ЖОЛДАМА ҮШІН ЖАНТАЛАС Избранное

Пятница, 12 Январь 2024 05:03 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1670 раз

Франция астанасы Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына аз уақыт қалды. Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамыз аралығына жоспарланған. Жолдама берер жарыстар өткен жылы басталған-тын. Азия ойындарында да бірқатар ел спортшылары лицензияға қол жеткізген. Қазіргі уақытта Қазақстан Ұлттық құрамасы спорттың 8 түрінен 17 жолдаманы (садақ ату, велошоссе, оқ ату, қазіргі бессайыс, грек-рим және еркін күрес, бокс, спорттық гимнастика) жеңіп алды. Ал Шымкент қаласы спортшыларының мүмкіндігі қандай? Кімдерге үміт артамыз?

sport-1

 

Жоспар – 10-нан астам жолдама

Шымкент қаласы спортшыларының Олимпиада ойындарында жеңісті дәстүрі бар. Өткен Токио ойындарында каратэшілер – Дархан Асаділов пен Софья Берульцева қола жүлдегер атанған еді. Жалпы жерлестеріміз 9 жолдамаға ие болған. Бұл жолғы жоспар қандай? Әрине, осыдан төрт жыл бұрынғы нәтижеден төмен түспеу қажет. Жолдама және жүлде саны, сапасын жақсарту көзделіп отыр.
Соңғы Олимпиада ойындарында медаль саны және сапасы бойынша жерлестеріміз алдыңғы орыннан көрінген еді.
– Олимпиада ойындарына дайындық жоспарға сай жүргізілуде. Лицензия алуға үміткер спортшыларымыз оқу-жаттығу жиындарына және ҚР чемпионаттарына қатысып жатыр. Париж олимпиадасына 10-нан аса жолдама алуды жоспарлап отырмыз. Министрлікте осы бағытта жиналыс, семинарлар өтіп, тапсырмалар берілді. Президент тапсырмасына сәйкес, спорт саласында реформалар қолға алынуда. Жалпы айтқанда, қазіргі таңда спортшылардың алдында нақты міндеттер тұр. Медальдың сапасын арттыру – негізгі басымдық. Олимпиадалық спорт түрлерін жаңа үлгіде, жаңа әдістемеде дамыту, спорттық инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыс жоспарлар түзілген, – дейді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.

Кімдерге үміт артамыз?

2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама берер жарыстар өткен жылы басталған-тын. Азия ойындарында бақ сынаған жерлестеріміз жоспарлы түрде Париж Олимпиадасына дайындалуда. Былтыр Жазғы Азия ойындарында Шымкент қаласының спортшылары 5 алтын, 10 күміс, 11 қола жүлдеге иелік етіп, жарысты абыроймен аяқтады. Азия чемпионатының және Азия ойындарының жүлдегерлері Олимпиадаға жолдама алуға үміткер спортшылар саналады. Атап айтқанда, нысана көздеуден Зухра Ирназарова, Фатима Ирназарова, Андрей Худяков және Асадбек Назаркульев, стенд атудан Зоя Кравченко мен Ольга Панарина, байдарка және каноэде есуден Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов, Ирина Подойникова, Руфина Искакова, грек-рим күресінен Мейіржан Шермаханбет, Әлімхан Сыздықов, көркем гимнастикадан Эльжана Таниева мен Милана Парфилова, семсерлесуден Эльмир Әлімжанов пен Ерлік Сертай лицензия алуға үміткерлер қатарында.
Енді әр спорт түріндегі жағдайымызды саралап көрсек. Әрине, боксшыларға артылар сенім зор. Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, жас дарын Махмұд Сабырхан қызу дайындыққа кіріскен. Әлем чемпионатынан кейін 57 келі салмаққа ауысып, ҚР спартакиадасында топ жарды. Сонымен қатар, әйелдер боксынан Жайна Шекербекова еліміздің басты үміт артар спортшыларының бірі. Соңғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Қос боксшы наурыз айында Италияда өтетін әлемдік 1-ші іріктеу турниріне қатысады.

