Қазақстан-өзбекстан инвестициялық жаңа жобалар іске асады Избранное

Пятница, 23 Декабрь 2022 04:49 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1467 раз

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 21-22 желтоқсан күндері Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті
Шавкат Мирзиёевпен келіссөз жүргізіп, екіжақты іс-әрекеттің өзекті мәселелерін, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-транзиттік ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Екі күндік сапар барысында бірқатар екіжақты шарт пен келісімге қол қойылды. Бизнес-форум аясындағы келісім нәтижесінде Шымкент пен Өзбекстан арасында 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болды.

138

 

Сауда көлемін ұлғайту міндеті тұр

Президенттің мемлекеттік сапары аясында Ташкент қаласында «Қазақстан–Өзбекстан» 4-ші өңіраралық бизнес-форумы өтіп, онда инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөнінде екіжақты келісімдерге қол қойылды. Аталған іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – инвестициялар және сыртқы сауда министрі Жамшид Ходжаев, өңір әкімдері және кәсіпкерлер қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, екіжақты тауар айналымын арттыру, сауда-экономикалық, әріптестік байланыстарды нығайту көзделген. Серік
Жұманғариннің айтуынша, 2022 жылдың соңғы 10 айында екі ел арасында тауар айналым 4,1 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 35 пайызға артып отыр.

Жиын барысында сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелері талқыланып, жалпы 40-тан астам келісім құжаттарына қол қойылды. Негізінен, инвестициялық жобалар құрылыс, химия, жеңіл өнеркәсіп саласына тиесілі.
– Өзбекстан – біз үшін Орта Азиядағы басты және ұзақ мерзімді серіктес мемлекет. Біздің достық қарым-қатынастарымыздың локомотиві – елдер арасындағы өзара дамып келе жатқан сауда-экономикалық байланыстар. Форумды өткізу – өңірлік кооперацияны дамытудың және әлемдік нарықта Орталық Азия брендін қалыптастырудың маңыздылығының тағы бір дәлелі, – деді Серік Жұманғарин өз сөзінде.
Екі елдің экономикасына тартылатын инвестициялардың маңыздылығы зор. 2005 жылдан бастап 2022 жылдың екінші тоқсанына дейін Өзбекстаннан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 22,7 млн долларды құрады. Бұл ретте Өзбекстан экономикасына қазақстандық инвестиция көлемі осы кезеңде 560 млн долларға жетті.
Қазіргі уақытта екі ел Үкіметтерінің алдында сауда көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жобасы аталмыш көрсеткішке қол жеткізу жөніндегі іс-қимыл жоспарының негізгі бағыттарының бірі болып отыр.
Серік Мақашұлы қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыратынын атап өтіп, өзбек компанияларын бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 1400-ден астам кәсіпорын және сауда, кәсіптік және ғылыми қызмет, құрылыс, көлік, қоймалау және басқа да салаларда 400-ден астам бірлескен қазақ-өзбек компаниялары бар.
Серік Жұманғарин мен Жамшид Ходжаев екі елдің уәкілетті органдары басшыларының қатысуымен екіжақты кездесу өткізді. Онда экономиканың түрлі секторларындағы ынтымақтастықтың жекелеген мәселелері егжей-тегжейлі пысықталды.

Үш жоба бойынша келісім жасалды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов іскерлік форумда шаһардың инвестициялық әлеуеті жайлы баяндама жасап, Өзбекстан Республикасымен ынтымақтастық, экономикалық байланыстардың артып жатқанын атап өтті.

137


Қала әкімі өз сөзінде бұл форум Қазақстан мен Өзбекстанның көп қырлы ынтымақтастығын стратегиялық тұрғыда дамытуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Шымкент қаласының Өзбекстанмен тауар айналымы соңғы бес жылда екі есе өскен.
– Екі ел Үкіметтерінің алдына өзара сауда айналымын 10 млрд. АҚШ долларына дейін көтеру жөнінде міндет қойылып отыр. Өзбекстан Шымкенттің Ресейден кейінгі екінші сауда серіктесі. Қаламыздың Өзбекстан Республикасымен өзара сауда көлемі жыл басынан бері 302 миллион АҚШ долларына жетті. Бүгінгі форумның нәтижесінде инвестициялық бағытта 3 үш үлкен жобаға келісім жасалды. Инвестицияның жалпы құны – 196 млн АҚШ доллар. Олар – құрылыс, фармацевтика және тоқыма өндірісі бағыттары. Инвестициялық ірі жобалар – экономиканың негізгі тірегі. Алдағы уақытта екі ел арасындағы іскерлік-ынтымақтастық, инвестициялық әріптестік жобалардың саны арта береді деп сенеміз, – деді қала әкімі.
Бүгінде Өзбекстан Республикасында қазақстандық 1200 компания жұмыс істеп жатса, соның 10 пайызы шымкенттік кәсіпкерлер.
Мұрат Әйтеновтің айтуынша, Шымкент Өзбекстан нарығына мұнай өнімдерін, күнбағыс майын, ұн, алюминий, цемент пен дәрі-дәрмек экспорттайды. Шымкент қаласында шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін 130 қазақ-өзбек бірлескен компаниясы тіркелген. Соңғы 2 жылдың өзінде Шымкентте өзбекстандық инвесторлардың қатысуымен жеңіл өнеркәсіп және фармацевтика салаларында жалпы құны 14 миллион АҚШ долларын құрайтын 4 ірі жоба жүзеге асырылған.
Шымкент республика бойынша аумағы жағынан ең үлкен қала және де еліміздің оңтүстік қақпасы рөлін атқарады. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы аумағында ірілі -ұсақты мұнай-химия, медициналық препараттар, пластик материалдар шығару бағытындағы 700-ге жуық өндірістік кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 130-ы өзбекстандық инвесторлармен әріптестік аясында іске асырылып келеді.
Форум аясында үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, бұл келісімдерге сәйкес Шымкентте керамика, тоқыма өнімдерін және инфузиялық ертінділерді өндіретін кәсіпорындар ашу көзделіп отыр. Іс-шара аясындағы кездесулер барысында Өзбекстан компаниялары Шымкент қаласындағы индустриалды аймақтарға қызығушылық танытты.
Айта кетсек, Шымкент қаласында Өзбекстан Республикасымен бірлескен ауқымды фармацевтикалық зауыт ашылмақ. Алдымен жобаның бірінші кезеңі іске қосылады. Екінші кезеңін 2023-2025 жылдары іске асыру жоспарлануда. Жобаның жалпы құны -–21 млн АҚШ доллары. Кәсіпорын өнімдері бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз етеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.