Наурыз айы келгенде, Наурыз тойын бергенде... Избранное

Среда, 27 Март 2024 05:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 158 раз

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін шымкенттіктер ерекше атап өтті. Он күндік аясында салт-дәстүр, ұлттық ойындар мен киімдер дәріптеліп, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетілді. Газетіміздің оқырмандарына мереке мезеттерін ұсынып отырмыз.

nauris11

 

Күй ойнады күмбірлеп

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты мекемелер мен білім беру ұйымдарының қатысуымен 20 наурызда «Күй күмбірі» республикалық челленджі өтті. Шымкентегі Д.Қонаев атындағы жалпы орта мектебінде өткен іс-шарада қала мектептерінің 300-ден астам оқушысы Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Дәулеткерейдің «Көроғлы» және Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін орындады.
Домбырашылар челленджі – 2023 жыдан бері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан Наурыз қарсаңындағы ауқымды республикалық жоба. Челлендждің мақсаты – балалар мен жастардың, мұғалімдер мен ата-аналардың шығармашылық жетістіктерін көрсету және домбыраны дәріптеу.
Челлендж былтыр алғаш рет өткен болатын. Домбыраның күмбірлеген үні бір уақытта барлық білім беру ұйымдарында ойнап, ұлт байлығын насихаттаған жоба еліміздің мәдени өмірі үшін елеулі оқиға болды.

nauris10


Игі шара өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтар мен патриоттық сезімдерді қалыптастыруға, елдің мәдени мұрасын жалғастыруға, балалар арасында домбырада ойнауды насихаттауға бағытталған.

Тұлпарлардың тұяғы дүбірлеген күн

Шымкент қаласының жаңа ипподромында дәстүрге сай ұлттық спорт ойындары қайта жаңғырды. Биыл Наурыз мейрамы аясында елімізде алғаш рет Ұлттық спорт күні аталып өтті. Жаңа атшабарда қала тұрғындары бәйге, аударыспақ, конкур, көкпар, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, теңге ілу сияқты ұлттық ат спорты ойындары жарыстарын тамашалады. Иә, бұл тұлпарлардың тұяғы дүбірлеп, ат сүйер қауымның делебесі қозып, шабандоздардың рухын көтерген күн болды. Тартысты бәсекелерді тамашалауға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков те келді.
Аталған нысанда таяуда ғана ұлттық ат спорты – бәйгеден Қазақстан Республикасы чемпионатының іріктеу турнирі өткен-ді. Бәйгеден Қазақстан чемпионаты жалпы 9 кезеңді қамтиды. Соның алғашқы кезеңі Шымкент қаласында ұйымдастырылды. Ұлттық ат спортының жанкүйерлері бәйгенің үш түрі – Құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйге бәсекелерін тамашалады.
Наурыз мейрамы аясында конкур, теңге ілу, жамбы ату, қыз қуудан Шымкент қаласының ашық турнирі және 14 шақырымдық аламан бәйге жоғары деңгейде өтті. Ал, көкпар, аударыспақ және дәстүрлі садақ атудан Шымкент қаласының ашық турнирінің финалдық кезеңі қала тұрғындарының делебесін қоздырды.

