Шымкенттегі Әл Фараби ауданының іскер қыз-келіншектерінің алғашқы форумы өтті.
Аудан әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлер палатасы құрамындағы іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған іс-шараға аудан әкімі Бауыржан Қалжанов, «Нұр Отан» партиясының Қаратау аудандық филиалының төрағасы Нұржан Ешенқұлов, қалалық мәслихаттың депутаты Төреайым Сұлтанова, Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілі Махаббат Қабираева, қалалық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенова және өзге де іскер азаматшалар мен оқу орындарының жетекшілері, мұғалімдер қатысты.
Қажыр-қайрат әйелге де жарасады
Әйелдердің қоғамдағы орны бұған дейін де сан мәрте айтылған, айтыла да бермек. Дегенмен, қазіргі заманда осы пікір басқаша айтылып жүр. Яғни, әйел – ана, әйел – жар, әйел – келін деген ұғымға енді әйел әрі кәсіпкер де бола алады дейді форумға жиналғандар. Мысалы, алғаш болып сөз алған депутат Төреайым Сұлтанова қыз-келіншектердің қазіргі таңда кәсіпке араласа бастауы таңғаларлық жайт емес екенін айтады. Фармацевтика ғылымдарының кандидаты тоқырау заманын да еске алып өтті. Нарық экономикасы енді ене бастаған шақта қолына дорбасын ұстап базарға аттанған әйелдер қазір ірі кәсіпкерлерге айналды дейді халық қалаулысы.
- Әрине, осылай екен деп нәзік жандылар өздерінің әйел болмысын жоғалтып алмады. Керісінше, ұлы мен қызына сабағын оқытып, Отан сүйгіштікке тәрбиелеуімен қатар ерінің жағдайын жасап, қонағын күтуге де үлгеруде. «Қыздың жолы – жіңішке» деген атам қазақ әрқашан әйелді сыйлай білген. Ал біз, қыз-келіншектер, осы құрметтің астарындағы асқан жауапкершілікті сезінуіміз тиіс. Бастысы, ең бірінші орынға отбасын қоя отырып кәсіпкерлікті де қатар алып жүруіміз керек, - дейді Төрайым Жолдыбайқызы.
Банктерден қолдау қомақты
Қазіргі таңда шағын бизнестің өзі қоғаммен астасып жатыр. Кәсіпкерлік дамыса, еліміз де дамиды дейді жиналғандар. Оның үстіне қазір Елбасының өзі бас болып кәсіпкерлерге көңіл бөлуде. Ендеше, неге кәсіппен айналыспасқа? Шағын істен бастап үлкен корпорацияларды басқарып отырған қыз-келіншектер бар. Солардың барлығын басын бір жерге қосып, тәжірибе алмасу өте маңызды. Бұл жолғы форумды ұйымдастырушылардың да көздегені осы болатын. Сондықтан жиынға үй шаруасындағы ханымдардан бастап мұғалімдер мен мемлекеттік қызметтегі және компания басқарып жүрген азаматшалар шақырылған. Танымал бизнес-вумендер өз ісін ашқысы келетін әпке-сіңлілерімен тәжірибе бөлісті.
Қазіргі таңда кәсіпкерлерге жағдай жасалуда деп атап өттік. Оның ішінде мемлекеттік қолдаумен қатар түрлі қаржы ұйымдарының бағдарламалары да бар. Солардың бірі – Европалық қайта құру және даму банкі. Бұл халықаралық дәрежедегі қаржы институты негізінен ірі жобалармен жұмыс істейді.
- Мысалы, Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізі мен Solar күн электр станциялары желісі. Бұған қоса шағын және орта бизнеспен жұмыс жасау бағытындағы бағдарламалары да бар. Оның ішінде дәл осы қыз-келіншектерге арнайы ұсыныстарымыз бар, - дейді Европалық қайта құру және даму банкінің өкілі Махаббат Қабираева.
Өздеріне неліктен әйелдерге несие бермейсіздер деген сауалдың көп қойылатынын еске алған банк өкілі қыз-келіншектердің де ұмыт қалып жүрмегенін айтты. Бұл тұста айта кету керек, ер-азаматтар көбіне ірі жобаларды бастаса, қыз-келіншектер сұлулық салоны, тігін цехы деген секілді шағын іспен айналысуды жөн көреді екен. Осы ретте банк өкілі қызықты мәліметпен бөлісе кетті. Халықаралық қаржы ұйымы өздері несие бөлген жобаларды 1 жылдан кейін бақылау жасайды екен. Сараптама нәтижесі әйел кәсіпкерлердің бастаған жобалары көбіне сәтті аяқталып жатқанын көрсетеді. Дегенмен, соған қарамастан әйел адамдарға несие беруде аз көңіл бөлініп келеді. «Енді біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қыз-келіншектерге арнайы бағдарлама жасап отырмыз»,- дейді Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілі.
«Тәлімгер» болам десеңіз...
Тағы бір айта кетерлігі, Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері қыз-келіншектерге несие беріп қана қоймай, түрлі қолдаулар да ұйымдастыруда. Соның бірі - «Тәлімгер» бағдарламасы. Оған сәйкес ірі кәсіпкер әйелдің жанына іс-тәжірибеден өту үшін өз ісін енді бастағалы отырған қыз-келіншекті қосады. Мерзімі 1 жылдық бағдарлама бойынша Қазақстанда қазіргі таңда 28 жұп бірге жұмыс істеуде.
– Мысалы, Алматыдағы ірі «Қағанат» дәмханалар желісінің құрылтайшысы түркістандық кәсіпкер келіншекті жанына тәлімгерлікке алған. Тәлімгер өзінің шәкіртіне кәсіптегі бар білгені мен түйгенін, тәжірибесін үйретіп, бөлісіп отырады. Күнделікті кездесіп немесе интернет арқылы байланысады. Бір айта кетергілі, «Тәлімгер» бағдарламасына қатысу тегін. Оған өз ісін енді бастаған қыз-келіншектермен қатар тәжірибелі бизнес-ханымдар өз білгенін үйретуші ментор ретінде қатыса алады, – дейді Махаббат Қабираева.
Түйін сөз
Форум барысында басқа да спикерлер сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісті, ұсыныстарын жеткізді. Бұған қоса Әл-Фараби аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы әрі «Айсәуле – табиғи-отандық косметика» компаниясының бас директоры Сәуле Мұсаева бастаған кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Қыз-келіншектер жергілікті кәсіпкерлердің қолынан шыққан ойыншықтар мен әшекей бұйымдарды, тұрмыстық химия заттарын тамашалады. Ал жиын соңында Әл Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов пен Шымкент қалалық іске әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенова өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.