ТАРИХТЫҢ ЖАҢА БЕТІН АШҚАН ҰЛАНДАР Избранное

Пятница, 06 Октябрь 2023 04:19 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 2885 раз

2022 жылы күрес түрлерінен Ұланбатырда (Моңғолия) өткен Азия чемпионатында грек-рим күресінен екі бірдей алтын жүлдеге қол жеткіздік. Шымкенттік балуандар Мейіржан Шермаханбет пен Әлімхан Сыздықов Қазақстан қоржынына қос алтын салды. Расында, оңтүстік жұртына Азия чемпионатының алтын жүлдесі үлкен олжа еді. Әлемдік саптағы мықты балуандардың бірі Мейіржан Шермаханбет биылғы Жазғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды. Бұл жүлдені спорт жанкүйерлері үзақ күткен болатын.

250

 

Мейіржан – Азия ойындарының күміс жүлдегері

Өткен Азия ойындарында грек-рим күресінен ұлттық құрама 2 күміс, 3 қола жүлдемен оралып еді. Соңғы рет Нұрмахан Тыналиев 2014 жылы Инчхон ойындарында жеңімпаз болды. Ал грек-рим күресінен Оңтүстік балуандарынан Марат Кәрішалов (55 келі) соңғы рет 2010 жылы Гуанжоуда қола жүлдеге қол жеткізген. Міне, Ханчжоудағы Азия ойындарында жеңісті дәстүр жалғасып, қоржынға күміс пен қола жүлде түсті. Бұл жолы еліміздің балуандары 1 күміс, 2 қола жүлдеге ие болды.
Мейіржан Шермаханбет Шымкент қаласы балуандарының арасында тұңғыш болып 2018 жылы әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Азия ойындарында да финалға шығып, тарихтың жаңа бетін ашты. Ханчжоу кілемінде Тайланд, Қытай, Иран балуандарынан басым түсіп, финалда жапониялық қарсыласына ұпай санымен есе жіберді.
Мейіржан Шермаханбет – әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы. Шымкент қаласының балуаны осылайша Азия ойындарында да жүлдеге қол жеткізді. Аса ауыр салмақта Әлімхан Сыздықов та Ханчжоу кілемінен қола жүлде жеңіп алды. Қос балуанға Олимпиада жолдамасын жеңіп алу мақсаты қойылған.

252


«Әрине, спорттың жолы – ауыр еңбек. Әлем чемпионатында, Азия іріктеу турнирінде жіберген қателіктерді түзедік. Біршама әдіс-тәсілдерді жетілдіруге жұмыс істедік. Төрттағанда қолданатын әдістер, кілемнің сыртына шығара лақтыруда біршама тәсілдерді үйрендік. Яғни, қарсыласты алдап-соғу, басқа әдіспен сан соқтырып кету өз нәтижесін беруде. Мұны ұлттық құраманың жаттығу жиындарында көп қайталадым. Сол кезде осы әдістерге арнайы уақыт бөлдік. Шетелдік тәжірибелі балуандардан да үйренетін тұстарымыз бар. Жалпы, мұндай ерекше тәсілдерді істеуге де икем қажет. Жалпы өзім грек-рим, еркін күрестегі барлық белдесулерді тамашалаймын. Әрқайсысынан өзіме керегін аламын. Кейбірінің істеген қателіктерінен сабақ алып, жақсы әдістерін тәжірибемде қолдануға тырысамын». Осылай деген Мейіржан Шермаханбетке енді Олимпиада жүлдесі ғана жетпей тұр.
Енді еркін күрестен ҚР Спартакиадасының жеңімпазы, Азия чемпионы Дархан Есенғали мен әйелдер күресінен тәжірибелі балуан Елена Шалыгинаның жолына үмітпен қараймыз.

Боксшылар 2 Олимпиада жолдамасын иеленді

Қазақ елінің боксшылары өткен Азия ойындарында 2 күміс жүлдемен оралып еді. Асланбек Шымбергенов 69 келі, Әбілхан Аманқұл 75 келіде екінші орын алған-тын. Екі отандасымыз да финалда өзбекстандық боксшыларға жол берген.
Сонымен, биылғы Азия ойындарында отандастарымыз бокстан 5 жүлдеге ие болды. Карина Ибрагимова мен Қамшыбек Қоңқабаев финалға шығып, Олимпиада жолдамасын иеленді. Және екеуі де күміс жүлделерге ие болды. Наталья Богданова, Асланбек Шымбергенов және Сағындық Тоғамбай қола жүлдегер атанды. Өкінішке қарай, әлем чемпиондары Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырхан алғашқы Азия ойындарында жүлдеге жете алмады.
Сары құрлықтың басты бәсекесінде кеше көптен күткен каратэ бәсекелері де басталды. Еліміздің жас дарынды спортшыларының бірі Нұрқанат Әжіқанов 75 келіде жеңімпаз атанды. Биыл Азия чемпиондары, Шымкент қаласының спортшылары Қайсар Алпысбай және Софья Берульцевадан ел үміт күтіп отыр.
Ұлттық құрама көшбасшысы С.Берульцева табанды еңбектің нәтижесінде биыл құрлық чемпионатында үздік шықты. 2021 жылы Токио олимпиадасында және әлем чемпионатында (Дубай) қола жүлдеге қол жеткізді. Сол жылы Ислам ынтымақтастық ойындарында (Конья, Түркия) топ жарды. 2022 жылы Дүниежүзілік ойындардың (Бирмингем) чемпионы. 2023 жылы Азия чемпионатының жеңімпазы атанып қайтты. 2019, 2021, 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Енді биыл Азия ойындарында алтын медальдан басты үміткерлердің бірі.
Айта кетсек, Қайсар Алпысбай (60 келі) 6 қазан күні, ал Софья Берульцева (+68 келі) мен Данияр Юлдашев (84 келі) 7 қазан күні жарыс жолына шығады. Біз жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.