Шәкірттері шыңға шыққан бапкер Избранное

Среда, 13 Сентябрь 2023 04:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 588 раз

2016 жыл. Сәуір айы. «Қошқар ата» өзенінің жағалауында бір топ балалар жаттығып жүр. Жас балуандар бір сағат өзенді айнала жүгіріп, бір сағат темір жақтауды жағалай шынықты. Жас шәкірттерді бұл орынға елге белгілі бапкер Жангелді Жұмабаев ертіп келген. Абаттанған бұлақтың тыныс-тіршілігімен танысу үшін барған біз жас балуандардың бапкермен жаттығу үстінен түстік. Бас-аяғы 15 спортшы. Бәрі де Шымкент қалалық №1 спорт мектебінің шәкірттері екен.

306

 

Жангелді Жұмабаев – еркін күрестен он жылдан астам облыстың аға бапкері болған маман. Сол кезде 2000-2001 жылы туған еркін күрес балуандары Түсіпхан Сайхановты еске алуға арналған халықаралық турнирге дайындалып жатты. Солардың арасынан кесек денелі, кең жауырын 16 жасар бала ерекше көзге түскен еді.
Міне, сол жас балуан Сержан Елеусізов биыл 23 жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Шілде айында өткен Испания Гран-При турнирінде 92 келіде күміс жүлдегер атанды.
Бұл – төгілген тердің өтеуі болса керек. 2005-2015 жылдары он жыл Шымкент қаласы құрамасының аға бапкері болған білікті маман жастарға сенім артты. Олар да үмітті ақтай білді.
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жангелді Жұмабаевпен тағы да жүздесіп, аз-кем әңгімелестік. 2023 жыл шәкірттері үшін жемісті жыл болғанын айтады. Сержан Елеусізов ұлттық құрама сапында ТМД ойындарында 92 келіде күресіп қайтты. Марлен Құрылысбек аса ауыр салмақта жастар арасында әлем чемпионатында белдесті. 2004 жылғы, бойы 195 см, салмағы 108 келі тартатын жас балуанның бітімі бөлек. Ел үміт артып отыр. Бәрі де болашағынан үміт күттіретін дарынды жастар. Одан бөлек, Мұхамедсұлтан Көпбаев деген дарынды жас өсіп келеді.
– Біз шәкірт тәрбиелеп, ел намысын қорғайтын азаматтарды шығару жолында еңбек етеміз. Бір ғана спорт мектебінде бапкерлік қызмет атқарып жүргеніме 35 жыл болды. Барлық баспалдақтан өттім. Қазіргі уақытта осы спорт мектебінде еркін күрестен аға жаттықтырушымын. Алдымен Қажымұқан Мұңайтпасов атында, одан кейін №8 мектеп болды. Қазіргі атауы – қалалық № 1 спорт мектебі. 2015 жылы аға жаттықтырушылық қызметті жастарға бердім. Оларда жастық жігер, идея деген көп. Жеке шәкіртім Жасұлан Мұхтарбекұлы Бейжің олимпиадасына қатысты. 2005-2015 жылдар аралығында әйелдер құрама командасына да аға бапкер болдым. Ол кезде де қаншама спорт шеберлерін дайындадық. Бапкерлік жолымды 1986 жылы осы мектептен бастадым. Екі жыл әскерге барып келдім. 1988 жылы мектепке жаттықтырушы болып қайта кірдім. Содан бері осы осындамын. Еңбегім еш кеткен жоқ, – дейді ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп отырған білікті маман.
Жангелді аға 1984 жылы Шымкент қаласындағы дене тәрбесі техникумына түсіп, оны 1986 жылы бітіріп шығады. Міне, сол жылдан бастап жауапкершілігі зор шәкірт тәрбиелеу қызметіне кіріседі. Дайын асқа тік қасық болмай, негізінен балаларға кішкентайынан күрес әліппесін үйретіп, тәлім беруді қолай көреді. Әрдайым ауыл-ауылдарды аралап, дарынды жастарды іздеп жүргені. Олимпиада ойындарына қатысқан Жасұлан Мұхтарбекұлы да, ХДСШ Сержан Елеусізов те ауылдан шыққан талапты жастар еді. Ағамыз бұл жөнінде ақтарыла әңгімелеп берді.
