Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстанның құрметті судьясы: ШЫН СУДЬЯНЫҢ ОЙЫ ҒАНА ЕМЕС, ЖҮРЕГІ ДЕ ТОЛҒАНЫСТА БОЛАДЫ Избранное

Пятница, 03 Июнь 2022 03:38 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3566 раз

– Бекет Тұрғараұлы, бүкіл саналы ғұмырыңызды судьялық қызметке арнадыңыз. Судьялық деген тек біреуді жазалау немесе ақтау ғана емес қой. Сіз шығарған үкімдер мен шешімдер адамдардың тағдырын шешіп, өмірін басқа арнаға бұрып жатты. Осынау жауапкершілік жүгі адамға ауыр тимей ме?

– Иә, адам жанын аршалап қалу міндетін мойнына алған дәрігердің жауапкершілігі қандай ауыр болса, судьяның мойнындағы жауапкершілік те содан бір мысқал кем емес. Осынау жауапкершілікті сезінбейтін судьялар «заңда солай жазылған, мә, саған, он жыл» деп жаза беріп, отыра береді. Ал сен тірі жансың, жүрегің бар, сезімің бар. Сен жазалағалы отырған адамның артында отбасы, балалары тұр. Оған қоса жәбірленген адамның жағдайын есепке алу керек. Мысалы, біреуді біреу өлтіріп қойса, қаза тапқан адамның артында отбасы мен бала-шағасы қалған болуы мүмкін. Сенің шығаратын шешімің олардың да болашағына, тағдырына әсер етеді. Осының бәрін жүрекпен сезініп, ой таразысынан өткізіп барып шешім қабылдауың керек. Міне, қиындық сонда жатыр.

503

 

«Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынады» деген бар емес пе?! Сондай қиын кездерде шын судьяның ойы ғана емес, жүрегі де толғаныста болады. Міне, сол толғаныстан әділетті шешім шығады. Әрине, сот қандай шешім шығарса да оған сотталушы да, жәбірленуші де, сот отырысына қатысқан көпшілік те – барлық тараптың бірдей разы болуы қиын. Бірақ, разы болмаса да шешімнің әділетті екенін іштей мойындап кетуі тиіс.
Судьялық кездейсоқ таңдай салатын, кездейсоқ келе салатын қызмет емес. Кейде заңгерлік мамандығы бар адамдар бірде тергеуші, бірде адвокат, бірде нотариус, бірде прокурор болып жүреді де, жалақысының көптігіне қызығып, судья болуға ұмтылады. Бұл дұрыс әрекет емес. Сен алдымен өзіңе сын көзімен қарауың керек. Адам тағдырын шешуге лайықсың ба? Шындықтың жолында ештеңеге мойын бұрмайтын, ешкімнің сөзі мен қысымына дес бермейтін ерік-жігерің бар ма? Арың мен қолыңды таза сақтап, әділеттіліктің ақ жолынан айнымайтын пайым-парасатың, иманың бар ма? Міне, өз-өзіңе осы сұрақтың бәріне жауап бере алсаң ғана судьялыққа ұмтылу керек.
Сол үшін бір кездері «Судьялыққа сонау студент скамейкасынан дайындау керек» деген ұсыныс айтқанбыз. Қазір заң факультетіне оқуға түскен студенттер болашақта құқық қорғау саласының қай бағытында жұмыс істейтінін білмейді. «Әйтеуір, заңгер деген диплом алып шықсақ, қайда жұмыс істейтінімізді көре жатырмыз» деген ой болуы мүмкін. Ал болашақтың мәртебесі биік, таза
судьяларын дайындау үшін оны бөлек мамандық ретінде оқыту керек. Заң факультетіне түскен 150 студенттің арасынан 20-30 шәкіртті бөлек таңдап алып, арнайы дайындықтан өткізген жөн.
Біздің бұл ұсынысымыз сол қалпында қабылданып, сот ісі университетте бөлек мамандық ретінде оқытылмаса да осы идеяның негізінде Жоғарғы соттың жанынан Сот академиясы құрылды. Бұрын кез келген заңгер судья болып тағайындала алатын болса, қазір ол үшін аталған академияны
тәмамдауыңыз керек. Ол жерде заңгерлер судьялық қызметтің қыр-сырын меңгеріп шығады. Өзінің адами болмысын жетілдіріп, адам тану ілімінің негіздерін үйренеді.
Менің ойымша, міне, осындай қабілеттерге ие, қолы, жүзі, жүрегі таза судьялардың қызметке келгенін мемлекет те, халық та қалайды. Сот саласын дамытуда осы бағытты ұстануымыз керек. Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз деп ойлаймын.

