«Шымкент жасыл белдеуге оралады» Избранное

Среда, 17 Февраль 2021 03:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1096 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: шаІс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ел аумағында алдағы 5 жылда орманды алқаптарда 2 миллиард, ал елдімекендерде 15 миллион көшет егуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай Шымкентте қаланың экологиялық ахуалын жақсартатын бірқатар жоба қолға алынбақ. Негізгі бағыт көгалдандыру болады. Бұған қоса 8 негізгі саябақ пен 39 гүлзарды қайта құру қолға алынып, Қошқар ата өзенінің бойынша абаттандыру басталады.

95

 

ЖАУАПКЕРШІЛІК – БІР ОРТАҒА

Бүгінгі таңға дейін қаладағы көгалдандыру, абаттандыру және суару мәселесімен ауыл шаруашылығы басқармасы, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық органдары сияқты түрлі мекемелер айналысып келген. Енді бұл мәселелер бір ортадан шешіледі.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың айтуынша, Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасы – энергетика мәселесімен, ауыл шаруашылығы басқармасы – саланың жағдайымен айналысса, қаладағы арық-атыздар, каналдар мен суағарлар, дендросаябақ пен гүлзарлар, жасыл белдеулердің барлығы табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының құзыретіне беріледі.

85


– Алда атқарар жұмыс ауқымды. Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қала тұрғындарына жайлы экологиялық орта қалыптастырумен айналысады десек болады. Қала – алып тіршілік иесі секілді, оның да жұмысы реттелуі керек. Біз өз тарапымыздан көбірек ағаш көшетін егуді көздеп отырмыз. Және кез келген ағаш емес, мегаполис сәнін ашатын әрі сая болатын ағаштар. Себебі, жазда сынап бағанасы +50 градусқа дейін жететін өңірімізде бұл – аса маңызды, – дейді Ерғали Дәулетбекұлы.
Алдағы жоспар бойынша қаладағы негізгі 8 саябақ пен 39 гүлзар қайта құрылып, абаттандырылады. Бұған қоса 8,2 га жерде миллион көшет өсіріліп, барлығы қаланың аумағында егілмек. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен шаһардағы 4 ауданның әрқайсысында 10 га, қала бойынша жалпы аумағы 40 гектар болатын жасыл аймақтар құрылады. Оларды күтіп-ұстау жауапкершілігі аудан әкімдеріне тапсырылады.

КӨГАЛДАНДЫРУ

Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ахмет Татыбаев таяуда қала әкіміне мегаполисті көгалдандыру стратегиясының жобасын ұсынды.
– Президенттің тапсырмасына орай Шымкенттің жасыл белдеуін дамыту іс-шараларының жоспары бекітілді, - дейді басқарма басшысы. – Осыған орай қаладағы ағаштарды электронды түрде санау жүйесін енгізу басталып, 2025 жылға дейін жасыл белдеу көлемін 21 544 гектарға жеткізуді көздеп отырмыз. Жалпы саны 6,5 миллион ағаш пен бұта егіледі.
Арнайы электронды бағдарлама қаладағы барлық ағаш пен бұтаны қамтып, олардың санын ғана емес, жасын, түрі мен қазіргі қалпын да есепке алады.
Осылайша алда атқарылар жұмыс ауқымды. Бес миллион талдың барлығын тек қала бюджеті арқылы егу салмақ болары сөзсіз. Мәселе тек қаржыда емес, тиісті сала жұмысшылары да қалада көп емес. Осы орайда жауапты мамандар жанашыр қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге үміт артып отыр. Егер кемінде 250 мың тұрғын көктемде және күзде екі ағаштан отырғызса, соның өзі туған қаласына деген үлкен көмек болар еді.
– Үйінің немесе бизнес нысанының маңайын көркейтіп, көгалдандыруға тұрғындар мен кәсіпкерлер атсалысатыны – бүгін айтылған жаңалық емес. Ол – әлемде бұрыннан бар үрдіс. Мысалы, кәсіпкер он шаршы метр жерге көлік тұрағын салады десек, соның 2 шаршы метрі көгалдандырылуы керек. Әкім осындай тапсырма беріп, қалада шаң-тозаң емес, көкмайса болуын тапсырды, - дейді Ерғали
Дәулетбекұлы.
Айта кетейік, ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 9 шілдедегі «Шымкент қаласын дамытудың және құрылысын салудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, мегаполистің жасыл белдеуін тағы 13 мың гектарға ұлғайту көзделген. Ал жалпы, алдағы жылдары Шымкентте 5 миллионнан астам тал-дарақ егілмек. Қазіргі таңда «Жасыл белдеу» мекемесіне қарасты 1483 гектар жерде 263 мың тал өсіп тұр.