– Аллаға шүкір, бапкерлік қызметімде ауылдың балаларын көп жинадым. Түркістан облысының Түлкібас ауданы, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан бір топ жастарды алып кеп, күреске баулыдым. 1997-98 жылдары Қызылорданың Жаңақорған ауданынан 9 баланы қол астыма алдым. Олардың бәрі де қазір бір-бір өңірдің аға бапкері қызметінде. Солардың арасынан шыққан Жасұлан Мұхтарбекұлы маған 5-ші сынып оқитын кезінде келді. Одан кейін 2014 жылы Түлкібас ауданынан 6 баланы әкелдім. Міне, солардың арасынан Сержан Елеусізов топ жарып шықты. Түлкібасты аралап, кішкентай балалардың жарысын тамашалап қайтқанмын. Сайыста бұл бала жеңіліп қалды. Бірақ, намысқой, шақар екен. Мен осы баланы аламын дедім. Жеңіліп қалғанына қатты намыстанды. 5-6 баланың арасынан осы жігіт шықты. Мен балаларды кішкентайынан дайындаймын. Ал Марлен Құрылысбек маған 16 жасында келді, – дейді ұлағатты ұстаз.
Осы жылдар аралығында білікті бапкер 80-ге жуық спорт шеберін, бірқатар ХДСШ шәкірттерін тәрбиеледі. Он оқушысы спорт мектептерінің басшысы. Бұл да бір еңбектің ақталғаны болар.
Қошқарата жағалауы – нағыз чемпиондар шыңдалатын орын. Ол жерде дайындалудың пайдасы көп. Демалыс саябағының игілігін көріп жүрген бапкердің өз айтары бар.
«Судың жағасында жүгірудің пайдасы көп. Спортшының тыныс алуы жақсарады. Бұл жер тек қыдырып жүру ғана емес, нағыз спортпен шұғылданатын орын. Балаларды таза ауада жүгіртетін алаң керек. Қошқарата суының ылғалдылығы бар. Балалар тез шаршамайды. Өкпесі қызып кетпейді. Жаттығуды осында балаларды 1,5-2 сағат жүгіртіп бастаймыз. Ал дендрологиялық саябаққа негізінен, жүгіртуге емес, демалдыруға апарамын. Шаршап жүрген балалардың миын тынықтыруға, рухани күш жинауға пайдасы мол. Қыдырып, аралағанның өзі адамға көп күш береді. Жалпы балаларды психологияилық тұрғыда дайындау үшін ұзақ қашықтыққа жүгірту керек. Күннің ыстығы, суығы болса да. Ол кезде ішкі дүниеңмен қарсыласасың. Міне, соны жеңе білсең чемпионсың». Көпті көрген, тәжірибелі маман осылай дейді.
Кілемде шәкірттермен 8 сағат тоқтамай жұмыс істеуіңіз мүкін. Бірақ үлкен дәрежедегі жарыстарда ол балалар «жанып» кетіп жатады. Себебі, шәкірттерді жарысқа көп қосу керек. Жарыстың алдында әр балаға әр түрлі әдіс-айла қажет. Мәселен, жас балуанның көңілін тауып сөйлесу, ішкі дүниесін білу, дене әлеуетімен қатар, рухани тәрбиелеу көп еңбекті талап етеді. Иә, бапкерлік деген бір ғылым. Жанкешті еңбек. Сонымен қатар, спорттық режимді ұстамаса, қанша жерден мықты болса да оның нәтижесі төмендей береді.
– «Қамшының сабындай қысқа өмірде» спорттан өз еншілерін алу үшін уақытты тиімді пайдаланып қалу керектігін үнемі айтамын. Әр күнді дұрыс жоспарлап, еңбек ету керек. Баланың жағдайынан хабардар болып, ішкі дүниесіне үңіліп сөйлесуге де мән беру қажет. Жалпы айтқанда, шәкірттің жеңіске деген жігері күшті болса, қандай қарсылас болса да жеңеді, – дейді білікті жаттықтырушы.
Ендігі мақсат – алдағы ҚР чемпионатына жоспарлы түрде дайындалу. Марлен Құрылысбек болашақта аса ауыр салмақта атой салатын оғланның бірі. Сержан Елеусізов те 97 келіде Олимпиадаға мақсатты түрде дайындыққа кіріспек. Осылайша екі шәкіртті келесі Олимпиадаға дайындау жоспары тұр.
«Бапкер мықты болса, бап та шабады, бақ та шабады» деп текке айтылмаса керек. Жангелді Жұмабаев өз саласында тынымсыз, жанкештілікпен еңбек еткен, нағыз үлгі алатын еңбек адамы.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.