Жабал ЕРҒАЛИЕВ, сенатор, жазушы: Жұмақ iздеп желiкпе, туған жерiң барында

Среда, 27 Апрель 2016 06:41 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 4844 раз

Шекара асып, қарулы қақтығыстар жүрiп жатқан Таяу Шығыс елдерiне
барғысы келiп жүрген жастарға айтар сөз

Күн сайын құбылып тұрған бүгінгі дүниенің ахуалы адамзатты түрлі сынақтарға салып және де сол адамзат баласының басына түрлі қауіп пен қатерін де төндіріп тұр. Ақылы мен парасаты бар және де ғылымы мен техникасы сәт сайын жетілдіріліп жатқан дүние ғаламының адамы әлі де соғыс пен түрлі қарулы қақтығыстардан көз аша алмай келе жатқандығы, әрине, өкінішті-ақ. Келісе алмай, керісіп жатқан бүгінгі дүниенің бейбіт тыныштығы қашан орнар екен деген алаң көңілдің орнына түсер күні туар ма екен?!


zherghalievСонау Африка құрлығы мен Таяу Шығыс елдерінен бір жандарына тыныштық іздеп, ашық теңізбен қолдарына түскен қалт-құлт еткен қайыққа мініп, шыбын жандарын қатерге тігіп, Еуропа құрлығына лап қойған босқындар енді сол Еуропа мемлекеттерінің өздерін саяси, әлеуметтік-экономикалық тығырыққа тіреп отыр. Бұл жағдайға, яғни халықтың босып кетуіне Африка мен Азияның жекелеген мемлекеттеріндегі жекелеген тайпааралық және діни көзқарастардың қарулы қақтығыстарының созылмалы жағдайы себепкер болды.
XXI ғасыр да адамзат баласының үмітін екіұдайлы қылмақшы ма? Алайда, бұл ғасырдың да қаупі мен қатері аз болмайтындығын Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сан мәрте айтумен болған-ды. Елбасы 2015 жылғы 30 қарашада «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлем тұрақсыз бола түсті. Жетекші державалар бір-біріне қарсы санкциялар енгізді. Олардың арасындағы сенім күрт төмендеп кетті. Таяу және Орта Шығыс, Солтүстік және Орталық Африка өңірлеріндегі тұрақсыздық пен дау-жанжалдар кең ауқымды босқындар ағынына апарып соқтырды. Әрбір күн террорлық актілер мен ондаған адамдардың қаза тапқандары туралы хабарлар жеткізуде. Бүгінде халықаралық терроризм әлемге елеулі қатер төндіріп тұр», деп атап көрсетіп, заманның бүгінгі сипатын дәл анықтап айтқан-ды.
Қазіргі уақытта әлемді толғандырып отырған экстремизм мен діни радикализм мәселесі біздің елімізді де шет айналып өтпесі анық. Өйткені, геосаяси орналасу жағдайы мен әлемдік қоғамдастықтағы, соның ішінде экономикалық әрі стратегиялық жағынан алар маңызды орны бар еліміздің көпэтностық пен көпконфессиялық ерекшелігін өздерінің теріс пиғылды әрекеттеріне пайдаланып қалғысы келетін сыртқы да, ішкі де күштердің табылмай қалмасы анық. Бүгінгі күні өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығының кезеңінде тұрған Қазақстанды әлемдегі тыныштық пен бейбітшіліктің аралы деп айтар болсақ, бұл Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясатты адал да көрегендікпен, заманның тынысын алдын ала сезіп, болашақты дұрыс бағдарлай білерлік алғыр ойының жемісі деп санаймыз. Көпдінді және көптілді Қазақстанның бүгінгі әлемдік абыройын сақтау және жүздеген ұлысқа құтты мекен болып отырған өзіміздің туған еліміздің тыныштығы мен береке-бірлігін нығайту, Елбасы алдымызға тартып отырған Ұлт Жоспарын орындау мәселесінің де, міндеттердің де ең маңыздысы болып саналады.