nauris13


Ұлттық ат спорты ойындары конкур сайысынан басталып, аламан бәйгемен аяқталды. Іс-шарада жергілікті спортшылар өз шеберліктерін паш етті. Желдей жүйткіген сәйгүліктің үстінде отырып теңгені ептілікпен іліп алу, кедергілерден секіру, ат үстінде отырып күш сынасу – бәрі де тұрғындарға керемет әсер сыйлады.
Наурыз мейрамындағы сайыста көкпардан «Адырна» командасы 1-ші, «Арғымақ» командасы 2-ші орын алды. Аударыспақтан Мұқағали Көбей, теңге ілуден Бақыт Төлтай, конкурдан Томирис Ергешова топ жарды. Дәстүрлі садақ атуда Махамбет Сәтбаев үздік шықса, жамбы атудан ұлдар арасында Ерасыл Жүзбай, қыздар арасында Әсемай Сатыпалды жеңімпаз атанды. Ал, шашасына жаң жұқпаған «Бегімай» сәйгүлігі 14 шақырымдық аламан бәйгеде қара үзіп келді.
Көкпар және аламан бәйге сайысының жеңімпаздары демеушілер есебінен қаржылай сыйақылармен марапатталды. Іс-шаралар Наурыз мерекесіне орай салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру, спорттық және сауықтыру іс-шараларына қала тұрғындарын тарту, ұлттық және ат спорты түрлерін дамытуды мақсат еткен.
Биыл қыркүйек айында елімізде 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл ауқымды халықаралық іс-шара ұлттық спортты одан әрі дамытуға тың серпін береді. Жаңа ипподромдағы ат спорты сайыстары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық кезеңінің бірі екенін атап өткен жөн.

Ойын ойнап, ән салмай, Наурыз тойы өтер ме?

Ұлыстың ұлы күні 22 наурызда Астана алаңында «Армысың, әз-Наурыз» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік думан музыкалық-театрландырылған қойылыммен басталды.
Атап айтқанда, «Қазына», «Қаракөз», «Шамсинұр», «Шаттық» би ансамбльдері, Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театры актерлерінің композициясы, халық әндері көпшілік назарына ұсынылды.
Шымкент қалалық опера және балет театрының солистері — ҚР мәдениет қайраткері Үрәлхан Сейілбекова, Жұлдызай Мұсаева, Салтанат Жұмадилова әннен шашу шашып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Іс-шара одан әрі қарай жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.
Сондай-ақ, қала тұрғындары цирк әртістерінің, аниматор, мультфильм кейіпкерлерінің бағдарламаларын және қуыршақ шеруін тамашалады. Қала тұрғындары арасында ұлттық спорт ойындарынан жарыстар өтіп, жеңімпаздар анықталды.
Мерекелік іс-шара аясында ұлттық спорт түрлерінен — қазақ күресі, қошқар көтеру, арқан тарту, тоғызқұмалақ, асық ату, қол күрестен сайыстар ұйымдастырылды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан қала тұрғындары тартысты бәсекелерді тамашалап, балуандарға қолдау көрсетті.
Қазақ күресінен түйе палуандар арасында қаланың ашық турнирінде белгілі спортшы Ерсұлтан Мұзаппаров топ жарды. Тәжірибелі балуан финалда Нұрсұлтан Қожагелдіұлынан басым түсті. Әлем чемпионы Әділжан Ыстыбаев пен жастар арасында әлем чемпионатының жүлдегері Мейіржан Әбдімәліков үшінші орынды иеленді.
Жеңімпаз балуан 200 мың теңге, екінші орын иегері 100 мың теңге, үшінші орын иегерлері 50 мың теңге қаржылай сыйақылармен марапатталды.
Қол күрестен қала тұрғыны Бауыржан Бекет мықтылығын көрсетіп, жеңімпаз атанды. 100 келілік қошқарды 47 рет көтерген Сапарғали Салқан үздік нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, арқан тарту, тоғызқұмалақ, асық атудан да үздіктер анықталды.

nauris12


Он күн бойы тойланған Ұлыстың ұлы күні дүбірлі думанмен жалғасты. Күндіз басталған концерттік бағдарлама қаланың көрікті жерлерінде түн жарымына дейін жалғасты.
Шымкент қаласына қарасты аудан әкімдіктері Әл-Фараби және Наурыз алаңында, «Жеңіс» саябағында, Сайрам тұрғын алабындағы «Наурыз» саябағында, Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ал, кешкісін республикаға танымал әншілердің қатысуымен гала-концерт өтті. Концертте еліміздің белгілі өнер жұлдыздары «Жігіттер», «Орда» тобы, Qanay, Наzима және Шымкент қалалық мәдениет үйі өнерпаздары Бота Әлімхан, Бану Жолдасбекова, Астана Қарғабай, «Қазына», «Қарагөз», «Шамсинұр», «Шаттық» би ансамбльдері өнер көрсетті. Концерттік бағдарламаны еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов, Айнұр Ахметжанова жүргізді.

