Отбасы құндылығын жоғалтқан ел оңалмайды Избранное

Среда, 03 Февраль 2021 03:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3285 раз

Академик Досмұхамбет ЖАҚАШ Ә.М. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты,
демография мәселесін зерттеуші маман. Ғалыммен болған әңгімеміз бүгінгі таңда өзекті болып отырған демография тақырыбында өрбіді.

594

 

– Досмұхамбет Балтабайұлы, жалпы ел бойынша демографиялық ахуал қазір қалай?

–Демография – кез келген мемлекет үшін маңызды мәселе. Өйткені қай мемлекеттің болмасын дамуына халық саны ықпал етеді және де мемлекеттің ең үлкен байлығы да осы халық.
Халықтың санын көбейтудiң екi жолы бар. Соның бiрi – табиғи өсiм. Бұл үшiн аналарға жасалатын көмек көп болу керек. Сонымен бірге медициналық жәрдемнің қолжетімді болғаны абзал. Бұл тұрғыдан мемлекет тарапынан жұмыстар жүргізіліп келеді. Дей тұрғанмен медициналық жәрдем мәселесінде шешімін күткен проблемалар баршылық. Сондай-ақ әлеуметтiк жәрдемақылардың өсуi маңызды. Өйткені оның көлемі демографиялық өсімді жоғарылату үшін әлі де жеткіліксіз деп есептеймін. Қазіргі таңда бірінші туған балаға сүйіншіпұл ретінде 70000 теңге көлемінде, одан соң ай сайын бір жасқа дейін 11000 теңгеден беріліп отырады. Алтын алқасы бар көпбалалы аналарға төленетін ақшаны айтсақ, жәрдемақы алу үшін балалардың үлкені 18 жасқа толмауы керек. Осы секілді мысалдар көп. Сондықтан елімізде туу көрсеткішін жоғарылату үшін өз басым қаржылай ынталандыру шарасын әлі де күшейту керек деп ойлаймын.

595

 

– Ғаламторда қазақ халқы қартайып барады деген дерек кездесті. Осы ақпарат қаншалықты рас?

–Статистика бойынша соңғы 5 жылда елімізде әрбір 100 балаға жасы 65-тен асатын 26 адам келетін (индекс – 25,9). 2009-2014 жылдар аралығында көрсеткіш 28,3-тен 25,7-ге дейін қысқарған еді. Қазіргі уақытта бұл жағдай туу көрсеткішінің төмен болуымен және жастардың әртүрлі себептермен қайтыс болуымен байланысты болып отыр. 2016 жылдан бастап туу коэффициенті 19 өңірдің тек бесеуінде ғана көбейген. Атап айтқанда қазіргі Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында демографиялық өсім байқалған. Дегенмен қалалардағы қартаю көрсеткіші ауылмен салыстырғанда жоғары. Осыдан бес жыл бұрын әрбір 100 балаға шамамен 29 қарт адамнан келсе, одан ертеректе тіпті 34,1 жастан келген. Осы мағлұматтарға зер салсақ керісінше Қазақстан халқы жыл санап жасарып келеді деуге негіз бар.

–Сіздің пікіріңізше, елімізде демографияны көтеру үшін не істеу керек?