Заманның желікпе желімен желпініп те желігіп те, алды-артын ойламастан азғырынды бір жолға түсіп кетіп жатқан өз отандастарымыздың кейбір әрекеттері мен қылықтарына налисың, тіпті, соған жаныңның да ауыратыны бар. Әсіресе, жекелеген азаматтарымыздың жалған «жиһадты» желеулеткен теріс идеяның жетегіне еріп, адам қаны судай шашылып жатқан Таяу Шығыстағы Сирияға барып жатқандықтары алаңдата түседі. Өйткені, қазіргі уақытта Қазақстанның арнайы қызмет органдарының мәліметі бойынша біздің елімізден Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстар жүріп жатқан соғыс ошағына аттанған азаматтардың саны 400-ді құрап отыр, олардың 250-і әйелдер мен балалар екен.
Діни уағызбен елдің санасына билік жасау оңай болса керек. Сондықтан да, сананы жаулайтын әдістің бірі – діннің атын жамылу арқылы, әсіресе, әлі ой-санасы мен көзқарасы толық қалыптасып болмаған жастарды тура жолдан адастырып, оларды иманынан жаңылдыру еліміздегі ішкі тұрақтылыққа қауіп төндірерін де ойлағанымыз абзал. Жалған «жиһадтың» желеуімен жазығы жоқ адам баласын қыруға жол беретін террорлық әрекеттердің ешқайсысы да ешқандай бір дінге де, идеологияға да қатысы жоқ. Тек олар дін мен идеологияны өздерінің адам баласына қарсы жасалып жатқан жауыздық әрекеттерін ақтап алу үшін ғана пайдаланатындығын білгеніміз жөн.
ДАИШ содырларының қаншама жазықсыз жандардың өмірлерін қиып, небір қанішерлік әрекеттерге барып жүргендіктері жайлы деректі мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдары айтып та, жазып та жатыр. Түркияның астанасы Анкара қаласында күні кеше жанкештілердің халық көп жиналатын автобус аялдамасының жанында жарылыс жасауы адам қанын жазықсыз шашу мен адам баласының бейкүнә өмірін жауыздықпен қию емес пе? Бұл қай дінге, қай иманға, қай заңға сыяды?! Әрине, Анкарадағы бұл жарылысқа ДАИШ содырларының қатысы да жоқ болар. Дегенмен, Ислам атын жамылған ДАИШ сияқты мұндай ұйымдардың және де кез келген «жиһадшыл» жанкештілердің әрекеттері мен олардың ұстанымдарын барша адамзат баласына, оның түрі мен түсіне де, тілі мен дініне де қарамастан, тек ізгілік пен жақсылық қана тілейтін, әлемде тек бейбітшілік болуын ғана көздейтін Ислам дінімен жанастырудың еш қисыны жоқ қой деп ойлаймыз. Жалпы, Ислам діні мен лаңкестік әрекеттерді бір сатыға қойып, бірге жіктеу, болмаса Ислам мен лаңкестік әрекеттер арасында әлдебір байланыс бар деудің өзі жаңсақ пікір болар еді.
Бұған бірден-бір дәлел қасиетті Құранның «Мәида» сүресінің 32-аятында «Жазықсыз адамды өлтірген адам – барлық адам баласын өлтіргенмен тең (күнәһар) болады», деп көрсетілгендігі бар. Ал Мұхаммед пайғамбар болса, «Ақиқатында сендердің қандарың, мал-мүліктерің бір-бірің үшін қастерлі, қол сұғуға болмайды. Мына қажылық күніндей қастерлі, қажылық айындай қастерлі, Мекке қаласындай қастерлі», деп өсиет қалдырған жоқ па еді? Осы екі ғана дәлеліміздің өзі жалпы адамзаттық құндылықтарды басшылыққа алатын өзге де діндер тәрізді Ислам діні де жазықсыз адамға, оның өміріне, жеке мүлкіне немесе ар-намысына қатысты қандай да бір басқыншылық жасауға рұқсат бермейтіндігін айғақтап тұр ғой деп ойлаймыз. Исламның бұл қағидасы – барша Адамзатқа ортақ қағида боларлық құндылық!
