Мерекелік іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов, Өзбекстан Республикасы «Отандастар» қоғамдық қорының төрағасы О.Саттаров, Өзбекстан Республикасының қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы С.Үсенов, Өзбекстанның
Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев және Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген мәртебелі меймандар қатысты.
Қазақ пен өзбек тарихы тамырлас, достығы берік ұлт. Тәуелсіздіктен кейін Қазақстанда мекен еткен өзбек этносы болашағын, тағдырын осы елмен байланыстырды. Этнос күні аясында саялы саябақтың ішінде өзбек халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениетін суреттейтін ұлттық әшекей бұйымдарын, өрнекті ыдыс-аяқтарын, тұрмыста пайдаланылатын заттарынан, ұлттық нақыштағы киімдерінен көрме әзірленді.
—Шырайлы Шымкенттің әсем саябағында өтіп жатқан мерекелік басқосу өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ол үшін қала әкімдігі мен «Дустлик» қауымдастығына алғыс білдіремін. Бүгін бауырлас халықтың өнерпаздарының өнерін тамашаладық, қолөнер бұйымдарына тамсандық. Мұндай этнос өкілдерінің ыстық ықыласы еліміздің бейбітшілігі мен татулығын әйгілейді, — деді жиында сөз алған ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Алмасұлы.
Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан мен Өзбекстанның бірлігі, халықтарының тату тұрмыс кешуі өте маңызды. Кез-келген қиындықта екі бауырлас мемлекеттің бірлесе шешім қабылдауы да тұрақтылық пен сауда-экономикалық байланысты нығайтады. Мерекелік жиында сөз сөйлеген Өзбекстанның
Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі С.Ниязходжаев осылай деді.
—Өзбекстанның сыртқы саясатында Қазақстан маңызды рөл атқарады. 2022 жылдың 21-22 желтоқсан күндері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ташкент қаласындағы жұмыс сапарында екі ел арасындағы сауда-сатық, экономика, төтенше жағдайға қатысты келісімге қол қойғаны тарихқа алтын әріптермен жазылып, мемлекеттеріміз арасында жаңа байланыс парағы ашылды. Осы келісімнен кейін екі мемлекет арасындағы тауар айналым 4 есеге артты. Мәселен, 2023 жылдың қаңтар мен маусым айында тауар айналым 2 миллион доллардан 2 млрд долларға өсті. Мұндай көрсеткіш пен байланыс Қазақстан мен Өзбекстан тарихында алғаш рет орын алып отыр, – деді елші.
Мерекелік іс-шара
Өзбекстаннан келген әншілермен қатар, жергілікті өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.