Ұлы Жеңіске 75 жыл толуына орай М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да «75 күн – 75 игі іс» марафоны басталды.
Жоғары оқу орны 75 күн бойы фото-плакат көрмелер, арнайы сайыстар, тәлімгерлік сағаттар, дөңгелек үстелдер, кітап, мақала басып шығару секілді шаралар ұйымдастырады.
Іс-шараның мақсаты – Жеңіс мерекесінің мәні мен маңызын, студент жастардың бойына сіңіру. Әрі өскелең ұрпақты Отан сүйгіштікке, батырлыққа тәрбиелеу, ерлікке тағзым етуге шақыру, – дейді ұйымдастырушылар.
Игі іс-шараға қонаққа келген Ұлы Отан соғысының ардагері Әлімбек Тегісбайұлы мұндай нәубәт заманды келешек ұрпақтың көрмеуін тіледі.
Майдандағы қарулас достарын еске алып, соғыс жылдарынан сыр шертті. Сондай-ақ, Мұхан Омаров, Шерім Медеуов сынды тыл ардагерлері де сол бір жылдардың естеліктерін жастарға жеткізе отырып, кеңес әскері қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылғанын, оның 601 мыңы туған жерге оралмағанын өкінішпен еске алды.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының 40 ардагері тұрады.