Ал енді жалған «жиһад» жариялап, Ислам атымен сол Сирия жерінде лаң салып отырған Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ ұйымының (ескерту: ДАИШ ұйымының ИГИЛ-ден («Исламское государство Ирака и Леванта») ешбір айырмашылығы жоқ және арабшаға «ad-Dawla al-Islamiya lil-Iraq wa ash-Sham» (ДАИШ) болып аударылады.) Исламмен еш байланысы жоқ екендігін діни қайраткерлер де, әлем саясатшылары да айтып әрі дәлелдеп отыр. Расында, жекелеген топтар мен жекелеген діни экстремистердің бүгінгі әрекеттерін, олардың жүргізіп отырған саясаттары мен адам баласына қастандық жасауға негізделген амалдарын Исламмен жанастыруға ешқандай негіз жоқ. Мұны «Ислам» сөзін пайдалану арқылы өз идеологиясын таратып, өздерінің қатарына жақтас адамдарды тартудың бір жолы ғана деп білген абзал.
Қазіргі уақытта Қазақстанда діни наным-сенім бостандығы Конституциямен қамтамасыз етіліп отыр. Соған орай көптеген ұлттар, ұлыстар мен конфессиялардың өкілдері өзара келісім мен мәмілегерлікте, ынтымақта өмір сүріп жатыр. Жалпы, Қазақстанда барлық дәстүрлі діндерге деген зор құрмет бар. Мұны әлем мойындап отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен және ұйымдастыруымен Астана қаласында 2003 жылдан бастап әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өткізіліп келеді. Бұл – XXI ғасырдың аса ауқымды оқиғаларының бірі! Міне, өз елімізде, өзіміздің ежелгі қазақ жерінде Ислам дінінің дамуына жасалып отырған осындай ауқымды да жан-жақты жағдайлардың да, еліміздегі бейбіт өмірдің бағасын да білмей, соңғы уақытта тым көбейіп кеткен түрлі діни жат ағымдардың ықпалына еріп, еліктеуге бейім жастарымыздың қанды қырғынға оранған Сирия жеріне шекара асып барып жатқаны, әрине, өкінішті жағдай. Ал енді жиһадшылардың жалған жарнамасына еліккен де жаңылған, әлі жеткілікті білімдері де аз жастардың арасында өз бастарын қауіп пен қатерге тіккен қыздарымыздың болуы, одан да өкініштісі жас балаларымызды да қасапты қырғынға алып бару тіпті де обал емес пе? Ойланайық!
Діни-экстремистік ұйымдардың негізгі мақсаты – ел ішіне лаң салу, бүлік тудыру, діндес адамдардың араларын арандату, бір-бірімен соғыстыру, сол арқылы аттөбеліндей аз ғана топтың материалдық мүддесін көздейтіндіктері қазір айдай әлемге белгілі болып қалды. Сондықтан да қазіргі жастарға діни экстремизм мен лаңкестік әрекеттердің түпкі мәні мен мақсаттарын тереңірек түсіндіріп, ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін ажырата білулеріне күш салуымыз керек. Жастарымыздың ізгі мұраттағы діннен дұрыс білім алуларына айрықша көңіл бөлінгені жөн. Теріс пиғылды жат ағымдардың өз мүдделері үшін әдейі бұрмалап, әсіре пайдаланып жүрген кей ұғымдардың Исламдағы шынайы мәнін тереңірек ашып, ұғындыруға діни қызметкерлеріміз бен теолог ғалымдарымыз белсенді атсалысулары керек.
Бұл мәселеге осы тұрғыдан келе отырып, біз ең әуелі жиһадтың ең алдымен адамның өз нәпсісін тәрбиелеу екендігін, өзін өлтірудің және де жазықсыз өзге жандарды өлтірудің Исламда үлкен күнә саналатынын жастарымыздың және де бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың саналарына күн сайын сіңіруге тиістіміз. Еліміздің ертеңі, болашағымыздың тірегі саналатын жастарымыз аға буынның жанашырлық тәлімін дұрыс қабылдап, туған еліміздің игілігіне қызмет етуге күш салғаны абзал.

«Егемен Қазақстан»

Последнее изменение Среда, 27 Апрель 2016 06:57
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.