Шымкент қаласы мен Түркістан облысына қарасты аурухана, емхана дәрігерлерінің, ОҚМА оқытушылары мен студенттерінің басын қосқан ғылыми конференцияға Түркия, Ресей, Ұлыбритания елдерінің невролог, невропатолог, эпилептолог, нейрохирург дәрігер-ғалымдары арнайы шақырылыпты.
– Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы ғылыми конференцияларды дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді. Биыл клиникалық неврология кафедрасының жетекшілігімен халықаралық конференция өтіп жатыр. Ғылыми конференция барысында алыс-жақын шетелдерден неврология саласының жетекші ғалымдары келді. Біз бұл басқосу арқылы неврология ғылымын жан-жақты дамытып, оны емдеу ісіндегі жаңалықтарды бөлісуге, дәрігерлердің, ғалымдардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп отырмыз, – дейді ОҚМА ректоры, медицина ғылымдарының докторы Мырзабек Рысбеков.
Шетелдік дәрігерлер 8 қарашада Түркістан қаласында болып, дәрігерлік қабылдау өткізген. Ресейлік дәрігер-генетик, невролог, нейрофизиолог, м.ғ.к Сергей Курбатов пен ұлыбританиялық невролог, нейрогенетик, профессор
Генри Холден жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан науқастарды қарап, оларға дәрігерлік кеңестерін берген. Сондай-ақ, қабылдаудан соң, Түркістан облысы мен қаласының дәрігерлерімен кездесіп, өзара тәжірибе алмасты.
Дәрігерлер 9 қарашада Шымкенттегі Түркістан облыстық ауруханасының базасында бас қосып, жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өтті. Сонымен қатар, диспансерлік есепте тұратын науқастармен кездесіп, оларға дәрігерлік кеңестерін берді.
– Бұл ғылыми конференцияға шақырту алғаным үшін қуаныштымын. Түркия мен
Қазақстан – бауырлас елдер. Медицина саласы бойынша да бір-бірімізбен бөлісетін жаңалықтарымыз көп. Тәжірибе алмасу арқылы ғылыми медицинаның дамуына үлкен үлес қосып, науқастарды емдеудің тиімді әрі оңтайлы әдісін бөлісеміз деген ойдамын, – дейді түркиялық невролог-эпилептолог, профессор Жидем Өзкара.
Айта кетейік, конференцияда неврология, нейрохирургия бойынша ғылыми баяндамалар оқылып, жас ғалымдардың ғылыми жұмыстары мен зерттеулері таныстырылды. Сондай-ақ, ғылыми конференция аясында жүйке жүйесі ауруларының түрлеріне қарай дәрігерлер секцияларға бөлініп, салалық тәжірибелерімен бөлісті.