Ербол ДАЙРАШҰЛЫ, «Ернияз» медиа тобының жетекшісі: «Мемлекеттік рәміздерді дайындау – үлкен мәртебе» Избранное

Пятница, 03 Июнь 2022 03:46 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3761 раз

2006 жылы қарапайым ғана компьютерлік қызмет көрсету орталығынан бастау алған «Ернияз» өндірістік фирмасы қазіргі таңда Шымкенттегі баспа саласының үздіктері қатарынан көрініп жүр. Бүгінде ҚР мемлекеттік рәміздерін өндірумен де айналысып, өңірдегі мекемелерді сапалы әрі стандарттарға сай өніммен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір мекеме. 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында «Ернияз» медиа тобының жетекшісі әрі негізін қалаушы Ербол ДАЙРАШҰЛЫМЕН аз-кем сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

508

 

— Ербол Дайрашұлы, бүгінде тек шымкенттіктер үшін емес, Оңтүстік өңірінің сұранысын қамтамасыз етіп отырған өндірістік фирманы басқарып отырсыз. «Ернияз» өндірістік фирмасының құрылу тарихы мен тыныс-тіршілігін таныстырып өтсеңіз. Сондай-ақ, кәсібіңізді дамытып, кеңейту үшін мемлекеттік бағдарламаларға жүгінген кезіңіз болды ма?

— Иә, компьютер екінің бірінен табыла бермейтін кезеңде, 2006 жылы қызмет көрсету орталығын аштық. Компанияның негізі ел тәуелсіздігінің 15 жылдығы қарсаңында қаланған екен. Мемлекетімізбен бірге дамып, еңбекпен өсіп келеміз. 2009 жылдан бастап полиграфия, типография және жарнама ісін қолға алып, кәсіпті ары қарай дамыта түстік. Бүгінде облыс, қала берді республика шеңберінде көлемді тапсырыстарды қабылдай алатын өндірістік фирмаға айналдық. Сондай-ақ, 20 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Ал кәсібімізді дамыту үшін бір рет «Даму» бағдарламасы арқылы мемлекеттен көмек алдық. Бизнесті қолдауға бағытталған бұл қаржыны өндіріске қажет заманауи қондырғы алуға жұмсадық.

— «Ернияз» өндірістік фирмасы — өңіріміздегі мемлекеттік рәміздерді өндірушілердің бірегейі. Мұндай жауапкершілігі мол істі қай уақыттан бастап қолға алдыңыздар? Қателеспесек, мемлекеттік рәміздерді өндіру үшін арнайы лицензия талап етіледі.
— Баспа ісін қолға алған уақыттан мемлекеттік рәміздерді көрнекілік құралдарына басып келсек, 2013 жылы мемлекеттік рәміздерді өндіруші ретінде танылдық. Яғни, Мемлекеттік ту мен Елтаңбаны белгіленген стандарттарға сай жасау құқығына ие болдық. Осылайша өңірдегі мемлекеттік рәміздерді өндіру құқығына ие бірден-бір компания атандық. Бұл – біздің өндіріс компаниясы үшін үлкен мәртебе. Себебі, өндірістің бұл саласы арқылы тұтынушыларымыз көбейіп, компанияның танымалдылығы артты. Бүгінде мемлекеттік рәміздер бойынша тұрақты тұтынушыларымыз қалыптасты, яғни мемлекеттік, бюджеттік мекемелермен, ұйымдармен тығыз байланыстамыз.

509

 

— Кәсіпкерлік өрісін кеңейтуде ең қымбат қасиет – ізденімпаздық. Мемлекеттік рәміздерді стандарттарға сай өндіріп қана қоймай, оны түрлі бағытта дамытып келесіздер. Мысал ретінде мемлекеттік мекемелерге, білім беру ұйымдарына арналған мемлекеттік рәміздер бұрышын ұйымдастыру идеясын алсақ болады.
— Иә, саланы дамытуда, әсіресе, өндіріс орнында ізденімпаздық – керек қасиеттің бірі. Дегенмен, мемлекеттік рәміздер белгіленген талаптарға сәйкес дайындалады. Өндірілетін материалы, өлшемі, түсі – барлығы стандарттарға сай сақталады. Қазір мемлекеттік рәміздердің насихатын арттырып, мекеменің ішкі интерьерін үйлестіруде дизайнерлік машықты пайдалана отырып арнайы стенд, стеллаждар шығарып жүрміз. Мұнда да лицензияға сай барлық талаптарды сақтап, стенд, стеллаждарды үйлесімді қазақы оюлармен, заманауи безендіру үлгілерімен әрлеп, ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылған.

