдырдың жазғанымен тарихи отанынан аулақта өмір сүруге мәжбүр болған қазақ диаспорасының өкілдері де бар. Қалаға ауылдық елді мекендердің тұрғындары жаппай көше бастады. Әсіресе, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарынан адамдар ағыны күшейе түсті.
Қала біртіндеп техникалық және гуманитарлық интеллигенцияның шоғырланған орталығына айналды. Еліміздің әр түрлі аймақтарынан және шетелдерден ең батыл және тәуекелге бел буған адамдар ағылып келе бастады.
Жаңа Елорданың құрылысын салуға ел басшылығы шетелдік инвесторлардан пайызсыз несиелер алды. 200 миллион долларға жуық өтеусіз инвестициялар тартылды. Жаңа елорданы тұрғызуға көмек қолын созғандар – Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Катар және АҚШ сияқты мемлекеттер.
Елорда Астанаға көшірілгеннен кейінгі алғашқы жылдың өзінде Президент бастамасымен еліміздің бас қаласының эскиз-идеясын жасауға халықаралық байқау жарияланды. Н.Назарбаевтың бұл ұсынысына әлемнің 50-дей көрнекті сәулетшісі үн қатты. Жалпы, 40-қа жуық өтінім келіп түсті. Байқау нәтижесі бойынша әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава жеңімпаз атанды. Жапон сәулетшісінің құнды ұсыныстарының негізінде қаланың 2030 жылға дейінгі дамуының бас жоспары жасалды. Астананың сәулеттік келбетін жоспарлауда Қазақстан мен Жапонияның сәулетшілерінен бөлек Германия, Ұлыбритания, Болгария, Швейцария, Шығыс елдері және тағы басқа бірқатар мемлекеттердің танымал мамандары қатысты.
2001 жылы 15 маусымда ҚР Үкіметінің Қаулысымен Астана қаласының бас жоспары бекітілді. Бірақ кейіннен оған ұлттық нақыштағы колоритті қосуға байланысты кейбір өзгерістер енгізілгені мәлім.
Жұмыс осылайша қыза түскен. Биіктігі символикалық тұрғыда 97 метр «Астана-Бәйтерек» монумент-ескерткіші, Есілдің сол жағалауында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының әсем ғимараттары бой көтерді. Көлік және коммуникация министрлігінің биік ғимараты, Қорғаныс және Сыртқы істер министрліктерінің, Ұлттық кітапхана мен мұрағаттың ғимараттары салынды. Ақорда маңынан Парламент Сенаты мен мәжілісінің, Үкіметтің және тағы да бірқатар үкіметтің ұйымдардың ғимараттары тұрғызылды.
Президентіміздің абырой мен беделінің арқасында шет мемлекеттер мен жеке фирмалар жаңа елорданың құрылысына қаржылай қолдау көрсетті. Елорданы оңтүстіктен солтүстікке көшірудің алғашқы жылдары туралы Президент Н.Назарбаев «Еуразия жүрегінде» кітабында: «Егер гранттар мен өтемсіз инвестициялар есебінен салынған обьектілерді жай ғана санамалап шықсақ, әжептеуір тізім болар еді. Мысалы, Президент Ақордасы Әбу Даби даму қорының гранты есебінен салынды. Парламент Сенатының ғимараты Сауд Арабиясының гранты есебінен бой көтеріп отыр. Ұлттық кітапхана «Аджип» және «Қарашығанақ Петролеум» инвестицияларының есебінен жасалуда. «Нұр Астана» мешіті Катар мемлекетінің гранты есебінен тұрғызылды. Астана қаласы әкімдігінің ғимаратына Кувейт қоры грант бөлді» деп жазады.
Сондай-ақ, Астананың қарыштап дамуы Қарағанды, Алматы, Павлодар, Атырау, Шымкент және т.б. қалаларындағы құрылыс саласының қарқындауына ықпал етті.
Жаңа елорданың көркіне бүгінгі заманның саясаткерлері, кәсіпкерлері, көрнекті өнер, сәулет, мемлекет және қоғам қайраткерлері тамсана таңдай қағады. Астана өзінің шамамен 20 жылға жуық қарқынды дамуының нәтижесінде әлемдегі едәуір көрікті қалалардың біріне айналып отыр.
Елорда тарихына үңілгенде мына бір жағдайды да айта кеткен жөн. Елордамыз Алматыдан Ақмолаға көшкен соң қала көшелерінің атауын өзгерту үдерісі қолға алынды. Бұл қадам коммунистік, отаршылдық көзқарастардан арылту мақсатында жасалған еді.
1997-1999 жылдар аралығында қаланың ондаған көшелерінің атауы ауыстырылды: Катченко – Манас, К. Маркс – Кенесары, Октябрьская – М.Әуезов, Комсомольская – Желтоқсан, Ленин – Абай, Орджоникизде – Отырар, Буденный – Қорқыт, Куйбышев – Баянауыл, Микоян – Сырдария, Монин – Ақжайық. Телмань – С.Торайғыров, Шмидт – М.Дулатов, Социалистическая – М. Х. Дулати, Крупская – Ш. Бөкеев, Красноармейская – Т.Рысқұлов, Первомайская – Қарасай батыр, Авдеев – Ш.Уәлиханов, Литейная – Иманжүсіп болып өзгетілді.
Астана – Президентіміздің төл перзенті. Бұл жайында Елбасының өзі: «Бірінші күннен бастап мен бұл қалаға барлық жан-тәнімді және жүрегімді салдым. Әр ғимаратты, әр тасты өзімнің қолыммен ұстағанмын. Астана – бұл менің мақтанышым, менің қамым, ал жаман болса менің уайымым да. Астана менің туған перзентім сияқты менің өмірімнен орын алды. Ең бастысы, Астана қала ретінде қалыптасты. Танылды» деген еді.
Бүгінде Астанада шамамен 100 мектеп, 20 коллдеж, 20 жоғары оқу орны, 10 театр, 30-дан астам емхана мен аурухана жұмыс істейді. Олардың барлығы елордамыздың беделіне және оның азамататрының әлеуметтік-мәдени деңгейінің өсуіне елеулі үлес қосып отыр.
(Деректер белгілі тарихшы
З.Қабылдиновтың
«Астана тарихы» кітабынан алынды)