–Халық санының өсуі мемлекет үшін өте қажет. Ол әрбір елдің стартегиялық жоспары десем қателеспеймін. «Көп қорқытады, терең батырады» деген қазақтың мақалын ұмытпауымыз керек. Сондықтан Қазақстанда халықтың санын арттыру бағытында атқарылар жұмыс та, бұл мәселеде қордаланған проблема да көп.
Мойындау керек, демографиялық ахуалдың түзелуі – елдің экономикалық әлеуетіне, әлеуметтік қорғалуына және медициналық қызмет сапасына тікелей байланысты. Сол себепті бүгінгі күні Қазақстанның басты міндетінің бірі – ана мен бала өлімі көрсеткішін азайту болып отыр.
Иә, әлеуметтік төлемдердің жыл санап артуы – отбасылық-демографиялық ахуалға оң әсерін тигізуде. Мұның өзі қазақ халқының жас ұлттардың санатында екенін аңғартады. Бүгінде қазақ халқының орташа жасы – 26 болса, орыс және өзге да еуропалық ұлттардың орташа жасы – 48.
Қалай десек те, демографиялық көрсеткішті ұлғайтуға мемлекеттің ұстанған экономикалық шаралары ықпал етеді. Егер өкімет тарапынан арнайы бағдарламалар қабылданса және ол шынайы түрде орындалса демографиялық ахуалдың жақсаруына сөзсіз оңды әсерін береді. Ал соның аясында мемлекеттік тұрғыда ұлттық құндылықтар мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған шаралар қолға алынса, демографиялық өсімнің шарықтауына, отбасылық институттың дамуына жол ашылар еді.
Қорыта айтқанда қазақ халқының демографиялық өсуіне кедергі болып тұрған жәйттар көп-ақ. Оларды жою үшін мемлекеттік деңгейде шешілетін мына мәселелер назарға алынса екен деген жеке ұсыныстарым бар.
Айталық, үйі жоқ жаңадан отау құрған жастарға пайызы төмен пәтерлер қарастырылса, бала саны артқан сайын пайыз бен төлемдер белгілі мөлшерде кеміп отырса. Ана мен баланың денсаулығына үлкен мән берілсе, жастар қағаз жүзінде емес, шынайы жұмыспен қамтылса. Барлық мектептер мен жоғарғы оқу орындарында демографиялық саясаттың не екені жіті түсіндірілсе, туған әрбір баланың жөргекпұлы көбейтілсе, ол ақша бала өсіп-жетілгенше тұрақты берілсе. Ең соңғысы көпбалалы аналардың мәртебесіне қазіргіден артық көңіл бөлінсе деген ұсыныс бар. Қолдан жасанды ұрықтандыру мәселесі де демографиялық ахуалды шешуде оң ықпалын тигізе алады. Егер демографиялық саясат мықтап қолға алынса, еліміздегі туу көрсеткіші жылына 500 мыңнан 1 миллион адамға дейін көбеюі мүмкін.

–Алайда өткен ғасырдың 60-шы жылдарымен салыстырғанда өсім бәрібір сол дәуірдегідей емес. Оның себебі неде?

