САПАЛЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТУ: 10 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ ЖҰМЫСТАР АЯҚТАЛДЫ Избранное

Пятница, 04 Август 2023 04:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 815 раз

Шымкент қаласында халықты сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алған. 2025 жылға қарай үшінші мегаполисті жүз пайыз талшықты-оптикалық және мобильді интернет желісімен қамту көзделген. Бүгінгі таңда шалғай елдімекендерге сапалы интернет жеткізу басым бағыттардың бірі. Жыл басынан бері қанша тұрғын алапта жұмыстар аяқталды? Жыл соңына дейін қай елді мекендерге сапалы интернет толық жеткізіледі?

781

 

4 инвестормен келісім жасалған

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қалада шалғай елді мекендерді толықтай интернетпен қамту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Таяуда ғана «Спец автоматика сервис» ЖШС тарапынан Еңбекші ауданындағы «Оңтүстік» тұрғын алабында атқарылған жұмыстарға куә болдық. Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов, қалалық мәслихат депутаты Айжан Наимбекова, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев тұрғындармен кездесіп, жоғары жылдамдықты интернеттің сапасын тексеріп көрді. Қалалық цифрландыру басқармасының қолдауымен және жеке инвесторлар есебінен шалғайдағы елді мекендер талшықты-оптикалық интернет желісімен қамтылуда. Өткен жылы 14 елді мекен тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізген-тін.
Биыл сәуір айында 4 инвестормен меморандум түзіліп, 2023 жылы 20 шағынауданды сапалы интернетпен қамтуға келісім жасалды. Келісімге сәйкес, 2023-2025 жыл аралықта тұрғын алаптар тізімі және олардың мерзімдері белгіленген. 2025 жылы қаланың шеткі аймақтарын толық талшықты-оптикалық желімен қамту көзделіп отыр. Заманауи талшықты-опитика желісінің басты ерекшелігі – интернеттің жылдамдығы.
– Жеке инвестор тарапынан «Оңтүстік» тұрғын алабында магистралді линиялар толық көлемде жүргізіліп, ішкі көшелерге жеткізу жоспарланған еді. Бұрынғы ескі жүйе бойынша тартылған кабельді интернеттің жылдамдығы төмендеу еді. Қазіргі заманауи талшықты-оптика желісінің сапасы айтарлықтай жоғары. Бұл жұмыстардың бәрі де инвесторлар есебінен жүзеге асырылады. Біз негізінен, қаланың шеткі аймақтарына көңіл бөліп жатырмыз. Биыл Бозарық, Асар-2, Наурыз, Агропром, Шапағат, Сайрам, шағынаудандарында жұмыстарды бастап, жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, – дейді басқарма басшысы.
Сонымен, шілде айында 38 000-ға жуық тұрғыны бар «Оңтүстік» тұрғын алабы толықтай талшықты-оптикалық байланыс және интернет желісімен қамтылды.

800 млн теңге жеке инвестиция салды

«Оңтүстік» тұрғын алабын сапалы интернетпен қамтамасыз еткен жеке инвестор – «SAS Telecom» ЖШС. Компания өкілі Нұрсәбит Сапарбековтің айтуынша, жұмыстар жоспарға сай атқарылуда.
– Біз Шымкент қаласына 2021 жылы келіп, жұмысты бастадық. 2021 жылдың қараша айынан бастап, бүгінге дейін 14 елді мекенді сапалы интернетпен қамтыдық. Жалпы 21 мың абонентке жағдай жасадық. Соның ішінде, қазіргі таңда 50 пайызға жуық абонетті қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы біздің компанияға 27 елді мекен берілген. Соларды 2025 жылға дейін толық қамту жоспары бекітілді. Шымкент қаласына жалпы 800 млн теңгедей жеке инвестиция құйдық. Кабельді интернет отбасы үшін өте тиімді әрі арзан. Wi-Fi құрылғысымен отбасының барлық мүшесі интернетке еш кедергісіз қосыла алады, – дейді Нұрсәбит Нұрходжаұлы.
Айта кетсек, жыл басынан бері Қайнарбұлак, Қызылжар, Нұршуақ, Ынтымақ-1, Оңтүстік (Еламан шағынауданы) тұрғын алабы, Самал-1, 112 шағынаудан, Тассай бөлімшесі, Карл Маркс, Мирас шағынауданын талшықты-оптика желісімен қамту жұмыстар аяқталды.

Мобильді байланыс сапасы жақсарды

Шаһарда шалғайдағы елді мекендерде мобильді байланыс сапасын жақсарту – өзекті мәселенің бірі. 2023 жылы мобильді байланысты жақсарту бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Базалық станция орнату үшін бос жер телімдері белгіленген.
Басқарма басшысының мәліметінше, Ақтас, Нұршуақ, Алтынтөбе елді мекендерінде мобильді байланыс жүйесіне арыз-шағым өте көп. Онда негізінен базалық станциялар орнатылған. Ендігі ретте мобильді байланыстың сапасын жақсарту үшін жаңғырту жұмыстары немесе қамтитын радиустың сыйымдылығын жоғарылату керек. Сондай-ақ, қосымша тағы базалық станция орнату қажет.
– Қазір 29 тұрғын алапта бос жер телімдері анықталып, оны рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жер қатынастары басқармасы тарапынан жердің құжаттары рәсімделгеннен кейін мобильді байланыс операторлары антенна-мачталық құрылғы және базалық станция орнатады. Биыл 29 елді мекенде мобильді байланыс жүйесі орнатылады. Адам саны көбейген сайын оның жүктемесі де артады. Жерді рәсімдеу жұмыстары кемінде 6 ай уақыт алады. Базалық станция қаланың ішінде коммерциялық нысан немесе көп қабатты тұрғын үйлерге орнатылады. Ол бағыт бойынша құжат рәсімдеу іс-шараларына 3 ай уақыт кетеді. Базалық станция орнату үшін тиісті құзыретті орындардың рұқсаты мен тиісті санитарлық паспорты беріледі. Сондықтан тұрғындарға алаңдаудың реті жоқ. Базалық станциялардың күші жетпей қалған жерлерге жалпы тағы 29 базалық станция орнату назарымызда тұр, – дейді басқарма басшысы.
Мобильді интернет сапасына арыз-шағымы бар қала тұрғындары не істеу керек? Бұл ретте кез келген азамат өзі тұрып жатқан мекенжайда байланыс жүйесіне арыз-шағымы болса, E-өтініш платформасы арқылы өңіраралық байланыс инспекциясына жүгіне алады. Яғни, мекенжайын және байланыс операторын көрсетуі тиіс. Сонымен қатар, 109 нөміріне де хабарласуға мүмкіндігі бар. Шағымдар бойынша заңға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.

Другие материалы в этой категории: « Хабарландыру ЖАҢА ЕМХАНА САЛЫНУДА »