Базар нарқынан 15-20 пайызға арзан

Қала жұртшылығы сенбінің таңын Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда қарсы алды. Мұнда халық әдеттегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне жиналды. Қала тұрғындары сапалы, табиғи, балғын өнімдерді базар нарқынан арзан бағаға алды.
Жәрмеңкеде ет, сүт, балық өнімдері, көкөністер мен дәнді дақылдар сатылды.
– Апта сайын жергілікті тауар өндірушілер мен шаруа қожалықтарының және көтерме сауда қызметімен айналысатын кәсіпкерлердің қатысуымен қаланың 8 жерінде азық-түлік жәрмеңкелері тұрақты ұйымдастырылып тұрады.
Әр сенбі сайын өтетін жәрмеңкеге Шымкент қаласы мен көрші облыстардан 300-ден астам кәсіпкер қатысады. Бір күнде 170-180 тоннаға жуық азық-түлік тауарлары сатылады. Қала әкімдігінің қолдауымен өтетін жәрмеңкенің мақсаты шаруа қожалықтарын, өндіруші кәсіпкерлерді қолдау және қала халқына делдалсыз көтерме бағада тауар ұсыну. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын тұрақтандыру мақсатында да қадағалап отырамыз, – дейді Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жандос Мұсабекұлы.
Жәрмеңкеде өнімдерін саудалаушыларға тұратын орын тегін беріледі және қажетті жабдықтармен толық қамтылған.
– Осы жәрмеңкеге келіп жүргенімізге 15 жылдан асты. Халық та үйренген. Тұрақты сатып алушыларымыз бар. Жалпы халық көп келеді, соған қарай сауда да жақсы. Базар тарқағанша әкелген тауарымыздың 90 пайызын сатып үлгереміз, – дейді Төлеби ауылынан сүт өнімдерін әкелген Гүлмира Маратқызы.
Айта кетейік, жәрмеңкеге «Дәмді ет», «КазКомАгро» ЖШС, «Қайнар құс», «Мадина» макарон фабрикасы, «Нарлен» ЖШС, «Ордабасы құс» ЖШС, «Пионер» ЖШС, СПК «Алма», «Тассай құс» ЖШС, нан өнімдерін өндіруші ЖК «Темиршиков», «Шымкент құс» ЖШС, «Шұбар құс» ЖШС, «Delis natural» ЖШС, кондитер өнімдерін, ет және сүт өнімдерін өндіруші кәсіпкерлер, сонымен қатар, «Жібек жолы» базарындағы көтерме сауда қызметімен айналысатын көкөніс сататын кәсіпкерлер тұрақты түрде қатысып келеді.

3 мыңға жуық адам қатысты

Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы аясында өткен «Тазару» күнінде қала тазалығына жауапты коммуналдық мекемелер аудандарда күшейтілген тәртіпте жұмыс жүргізді. Тазалық жұмысына 3 мыңға жуық қызметкер қатысып, 100-ге жуық техника тартылды.
Тазалық жұмыстары Қаратау ауданында таң сәріде басталды. Мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылған аумақтар қоқыстан тазартылып, жұмыстар Бәйдібек би, Тауке хан даңғылдарында, Түркістан, Арғынбеков, Сайрам көшелерінде жалғасты. Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары, аялдамалар, ирригациялық жүйелер тазартылып, қураған ағаштар, бұтақтар кесіліп, ретке келтірілді.

Тағабай ҚАСЫМОВ,
Гүлнұр БАЛАБАСОВА,
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.