– Неге?
– Оның себебі көп. Қазір екі-ақ мәселеге тоқталайын. Біріншіден, бізде компьютерде тест тапсырып, білімі мен біліктілігін дәлелдеген кез келген адам судья болып тағайындалуы мүмкін. Бірақ, ол білімі бар болғанымен, қара ниетті адам шығар... Қызметке кіріскен күннің ертеңіне-ақ пара іздей бастаса не болады? Компьютерлік тесттер оның адами болмысын, ниеті мен пиғылын анықтай алмайды ғой. Сондықтан судьяларды іріктеуді Жоғарғы сот алқасында отырған, өмірлік тәжірибесі мол, адам психологиясын білетін, тәжірибелі мамандар жүргізуі керек.
Екіншіден, бізде судьялыққа бір тағайындалған адам содан зейнетке шыққанша жұмыс істей береді. Жас судьяларға кемінде 2-3 жылдық сынақ мерзімі тағайындалуы керек. Осы уақыт аралығында соттың абыройына нұқсан келтіретін әрекеті байқалса, артынан сөз ілесіп немесе шығарған шешімдері қайта-қайта бұзылып жатса, ондай адамдарды судьялық қызметтен шеттеткен дұрыс.

– Сот – мемлекеттіліктің негізін қалайтын институттардың бірі. Мемлекеттің қандай екенін оның сотының әділеттілігіне қарап бағалауға болады. Осы орайда соттардың саяси тәуелсіздігі деген мәселе шығады. Ертең референдум өткелі жатыр. Онда Конституцияға өзгерістер енгізіліп, Президенттің өкілеттіліктері қысқартылып, Парламенттің беделі артпақ. Сондай-ақ, Конституциялық сот институты қалпына келтіріледі...
Бірақ, Президент барлық деңгейдегі судьяларды тағайындайтын жүйе сақталып қала бермек. Мұндайда сот билігі саяси жүйеден тәуелсіз бола ала ма?
– Дұрыс айтасыз, халық соттың әділеттілігіне сенбесе, өзінің де, елдің де жарқын болашағына сенбейтін болады. Сол үшін кезінде «Соттың беделі – мемлекеттің беделі» деген мақала жазған едім. Ал сұрағыңызға келер болсақ, сот әділетті болуы үшін ол тәуелсіз болуы керек. Оған Президент те, әкім де, министр немесе олигарх та ықпал ете алмауы тиіс.
Кеңестік кезеңде Орталық комитетте, Жоғарғы сотта немесе обкомда лауазымды қызмет атқаратын адамдар судьяларға түрлі жолдармен қысым көрсететін. Кейбір аса ықпалды адамдарда «телефонный право» деген ұғым болатын. Бұл енді коррупцияның асқынған түрі ғой... Сол нәрсе қазір де түбірімен жойылып кетті деп айта алмаймын. Мұндай дерттен біржола құтылу үшін соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін заңдар қабылдауымыз керек.
Оны қалай жасаймыз десеңіз, айтайын: Мейлі, Президент Жоғарғы соттан бастап, аудандық сотқа дейінгі барлық судьяларды тағайындай берсін. Қалай дегенмен Президент мемлекеттің бүкіл халық сайлаған басшысы және Конституцияның мызғымастығының кепілі ғой. Алайда, аудандық, қалалық соттардың төрағаларын сырттан ешкім тағайындамауы тиіс.
Мәселен, аудандық сотта 5-6 судья қызмет атқарса, солар өз арасынан дауыс беру арқылы біреуін төраға етіп сайлап алуы керек. Және ол төраға әр тоқсан сайын немесе жарты жыл сайын ротация тәртібімен ауысып отыруы шарт. Әрі сот төрағасы дегеніміз тек ұйымдастырушылық сипаттағы қызмет болып қалуы керек. Сонда соттың төрағасы жанындағы судьяға, оның қабылдайтын шешімі мен шығаратын үкіміне ықпал ете алмайды.
Басқаша айтар болсақ, судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін оны сыртқы ықпалдан бұрын, әуелі соттың ішіндегі ықпалдан, яғни, төрағаның нұсқауы мен қысымынан қорғау керек. Өзіңіз қараңызшы, қазір жоғарыдан бір нұсқау келсе де төрағаға келеді, біреу жақынының қылмыстық ісін пара беру арқылы шешкісі келсе де судьядан бұрын соттың төрағасын іздей бастайды. Демек, аудандық соттың төрағасының ықпалын азайтсақ, осының өзі соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі үлкен ілгерілеу болар еді.

