Қайтарымсыз грант кәсіпті нәсіпке айналдырды Избранное

Среда, 26 Апрель 2023 03:57 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1930 раз

kaitarymsyz-grant

Елімізде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында мемлекеттен берілетін қайтарымсыз 5 млн-ға дейінгі грант талай кәсіпкердің кәсібін дөңгелетуге себеп болып отыр. Ұлттық жоба шеңберінде жаңа инновациялық жобаларды іске асыруға арналған грантты ұтып алған шымкенттік кәсіпкерлер көп.

Мемлекеттік грант алып, кәсібін бастаған азаматтың бірі – Әлібай Жұмабаев. Ол басшылық жасайтын «Business Plas» ЖШС пенопласт шығарады. Былтыр грант аясында ұтып алған 5 млн. теңгеге цех басшысы полестерол түйіршігін қайнататын қазандық алған. Бұл күнде серіктестік қала тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Мемлекет қолдауымен өндірісін ұлғайтқан кәсіпорын жылына 10 мың текше метр полистирол шығарып, ішкі нарыққа сатуда.

alibai– Мемлекеттен алған қаржы ісімізді алға жылжытты. Осы кәсіптің арқасында 5 адамды жұмыспен қамтыдық. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Жұмысшыларды арнайы оқытып, дайындадық. Қазір қалада 4-5 пенопласт шығаратын осындай кішігірім цех бар. Ол қаланың сұранысын толық қамти алмайды. Болашақта цехты кеңейтіп, өнімнің саны мен сапасын арттырсақ деген жоспарымыз бар, – дейді Әлібай Жұмабаев.

Өнім көлемін арттырғысы келетін кәсіпкерлер бизнесті кеңейту үшін жердің тарлығын, жалға алудың қымбаттығын айтады. Жуырда цехтың жұмысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов кәсіпкерлікті жан-жақты қолдауға дайын екенін жеткізіп, жауаптыларға цех ашу үшін «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер телімін бөлуді тапсырды.

Былтыр 5 млн теңге грант ұтқандардың бірі – «AGRO TOP» компаниясы. Бұл жерде өсімдіктерді биоқорғау өнімдерін шығарады. Яғни, зиянкестерді жоятын жәндіктер өсіреді. Жеті жылдан бері тыңайтқыштар мен шаруашылыққа қажетті заттарды шет елден алдыртып, сатумен айналысып келген компания былтыр осы энтомофаг шығару жобасымен грант ұтқан болатын. Бүгінде компания Қазақстан бойынша жылыжайлар мен егістіктерді зиянкестерді жоятын жәндіктермен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар өнімдерін Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортқа да шығарады.

muxammadali– Шет елден тауар алдыртып, сату бәрінің қолынан келеді. Дегенмен еліміз өсіп, өркендеуі үшін тауардың өзімізден шыққаны дұрыс. Әсіресе биоөнімдер шет елден келемін дегенше сапасын жоғалтады. Сондықтан өзіміз өндірейік деп шештік. Бүгінгі таңда Қазақстандағы бірінші энтомофаг шығаратын өндіріспіз, – дейді компания басшысы Мухаммадали Артукходжаев.

Бұл жерден жылыжайға ғана емес жалпы өсімдіктерге биоқорғау жәндіктері мен дәрі-дәрмек, қораңызға еккен жеміс талдар мен көкөніс көшеттеріне де пайдалы дәрілер, тыңайтқыштар алуға болады. Әр зиянкестің өз энтомофагі бар. Мұндағы қызметкерлер кез келген тұтынушының іздегенін тауып береді. Кез-келген сұрағыңызға түрлі-түсті кітапшаларын ұсынып, сатушы мамандары сауатты жауап беріп отырған компанияның жұмысының жолға қойылғанын, болашағының зор екенін түсіндік.

– Көптеген елдер өсімдік қорғауда экологиялық таза технологияларға белсенді түрде өтіп жатса, ал Қазақстанда керісінше, өсімдікті зиянкестерден қорғау – бұл тек улы химикаттармен (пестицидтермен) өңдеу ғана деген ұғым қалыптасқан. Осы тұрғыда биологиялық әдісті мақта, көкөніс, жеміс-жидек, жылыжай шаруашылықтары дамыған өңірлерде өркендету қажет. Болашақта жылыжай көлемі жүздеген гектарға жететін болады. Аталмыш дақылдардың көбі, әсіресе көкөніс, жеміс-жидек өнімдері өңделмей, пісірілмей тікелей қолданылатындықтан, зиянкестерден қорғау жұмысын жүргізгенде негізгі тәсіл биологиялық тәсіл болуы керек. Адамдардың пестицидтермен улануынан, қоршаған ортаның ластануынан сақтау үшін биологиялық тәсіл химиялық тәсілден басымырақ болуы заңды, – дейді компания маманы Несібе Қалматаева.

Мемлекеттен бөлінген қайтарымсыз қаржы қаладағы талай кәсіпкердің жұмысына серпін беріп отыр. Қазіргі таңда Шымкентте қайтарымсыз грантқа құжат қабылдау жүріп жатыр.

usen– Қайтарымсыз қаражат мамыр айынан беріле бастайды. Грантқа құжаттар қабылдау жалғасуда. Қаржылай қолдау алған соң жоспарға сай пайдалану қажет. Басты талап – осы. Мемлекет тарапынан қайтарымсыз көмек алғандар қатарында заң бұзушылық жағдайлар да орын алды. Мемлекеттік қолдауды мақсатсыз пайдаланғандардың қаржысы сот арқылы қайтарылады. Бүгінде 38 адам қаржысын қайтарып жатыр, – дейді Шымкент қаласының кәсіпкерік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Үсен Исаев.

Айта кетейік, мегаполисте 2019 жылдан бері жаңа бизнес-идеясын қорғаған 170 адам қайтарымсыз қаржыға ие болған. Жалпы кәсібін бастап, бизнесін дамытамын деушілерге 4 жылда 700 млн теңге бөлінген. Жобаға қатысу үшін инновациялық бизнес болу керек. Десек те әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардан инновация талап етілмейді. Сонымен қатар жоба қараларда осал топтарға басымдық беріледі.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.