— Сіз замандастарыңыздың арасында креативті басшы ретінде танылып жүрсіз. Жалпы, ұжымның үлкен-кішісі болмайды. Жұмыс алға басып, нәтижеге қол жеткізу үшін басшының бойынан қандай қасиеттер табылуы тиіс және мамандарға қандай талап қоясыз?
— Бүгінде трендке айналған креатив сөзі жаңашылдық деген мағына береді ғой. Әрине, кәсіп ашып, оны дамытып отыру үшін заман ағымынан қалмай, керек десеңіз, онымен иық тіресіп жүру үшін жаңашылдық қажет. Яғни, жаңашылдық – кәсіпті дамытудың ажырамас бөлігі. Онсыз даму мүмкін емес. Өзің қатарлы компаниялардың арасында жұтылып кетпей, оқ бойы озық болу үшін әрдайым ізденісте жүреміз. Ал ізденіс өзіңді дамытудан басталады. Қазіргі уақытта жеке басыңды дамыту арқылы мамандығыңа да түрлі өзгеріс әкелуге болады. Бір ғана кәсіпкерлік саласында емес, мемлекеттің даму жолы да ауқымды өзгерістерге бет бұрып жатыр. Халық дамуының, сұраныс-талаптың өсуіне, талғамның артуына қарай өндірушінің жұмысты жаңа бағытта ұстауы, басқару тетіктерін оңтайландыруы маңызды. Ізденіс жоқ жерде өсу де жоқ. Біздің компания командалық жұмысқа ерекше мән береді. Себебі, жұмыс жүріп, алға басу үшін қолыңда заманауи, соңғы үлгідегі технология болуы маңызды емес. Бар жетістікті технологияның, құрал-жабдықтың мүмкіндігімен байланыстыратын кезең өтті. Маңыздысы – сол технологиямен жұмысты жүргізетін сапалы кадр. Яғни, өз ісінің майталмандарынан, білікті мамандардан құралған командаң болса, алынбайтын қамал жоқ. Тек басшы емес, сол команданың мүшесі ретінде біте қайнасып, атқарылған жұмыс нәтижелі болмақ.

— Кейінгі уақытта өнер жұлдыздарының сахнадағы бейәдеп әрекеттері қоғамда резонанс тудырып отыр. Сіздің ойыңызша, ұлтжанды, мемлекеттік құндылықтарымызды дәріптейтін саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін не істемек керек?
— Иә, мұндай өрескел, бейәдеп әрекеттерді түбегейлі болдырмауда негізгі үш мәселені қолға алу керек деп есептеймін. Ол – талап, тәртіп, мәдениет. Яғни, талап қою арқылы тыйып, тәртіпке шақырып, мәдениет сақтау қажет. Жалпы, саналы, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – өте кең ұғым. Оны былай жасау керек немесе осы бір әрекетпен шешіп тастаймыз деп айту өте қиын. Жоғарыда айтылғандай келеңсіздіктер елімізде ұлттық идеологияның әлсірегенін көрсетеді. Ал идеология басшылықтың айтуымен, басқарумен емес, отбасы институты мен білім беру ұйымдары арқылы даму керек. Яғни, ата-ана баланың балабақша мен мектептен алған білімін отбасындағы тәрбиемен ұштастырып, ұлттық құндылықтарымызды, тіліміз бен тарихымызды бойына сіңіріп, мемлекеттік рәміздерімізді дәріптеуді үйрету керек деп ойлаймын. Дұрысы осылай ғой деп жөн сілтей салатын нәрсе емес. Жалпы, идеология «өрмекшінің өрмегінен нәзік, шыныдан жұқа» ұғым. Оның тереңіне үңіліп, салдарымен емес, себебімен күрескен абзал.

— Әңгімеңізге рақмет!

Последнее изменение Среда, 15 Июнь 2022 20:45