Сұлулық пен саулықтың сыры – ұлуда Избранное

Пятница, 05 Январь 2024 05:32 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 650 раз

Тағы бір жыл тарих қойнауына сүңгіп, күнтізбе бетінде жаңа жыл, жаңа апта басталды. Әр жылдың өзіне тән ерекшелігі болады. Халық арасында ұлу бейбітшілік, тоқшылық, молшылық жылы деген сенім бар.

ulu-1

 

Ұлу жылын халқымыз «Ұлы жыл», «Ұлу жылы – үлгілі» деп атауында да үлкен мән бар. ХІV ғасырда өмір сүрген, «Шипагерлік баян» атты іргелі еңбек жазған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы Ұлу жылын «Иіртек» деп атаған екен. Осы сөздің өзінде ұлу жануарына тән денесінің сыртқы бақалшағының иірленіп, оралмалы болып келетінін аңғартады.
Ұлулар жарытылысынан соқыр және саңырау. Есесіне иіс сезу қабілеті өте жақсы дамыған. Заман ілгерілеп, нанотехнология дамыған дәуірде адамдар ұлуларды косметология мен медицинада кеңінен қолданып отыр. Сабырлық пен жұмсақтықтың символы ұлудың денсаулыққа тигізер пайдасы да мол. Біз осы орайда, Шымкент қаласында әртүрлі тері мен неврологиялық ауруларды емдеуде ұлу терапияға маманданған Айжамал Әбіләшімовамен тілдесіп, ұлу жайында біз білмеген көп сырға қанық болдық.

ulu


–Ұлулар тазалықты жақсы көретін өте момын, әрі салмақты жәндік, – деп бастады сөзін кейіпкеріміз. – Жиі шомылғанды, таза жерде тіршілік еткенді жақсы көреді. Сондықтан күнара ұлу салынған ыдысты тазалап, балғын көкөністі салып отырамын. Таза жер болмаса, қоректенбей, мінез көрсететіні бар. Қарны аш ұлудан шырыш аз бөлінеді. Сондықтан ұлудың көбірек тамақтанғаны біз үшін маңызды. Негізінен олар қияр, баялды, салат жапырағы, асқабақ, қабақты жақсы көреді. Арасында алмамен де азықтандырамын. Сосын күнделікті бақалшығы берік болуы үшін жұмыртқаның қабығы мен асқабақ дәнін, дәріханада сатылатын кальций дәруменін және сұлы жармасының ұнтағын араластырып, қорегін әзірлеп беремін. Оған қоса, балықтар мен ұлуларды қоректендіретін ұсақ шұбалшаңды да беріп отырамын. Мұндай дәруменге бай тамақтар ұлудың тасын берік етіп қана қоймай, ұрықтануына, жылдам көбеюіне, бөлінетін шырыштың құнарлы болын қамтамасыз етеді. Көбірек коллаген бөліп шығарады. Өздеріңізге белгілі коллаген косметикада ең маңызды фермент ретінде қаралады, – дейді Айжамал Қалмұхаммедқызы.
Ұлулар табиғатынан қосжынысты болып келеді екен. Өзі ұрықтандырады, өзі жұмыртқалайды. Жұмыртқаны жарып шыққан ұлуды құнарлы тамақпен қоректендірсе, екі айда жетіліп, өзі де жұмыртқалауға дайын болады. Олар әр екі айда жұмыртқалайды екен. Маманның айтуынша, ұлу алғаш рет 20-30 жұмыртқа қойса, екі және үш жылдық ұлулар 200-ден астам жұмыртқа шашады. Ұлулар 4,5-5 сантиметрге жеткеннен бастап, терапияға қолдануға болады екен.
–Қазір қолымдағы ең ересек, әрі көлемі жағынан да үлкен ұлу 500-700 жұмыртқа туады. Оның еті де, бақалшығы да өзгелерінен қалың боп келеді. Мұндай ірі ұлулар адам денесіндегі неврологиялық ауруларды емдеуге көмектеседі. Емдеу барысында ұлу жүйке жүйесі қысылған жерді өзі барып тістейді. Тістеу арқылы қысылған нерв жүйесін босатады. Невритті ұлумен емдеу ісі ұзақ уақыт пен сабырды қажет етеді. Десе де, пациенттеріміз арасында жүйкесі қысылып, беті мен аузы қисайып, кейіннен ұлу терапиясы арқылы қалыпқа келгендер де бар. Ұлу шырышының құрамындағы табиғи антибиотик суықтан буыны қақсайтын адамдарға таптырмас ем. Сондай-ақ, жұмыртқаларынан косметологиялық бетті ылғалдандыратын, жасартатын крем әзірлеймін, – дейді ол.
Алайда, ұлудың барлығының емдік қасиеті болмайды. Яғни, шырышты қабаты улы заттар бөлетіні де бар. Бүгінде косметологияда ахатин ұлуы кеңінен қолданылады. Алайда, ахатин ұлулары да бірнеше түрге бөлінеді және оның да улылары болады екен. Кейіпкеріміз Айжамал Әбіләшімова қазір ұлудың 6 түрін өсіріп жатыр. Әрқайсысына жүктелетін міндеті әр түрлі. Бірін косметологияда, бірін невритті емдеуде, тағы басқасы буын ауруларына қолданады.
Кейіпкеріміз кәсібін жүктіліктен кейін бетте қалатын қара дақты кетіру үшін 4 ұлу асыраудан бастапты. Осылайша Айжамалдағы өзгерісті көрген көршілері мен туған -туыстары алғашқы тұтынушыларына айналған. Ұлу терапиясын кешенді түрде үйрену үшін үш жыл бұрын Ташкент қаласына барып, білімін жетілдірген. Бүгінде үш баланың анасы ұлу арқылы кәсібін жүргізіп, табыс тауып отыр.
Қазақ халқы Ұлу жылын ежелден-ақ «Ұлы жыл» немесе «Үлгілі жыл» деп ерекше қастерлеп, құтты жылдың бірі деп санаған. Ұлудың денесі жұмсақ болғандықтан бұл жыл жерге де, елге де құт-берекені, ырыс-несібені мол әкеледі деп есептеген.
Ұлу жылы туылғандыр еңбекқор, қиыншылыққа төзімді келеді, істеген ісінің көзін таба біліп, діттеген мұратына жетеді екен. Ұлу жылы өмірге келген ұл балалар өр мінезді, алға ұмтылғыш, әрі талантты, қыз балалар сүйкімді, алғыр ойлы болады деп жорамал жасаған… Оған дәлел ретінде ақын Рысбай Сәтімбековтің:
«Бұл ерекше жануар құрлық пен судағы,
Жыл ішінде өзгеше дара пішін тұлғалы.
Ұлу жылы ұрпақ өсер көбейіп,
Қыздар сұлу, батыр болар ұлдары», - деген өлең жолдарын келтірсек болады.
Халқымызда «Ұлу жылы көтерілмеген он жылда да көтерілмейді» – деген даналық нақыл ұлу жылының елге қолайлы болатынын білдіреді.
Халық даналығында Жаңа жылға байланысты айтылатын ақ баталарда:
Қоян жылы жұрттан жылу сұратпа,
Ұлу жылы ұл-қызымды жылатпа,
Жылқы жылы жеткізе гөр мұратқа! – деген жүрекжарды ізгі тілектер айтылады. Лайымда, Ұлу жылы – Ұлы жыл болсын деп тілейік!