sport


Шаһарда күрес түрлерінен де бірқатар балуандар дайындықтарын пысықтауда. Грек-рим күресінен Азия ойындарының күміс жүлдегері Мейіржан Шермаханбет, қола жүлдегер Әлімхан Сыздықов елімізде өз салмағында үздіктердің бірі. Қос балуанға Олимпиада жолдамасын жеңіп алу мақсаты қойылған. Еркін күрестен Азия чемпионы Дархан Есенғали да үміткерлердің сапында. Алдымен еліміздің балуандары ақпан айының басында Астанада өтетін ел чемпионатында бақ сынайды. Сонда топ жарған спортшылар сәуір айында Бішкекте өтетін Азия олимпиадалық іріктеу турниріне аттанады.
Таэквондодан ҚР Спартакиадасының жеңімпазы Самирхон Абабакиров 58 келіде жолдамаға таласады. Құрлықтық олимпиадалық іріктеу сайысы наурыз айында Қытай елінде өтеді деп жоспарланып отыр.
Дзюдо күресінен Айбол Нысанәлі жауапты бәсекеге қатысуға үміткерлер қатарына енген. ҚР Спартакиадасының жүлдегері Олимпиада ойындарына дейін халықаралық турнирлерге қатысып, ұпай жинауы тиіс.
Ханчжоуда өткен Азия ойындарында жерлестеріміз Эльжана Таниева мен Милана Парфилова жекелей көпсайыста күміс, қола жүлделерді олжалады. Енді аталған спортшылар сәуір айында өтетін Азия чемпионатында жолдама үшін бақ сынайды.
Сондай-ақ, Азия ойындарында жеңімпаз және жүлдегерлер қатарынан көрінген нысана көздеу, стенд ату, байдарка және каноэде есу, семсерлесу, жеңіл атлетика және тағы басқа спорттың өкілдері де лицензия алуға үміткерлер. Биыл қаңтар айынан маусымға дейін әлемдік, құрлықтық іріктеу турнирлері ұйымдастырылады. Біз жауапты бәсекелерде қала спортшыларына сәттілік тілейміз.

Дайындық штабы ашылды

Таяуда Туризм және спорт министрлігі жанынан Канвон-2024 қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы мен Париж-2024 жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық бойынша штаб ашылып, жұмысын бастады. Аталған штаб Мемлекет басшысының Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерациялары бірлесе жұмыс істеу керек деген тапсырмасын орындау мақсатында құрылды.

sport-2


Штабтың негізгі жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету. Штаб барлық кешенді жарыстар аяқталғанға дейін тұрақты негізде жұмыс істейді.
ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев алда 80-нен астам лицензиялық турнир бар екенін, сол сында отандық спортшыларға зор сенім артылып отырғанын атап өтті. Париж Олимпидасына дейін 89 жарыс, яғни лицензиялық Әлем чемпионаттары мен Азия чемпионаттары бар. Осы жарыстарда спорттың 20 түрінен 100-ге жуық жолдама алу мақсаты тұр.
Мемлекет басшысы Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдау жиынында спортты дамыту үшін қолға алынуы тиіс нақты шараларға тоқталып өткен еді. Президент ұлттық құраманың дайындық деңгейін арттыру мәселесін негізгі міндеттің бірі ретінде атады. Спортшылардың жоғары деңгейде дайындалуы үшін спорт медицинасы мен фармакология бағытындағы заманауи инфрақұрылыммен жабдықтау маңызды.
Мемлекет басшысы өткен жарыстардағы олқылықтардан нақты сабақ алып, алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалуға шақырды.
Айта кетсек, Париж-2024 Олимпиада ойындарына әлемнің 200-ден астам елінен 10 мыңнан аса спортшы қатысады. Спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.