–Тарихқа шегініс жасасақ, 1953 жылы қыркүйекте Н.С.Хрущев КСРО билігін қолына алды. Ол басқарған кезеңде елдің саяси-экономикалық өмірінде елеулі өзгерістер болды. Әсіресе 1957 жылғы экономиканы басқару реформасының ел тарихындағы орны бөлек.
Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеру Хрущевтің билік құрған дәуірінде басталды. Сол жылдары ауыл шаруашылығы мамандығында оқитын Ресей, Украина елдерінің студенттері Қазақстанға қоныс аударып, осында өздерінің екінші Отанын тапты. Әлбетте тың игерудің экономикалық тұрғыдан маңыздылығы орасан болды.
Сырттан қоныс аударушылар мен қазақтың іштей көбеюінің есебінен халық саны алпысыншы жылдардың басында өсе бастағаны рас. Дегенмен расында да ол кезде қазақтың аналары қазіргімен салыстырғанда дүниеге көп сәби алып келген. Сол уақыттағы жоғары демографияға қарап бүгінгі таңда туу көрсеткіші тоқтап қалғандай әсер береді. Алайда елімізде табиғи өсім
Құдайға шүкір баршылық.
Дей тұрғанмен егемендік алған алғашқы кезеңде, яғни 1991-1995 жылдары миграцияға қарағанда эмиграция басым болды. Соның салдарынан халық саны 16-дан 14 миллион адамға кеміп кетті. Халық санын өсіру мақсатында сол жылдары шетте жүрген қандастарымызды Отанына қайтаруға байланысты арнайы заң шықты. Соның арқасында шетелде тұрып жатқан қандастарымыз елімізге орала бастады. Дерекке сүйеніп айтсақ, 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін Қазақстанға 1 миллионға жуық қаракөз бауырларымыз оралған. 790 мың этникалық қазақ Көші-қон комитетінің тізіміне еніп, тіркеуден өтіп, оралман мәртебесін алды. Ал қалған 200 мыңдай шеттегі қазақ өз күшімен көшіп келген. Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда тұрып жатқан оралмандар отбасы 200 мыңға жеткен. Адам санымен есептегенде 800 мыңға жуық халық. Отанына оралған қазақтардың барлығы Қазақстан Республикасы заңнамасында қарастырылған мемлекеттік көмектерге толық ие болды.
ҚР Статистика комитеті былтыр қаңтар-шілдедегі демографиялық ахуал туралы дерек таратты. Комитеттің берген ақпаратына сәйкес 2020 жылғы 1 тамызда еліміздегі халық саны 18 млн 767,5 мың адамды құраған.
Оның ішінде қалалықтар – 11 млн 049 мың (58,9%) болса, ауылдықтар –7 718,5 (41,1%) мың болған.
2019 жылғы 1 тамызбен салыстырғанда былтыр халық саны 238,6 мың адамға немесе 1,3 пайызға өскен. Осы кезең аралығында ең көп өсім еліміздің 3 мегаполисінде – Алматы (64,2 мың адам), Нұр-Сұлтан (52,0 мың адам) және Шымкентте (30,6 мың адам) байқалды.
Соның ішінде өзіміздің өңірге келсек, 1999 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында 2 миллионға жуық халық тұрған. 2020 жылы Түркістан облысы мен Шымкент қаласын қосқанда халық саны 3 миллион адамға жуықтаған. Шымкентке келсек, қазіргі таңда қалада 1033478 адам өмір сүреді. Әңгімемнің басында айтқандай, демографиялық өсімнің орын алуына халықтың табиғи туу көрсеткішінің жақсаруы мен сырттан көшіп келген оралмандар саны оң әсерін тигізген.
Демек осынау статистикалық мәліметтерге қарап, жоғарыда айтқандай, Қазақстанда туу деңгейі төмен деуге болмайды. Аллаға шүкір ұлттық демографиямыз жылдан-жылға жақсарып келеді. Оған мемлекетіміздің экономикалық дамуы мен елдегі халықтың әлеуметтік жағдайының оңалуы үлкен әсерін тигізіп отыр.

–Жалпы елімізде демографиялық саясат бүгінде қалай жүзеге асып жатыр?

–Демографиялық саясатты жүйелі жүзеге асыру үшін, әдетте, жүйелі түрде халық санағы жүргізіліп отырады. Демографиялық саясат шеңберінде халық құрамы мен құрылымы, өсуі мен өлімі, оның жұмысбастылығы, көші-қон мәселелері қаралады немесе шешіледі. Белсенді Демографиялық саясат жүргізу – дамыған және дамушы елдер үшін өзектілігі бірдей әрі маңызды болып саналады. Көптеген дамушы, әсіресе, халық саны көп елдерде өмір сапасы төмендеп кетпеу үшін адамның табиғи өсімі саналы түрде шектеледі, ал, дамыған елдерде керісінше, бала тууға ынталандыру шаралары көбірек жүзеге асырылады. Бұл шаралардың қоғамда жайлы демографиялық жағдай қалыптастыруда, жалпы адамдар арасында отбасылық құндылықтың орнығуында, сондай-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Елімізде бала сүю ең үлкен бақыт деп білетін дәстүр, дінімізді насихаттау жолында игі шаралар Тәуелсіздік алғалы үздіксіз жалғасын тауып келеді. Ендігі міндет – осы бағыттан айнымауымыз керек. Бұған қосымша іске асыру механизмі заң шеңберінде бекітілген, ауқымды ынталандыру тетіктері іске қосылған, мақсатты түрдегі мемлекеттік демографиялық саясат жүргізілуі тиіс. Ал оның талаптары қандай болу керектігін жоғарыдағы ұсыныстарым арқылы айтып өттім.

–Әңгімеңізге рахмет!