Бүгінгі күні елімізде балық шаруашылығын дамыту жөніндегі әлеует толық пайдаланылмай отыр. Егемендік алған алғашқы жылдары экономиканың жетекші саласы болған балық шаруашылығына жете көңіл бөлінбегендіктен аталған салада құлдырау орын алған еді. Алайда, соңғы жылдары балық шаруашылығын дамыту үшін тың бастамалар қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында осы салаға ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтқан болатын.
Дәрігерлер мен диетологтар балық етін адам денсаулығына өте пайдалы екенін алға тартады. Одан жасалатын өнімнен түсетін пайда да экономикаға салмақты әсер етеді. Ел аумағында бекіре, көксерке, шортанның кейбір түрлері Қызыл кітапқа енгеніне қарамай, тұтынушылар тарапынан сұраныс көп. Бағасы халыққа қолжетімді болған сазан, дөңмаңдай, сонымен бірге сүйегі аз, еті дәмді көксерке балығы да өтімді. Балық өсірушілер сазан, ақ амур, бақтақ түрлерін өсіру тиімді екенін айтады. Оларды асырауға оңай, шығыны аз, суды да талғамайды. Негізінен балық өсіру технологиясының барлық талаптары ескерілсе, температура мен дұрыс қоректендірсе, балық тез өседі екен.
Шымкент қаласы – республикалық маңызы бар қала қатарында болғанымен өзіндік агро-белдеуі бар ерекше аймақ. Осыған сәйкес, қала аумағында ауыл шаруашылығы саласымен қоса балық шаруашылығы да қарқынды дамып келеді.
Бүгінгі таңда қала аумағында балық шаруашылығымен айналысатын 5 қожалық бар. Олардың ішінде ең үлкені – «Алина» шаруа қожалығы. Аталған шаруашылық 2019 жылдан бастап 300-500 тонна аралығында африкалық сом және тұқы (карп) тұқымдас балық өндірумен айналысып келеді. Аталған қожалыққа ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші ретінде мемлекеттік қолдау тұрақты түрде көрсетіліп отыр.
«Алина» шаруашылығында қазір 72 бассейн бар. Мұнда негізінен африкалық жайын мен тұқы өсіріледі. Өйткені балықтың бұл түрі тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие. Сүйегі аз, дәмі де тіл үйіреді. Балықтың бұл түрін өсіру кәсіпкерлерге аса тиімді. Сондай-ақ, балықтың бұл түрі небәрі жарты жылда 2 келіген тарта салмақ жинаумен бірге, кез келген ауруға иммунитеті қалыптасқан. Шабақтарын сағат сайын азықтандырса, ірісіне күніне 3 рет жем шашады екен. Қазір осы шаруа қожалықта жергілікті 10 адам тұрақты жұмысқа тартылған.
Бүгінгі күні балық шабақтары бассейнде өсіріліп, кейін жасанды көлдерге жіберіледі. Ол үшін шаруашылық иесі қала іргесіндегі өзен-каналдардың аумағынан 11 тоған салыпты. Тұтынушылардың көптігі сонша биыл өндірілген тауарлы балықтың барлығы сатылып жатыр.
Айта кетерлігі, балық шаруашылығына көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 24 мамырдағы № 180 «Акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Бекітілген қағида бойынша төмендегі қызметтерге субсидия қаралған.
–Бекіре, албырт, тұқы, жайын, цихлид, лат, араван тұқымдас балықтар мен олардың будандарын, шаян тәрізділерді өсіру кезінде пайдаланылатын азықтарды сатып алу шығындарының 30 пайызын:
– Балық өсіруге арналған қажетті жабдықтарды сатып алу шығынының 50 пайызын;
–Балық өсіру биологиялық негіздемені сатып алу шығындарының 50 пайызын;
–Дәрілік препараттарды сатып алу шығындарының 50 пайызын;
–Балық басын толықтыратын аналық балық үйірін сатып алу және оларды күтіп-ұстау шығындарының 50 пайызын өтеу арқылы акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өзіндік құнын төмендетуге арналады.
Мұндай қызметке берілетін қаржы министрліктен қаралса, жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат балықты өсіру кезінде оған берілетін азық шығынының 30 пайызы өтейді. Шымкент қаласында балық шаруашылығына мемлекеттік қолдау бағдарламасы шеңберінде 2022 жылы жергілікті бюджеттен 21,9 млн теңге бөлінсе, биыл 29 млн теңге қаржы қаралған. Қаржы шаруаларға осы жылдың сәуір айынан бастап беріліпті.
Қаламызда балық шаруашылығымен айналысатын шаруалар істі көптеп қолға алынып, мемлекет тарапынан қолдаулар тұрақты берілсе, үшінші мегаполис өзінің ішкі нарығын қамтитын еді. Себебі, балық шаруашылығы тек табыс көзі ғана емес, балық – адам денсаулығын да өте пайдалы азық. Сондықтан оның түрінің көп, бағасының қолжетімді болғаны халыққа да, мемлекетке де үлкен пайда.