Ескіміз жаңарса, еңсеміз тіктеледі

Пятница, 11 Август 2023 04:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 611 раз

ddccc831-4f18-4e87-abeb-8f08e5165175-696x464

Шымкент қаласында тұрғын үй қорын реновациялау және қайта жаңғырту бағдарламасы қолға алынған еді. Жаңа бағдарлама тозығы жеткен ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыруды мақсат еткен.

Реновация бағдарламасы аясында Еңбекші ауданы Безделев көшесіндегі (72а үй) тозығы жеткен 8 пәтерлі ескі тұрғын үйдің орнына 36 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Осы орайда, ескі үйдің сүрілуіне байланысты 50-ге жуық тұрғынның көшу рәсімі ұйымдастырылды. Үйдің тұрғындары бағдарламаға қатысуға келісімін беріп отыр. Жеке инвестор ескі үйдің орнына 7 қабатты зәулім үй салуды жоспарлауда. Осы ретте «Shymkent» ӘКК» АҚ инвестордың ұсыныстарын қарап, құжаттарын зерделеуден өткізген. Тұрғындардың уақытша пәтерлерге көшу, жалпы барлық шығындары инвестордың өз қаражаты есебінен төленеді.

Енді апатты жағдайдағы үйдің орнында «Ай-
Барыс» көпқабатты жаңа тұрғын үй салынады. Бас мердігер «Adal toby» ЖШС-і құрылысты 2023 жылдың III тоқсанында бастауды жоспарлап отыр. Құрылысты 2024 жылдың IV тоқсанында аяқтау белгіленген. Тапсырыс беруші – «B like» ЖШС.

Қазіргі таңда тұрғындарға реновация бағдарламасы шарттары түсіндіріліп, тұрақты жұмыстар атқарылуда. Авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі.

Бағдарламаға қатысу үшін жеке инвесторлар тұрғын-жай меншік иелерінің келісімін алып, «Shymkent» ӘКК» АҚ-мен келісімшарт жасасады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.