ЭНЕРГЕТИКТЕРДІҢ ФОРУМЫ ӨТТІ

Четверг, 03 Ноябрь 2022 04:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 552 раз

energetika

Шымкентте Халықаралық ардагер энергетиктердің XI форумы өтті. Іс-шараны Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығы мен еліміздің ардагер энергетиктер Кеңесі ұйымдастырды. Форумға Қазақстан және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанның ардагер энергетиктері, өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен аймақтық электр желілері компанияларының басшылары қатысты.

Жиында саланың бірқатар өзекті мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, электр энергетикасы құрылымының (электр жүйесі, күш трансформаторлары, станциялар, қосалқы станциялар т.б.) тозуы, электр энергиясы тапшылығының басты себептері, жаңа қуаттардың жеткіліксіздігі мәселесі талқыға түсті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында желілердің тозуын азайтуға тапсырма берген еді. Сондай-ақ, Президент Астанада өткен жиын барысында газ және энергетика саласында электр желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі мен жаңа қуат өндіру жолдарын жасауды тапсырды.

Іс-шарада отандық және шетелдік ардагер энергетиктер сала тарихы мен кәсіподақтың өзекті мәселелері бойынша баяндама жасады. Қазақстан ардагер энергетиктер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов атқарылған жұмыстардың нәтижелерінен хабардар етті. Қазақстанның электр машина жасаушылар қауымдастығының төрағасы Еркебұлан Ильясов Шымкент қаласында энергетика саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Шетелдік меймандар форум аясында «Alageum Electric» компаниясының экспорттық бағытқа негізделген «Asia Trafo» зауытының өнімдермен танысты.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.