КҮТІМ ЖАСАУ

Дегенмен, Шымкенттің жасыл қала атағын қайтару үшін тек көшет егу жеткіліксіз. Қала әкімінің орынбасары бұл тұста жүйелі жұмыс қажет екенін айтады.
– Егілетін және өсіп тұрған ағаштарды тұрақты есепке алып отыру қажет, – дейді Ерғали Білісбеков. – Ағашты заңсыз кесуге жол беруге болмайды. Көпшілікке ортақ жерде өсіп тұрған ағаш – мемлекетке тиесілі. Яғни, тал дегеніміз – кәдімгі актив. Сондықтан, қалада не өсіп тұрғанын білуіміз керек. Екіншіден, талдың санын нақты білген соң, оларды күтіп-ұстау үшін не істеу керек екенін жоспарлап, қанша қаржы қажеттігін есептей аламыз. Өсіп тұрған ағашты заңсыз қырқу – жекелеген оқиға емес, мемлекет мүлкін бұзу деген сөз. Егер қандай да бір кәсіпкердің ғимарат салуына кедергі болған ағашты қырқуы қажет болса, ол бұған рұқсат алып қана қоймай, орнына 10 тал егуі тиіс. Қазір бұл процес нақтыланбаған. Он ағашты қайда егеді, қандай тұқымды ағаш егеді, ол жерде суаруға мүмкіндік бар ма? Жаңа бағдарлама осы процесті автоматтандырады деп жоспарлап отырмыз. Кәсіпкер ағаш қырқуға өтініш жасаса, ол қай жерге қандай тал егу керек екенін бірден көреді. Тіпті, егілетін көшеттің жасын да анықтап береміз. Содан кейін екі жыл бойы осы ағаштарды суарып, күтім жасауы тиіс. Көшет қурап қалса, орнына жаңасын егеді. Осының барлығы бағдарламада көрініп тұрады.
Яғни, арнайы картаны тінтуірмен түртсеңіз, мониторда талдың тұқымы, жасы мен қазіргі жағдайы туралы мәлімет шығады. Ал сол ағаш бірден жоқ болып кетсе, оны карта көрсете алмайды. Сондықтан, қоғамдық бақылау қажет. Жанашыр тұрғындар заң бұзушылық туралы хабар беруі тиіс. Ал тиісті сала мамандары үнемі мониторинг жасап, тал-дарақты санап отырады.
Жеке тал мен бұталар сияқты, қаланың жасыл аймақтары, саябақтар мен гүлзарлар да құжатқа енгізілмек. Осылайша өсіп тұрған жасыл желектің санын білген соң оған күтім жасау шығынын да болжамдау жеңілдей түспек.

СУ – ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ КӨЗІ

Талды егу – бір бөлек те, оны күтіп-ұстау – өз алдына бір бөлек жұмыс. Сондықтан, биылдан бастап қаланың гидрологиялық жүйесіне баса назар аударылмақ. Жазда қаладағы тал-дарақ арнайы көліктермен суарылады. Жауапты мамандар бұл уақыт жағынан да, қаржы жағынан да тиімсіз дейді. Кезінде осы суарудың қиындығынан «Шатқал» жобасы жүзеге аспай қалды. «Мирас» шағынауданы маңында орналасқан, аумағы 11 гектар «Шымсая» учаскесі Түркістан облысының «Жасыл аймақ» мекемесінен Шымкент қаласының «Жасыл белдеу» мекемесінің қарауына берілді. Онда 4 суару ұңғымасы мен бір трансформатор бар. Түрлі тұқымдағы 2000 тал өсіп тұр. Енді мұндағы аймақ абаттандырылады.
Ал алдағы 3 жылда инвесторлардың көмегімен қаланың бірыңғай гидрологиялық жүйесі жаңғыртылмақ. Қалдық сулар мен жауын-шашын жиналатын арық-атызды тазарту мен реттеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Шымкентте 36 канал мен 2 су қоймасы бар. Сонымен қоса Қошқар ата мен Қарасу өзендері, Жаңашек, Ақсай-Қарабастау, Тоғыс, Сасық, Ынтымақ каналдарының бойы тазартылмақ.
– Кей тұстарын қалпына келтірсек, енді бір тұстарында жаңа нысандар соғамыз. Мұндағы мақсатымыз – ирригациялық, суару жүйесі артық шығынсыз болуы тиіс. Яғни, біз арықпен суару жүйесіне қайта ораламыз, – дейді қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков. – Жазда жаңбыр жаумаса, қалада шаң көтерілетіні ешкімге таңсық емес. Жазғы шілдедегі, аптап ыстық күндердегі жағдайды айтпасақ та болады. Осыны реттеу керек.
Қаланың орталығын да қосымша көгалдандыруды қарастырамыз. Егер жаяу жүргіншілер жолындағы тас төсеніштер жарамсыз күйге түсіп, қажет болмаса, ол жерлерді де көгалдандырамыз.
Айта кетейік, қалалық жер қатынастары басқармасы тарапынан Қошқар ата өзенінің бойындағы 178 жер учаскесін мемлекет қажетіне алу жұмысы жалғасуда. Былтыр 13 учаске мемлекетке қайтырылып, 66 учаске бағаланған. Биыл қалған 99 учаскені бағалап, өтемақы төлеу жұмысы жалғасады. Өзен
бойын абаттандыру жобасының жобалық-сметалық құжаттандыру жұмысы осы жер учаскелерін мемлекет қажетіне алу жұмыстары аяқталған соң ғана жасалады.
Жалпы, қала әкімдігінің өкілдері осыншама ауқымды жұмыс пен қатаң бақылау өз нәтижесін беретініне сенімді. Ең бастысы – тұрғындар да жанашырлық танытып, туған қаламыздың экологиясының жақсаруына белсенді үлес қосса.

Наталья Хайкина,
Нұрлан Бектаев

Последнее изменение Среда, 17 Февраль 2021 03:50
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « ОТПЕН ОЙНАМА! Бейбіт заманның шырағы сөнбесін »