Комбустиолог Досыбаев Избранное

Среда, 03 Февраль 2021 04:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1471 раз

Ажалға араша тұратын дәрігер қызметінің қаншалықты жауапты әрі қиын екенін тәптіштеп түсіндірудің өзі артық болар. Науқаспен бірге «ауырып», науқаспен бірге «сауығатын» медициналық көмекке зәру әр адамға жан-тәнімен жәрдем етуге асығатын білікті, тәжірибелі дәрігердің бірі – Шымкенттегі Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының күйік бөлімінің меңгерушісі Мұхит Досыбаев.

604

 

Бұл бөлімге түсетін аурулардың жағдайы көбінесе өте ауыр болады. Себебі гипербариялық оксигенация орталығының күйік бөлімі дәрігерге шұғыл шешім қабылдап, ширақ әрекет етуді талап ететін ең күрделі де қиын бөлім. Мұнда жыл сайын ішімдік салдарынан, отқа, майға, тоққа күю жағдайларымен Шымкент қаласы, Түркістан облысы мен басқа өңірлерден 400-ден астам адам түседі екен. 2019-2020 жылдары 134-145 адамға ота жасалған. 2019 жылы қайнаған судан күйік алып, көмекке жүгінгендер саны 159 болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 162-ге өсіпті. Екі жыл ішінде 209 адам оттан зардап шексе, 2019 жылы – 11, былтыр 6 адам тоққа күйген. Өткен жылы 10 адам ауыр күйіктен қайтыс болған.
...Өткен жылдың 14 желтоқсаны болатын. Орталыққа Қызылорда облысының тұрғыны Әлішер Панабекұлы жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Жағдайы ауыр еді. Газ балонының жарылысының күшті болғаны сондай, тұрғынды сыртқа қарай лақтырып жіберген. Аяқ астынан тұрмыстық жарақат алған оның өміріне шымқалалық ақ халаттылар араша түсті. Ол «термиялық күйік» диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызылды. Жергілікті медицина мамандары «газ балонының кесірінен денесінің 90 пайызын күйік шалған адамның емделуі қиын, аяққа тұруы екіталай» деген болжамын комбустиологтар жоққа шығарды. Нәтижелі емнің арқасында 26 жастағы жігіт аман қалды. Дәрігерлердің тәжірибелі еңбегі туралы жаңалықты мегаполис тұрғындары жылы қабылдады. Антына адал жандарға жеткізген Әлішердің алғысы көпшіліктің көңілін толқытты.
– Ауруханаға түскенде аман қаламын деп ойламадым. Қаумалаған қорқынышты ойлар маза бермеді. Тірі болғанымның өзінде мүгедек болып қалмаймын ба деген үрей бойымды билеп алды. Аяққа тұрып кетуіме сенген де жоқпын. Қазір қиындықтың бәрі артта қалды. Қозғалысым мен қимылым қалпына келді. Өмірге құштарлығымды қайта арттырған дәрігерлерге алғысым шексіз, – дейді ол.
Абыройлы мамандық иелерінің кәсібилігінің арқасында науқастың беті бері қарады. Мамандардың сөзінше, 30 пайыз терең күйіктің өзі адам өміріне қатер төндіреді. Өлім-жітім көбіне ағзаның улануынан болатын көрінеді. Орталықтың басқа ауруханалардан айырмашылығы, жиырма жылдан бері күйікті емдеуге арналған кереуеттер қолданылады.
Кейіпкеріміз 3Б-4 дәрежедегі күйіктің қалыптасу уақыты бір жылға дейін созылатынын айтады. Тұрмыстық, өндірістік ауыр жарақаттан кейін кейбір кісілердің аяқ, қол, мойын буындары тартылуы да мүмкін. Осыдан-ақ ота арқылы бүрісіп-тырысқан денені қалпына келтіріп беретін дәрігерлердің еңбегін аңғару қиын емес. Осы ретте голландиялық кереуеттің көмегі көп. Тәні күйген адамның жаны да бірге ауырады. Заманауи жабдықтың арқасында токсемия сатысы жеңіл өтеді екен. Сөйтіп, күйіктің ауырлығы сезілмейді. Денедегі жарақат қанға да өтпейді. Кереует сырқатқа қажетті температураны ұстап, өлген терілер құрғайды, ағзаға сіңу процесі баяулайды. Сонымен қатар ем шаралары жүргізіледі.
Мұхит Досыбаевтың сөзінше, тұрмыстық және өндірістік жарақаттар көп кездеседі. Қыс мезгілінде аязда қалып, үсігендер де бар.
Ол 30 жылдай бойы күйік бөлімшесінде жемісті еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында шыңдалды, мол тәжірибе жинады. Көптің алғысы мен құрметіне бөленді. Салмақты, асығыс шешім шығаруға жаны қас, дәрігер тәжірибесінен әріптестерінің үйренері көп. Зұлмат соғысты бастан өткерген әкенің «медицина саласында оқы, елге пайдаңды тигіз» деген өсиеті орындалды. Алматы қаласындағы мемлекеттік медицина институтын бітірген соң бір жыл жұмыс істеді. Кейін Шымкентке келіп, жедел жәрдем көрсету ауруханасында, сосын хирургия бөлімінде еңбек жолын жалғастырды. Бөлімшеге 2009 жылдан бері жетекшілік жасап келеді.
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Кейбір дәрігерлердің біліксіздігі көпшіліктің жалпы медицинаға қатысты пікірін өзгертетіні анық. Мұндай жағдайлар кейіпкеріміздің басынан да өткен. Бірақ қызметін мүлтіксіз орындайтын дәрігер мұндай пікірге асып-саспайды. Қайта науқастар айыбын мойындап, алғысын айтады. Аяғынан тұрғандары іздеп келіп, сәлем беріп кетеді. Қай уақытта екені есінде қалмапты, бірақ өндірістік жарақат алған пациенттің ауыр жағдайы әлі көз алдында. Күйіктің қатты болғаны сондай, жігіттің сүйегіне дейін өтіп кетіпті. Орталықта оған кезең-кезеңімен ота жасалып, сүйегі де, терісі де қалпына келген. Бүгінде ол экскаватор жүргізеді.
Сырқат жанның сауығуына үлес қосып жүрген комбустиологтардың еңбегі ерен. Күн, түн демей адам тағдырына араша болу – осы абзал жандардың еңбегі.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.