– Өз тәжірибеңізде шешім қабылдау аса қиынға соққан, әліге дейін «сол шешімім әділетті болды ма» деп алаңдайтын, арыңызды мазалайтын істер болды ма?

– Төлеби ауданы Сәкен Сейфуллин ауылында қарауыл болып істеген адам сол ауылдың екінші бір тұрғынын машинада кетіп бара жатқан жерінен мылтықпен атып өлтірген. Істе көрсетілмегенімен, әлгі оққа ұшқан адам анау қарауылдың әйелімен жақындасып, көңілдес болыпты деген сыбыс па, өсек пе, тараған. Бұл кісі мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей, ашуға булығып, арақ ішіп алып, әлгі адамды атып жіберген. Сол істі Сәкен Сейфуллинге барып қарадым. Қаратаев деген ауданның прокуроры қатысты. Зал тола адам. Екі жақтың да жақындары, ағайын-туысы жиналған. Сот отырыс өтіп жатқан кезде залдан бір адам айыпталушыны таспен ұрды. Бірақ, тасы тимей қалды. Бұл – заңсыз әрекет. Айыпталушыны өз бетінше жазалауға ешкімнің құқығы жоқ. Содан қарап отырсам, қос тарап бір-бірімен айтысып, арты жаппай төбелеске ұласып кететін түрі бар. Дереу сот отырысын тоқтаттым да, ертеңіне аудандық соттың ғимаратында күшейтілген күзетпен өткіздім. Бірақ, ол жерге де адам өте көп жиналды.
Негізі, ол кісінің жазасы ондай ауыр болмауы тиіс еді. Бірақ, көпшіліктің наразылығын басу үшін саналы түрде қарауыл кісіге өлім жазасын бердім. Содан наразылық дереу басылды. Бірақ, мен өз шешімімнің дұрыс емес екенін, Жоғарғы сотқа барған кезде ол үкімнің бұзылатынын біліп, жүрегім сезіп тұрды. Менің мұндай қатаң жаза берудегі мақсатым екі жақтың арасындағы жанжалдың одан әрі өршуінің алдын алу болатын. Айтқандай-ақ, Жоғарғы сот шешімнің күшін жойып, әлгі кісіге 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын берді.
Кейінірек Созақ ауданында учаскелік полиция инспекторы 11 сыныптың оқушысын зорлаған іс болды. Бұлтартпас айғақтардың болғанына қарамастан, сот процесі 2 жыл бойы жалғасқан, сот істі бірнеше рет кері қайтарған. Себебі, әлгі полицейдің туған-туыстарының арасында өте ықпалды адамдар болып, оны ақтап алуға тырысқан. Сол істі мен қарап, бойжеткен қызды зорлаған қылмыскерге тиісті жазасын беріп, бас бостандығынан айырдым. Міне, осындай істер есімде ерекше сақталып қалыпты.

– Әңгімеңізге рақмет!