Әлеуметтік саладағы жаңалық халықтың әл-ауқатын арттырды Избранное

Среда, 17 Январь 2024 05:03 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 318 раз

Еліміздің әлеуметтік саладағы әр жыл сайын орын алып жатқан өзгерістер мен ауқымды жобалар оң нәтижесін беріп келеді. Әсіресе, жұмыссыздықпен күресу мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар халықтың тұрмыс жағдайы мен өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етті. Шымкент қаласының өзінде биыл 55 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Жауаптылар айтуынша, оның ішінде 40 540 азаматты тұрақты, ал 7839 азаматты уақытша жұмыспен қамту қарастырылған. Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат ӨТЕБАЕВА әлеуметтік салада атқарылған және жоспарланған жұмыс барысымен таныстырды.

jumis

 

– 2023 жылы қалада 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған болатын. Жыл қорытындысында үшінші мегаполисте 74 мың адам қатысып, жоспар артығымен орындалды. Ал, мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беру жұмыстары былтырдан бері автоматтандырылған әлеуметтік портал арқылы жүзеге асуда. Бүгінге дейін портал қызметін 40 мыңға жуық қызмет алушы пайдаланды. Әлеуметтік портал арқылы мүгедектектігі бар адамдар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақтылы жеткізілмегеніне шағым беруге құқылы. Портал бойынша шешім қабылдайтын жергілікті комиссия өкілеттігіне өтінімді қарастыру, өнім берушіге сапасыз тауарды немесе қызметті көрсеткені үшін өтінімді жолдап, бақылауда ұстау, порталға кіруге шек қою және жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізу құқығы берілген. Жалпы, Шымкент қаласы бойынша қазіргі таңда 40 728 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның 7 мыңнан астамы 18 жасқа дейінгі балалар. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында мүгедектігі бар азаматтарға өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы да ұйымдастырылған. Әлеуметтік қызметкерлер қажеттілікке орай, арнайы қатынап та қызмет түрлерін көретеді, –деді басқарма басшысы.
Басқарма басшысының мәліметінше, өткен жылы 3 538 мың адам оңалту шараларымен қамтылған. Оның ішінде стационарда – 816 азамат, жартылай стационарда – 326, оңалту орталығында – 495, үйде қызмет көрсету – 95, елде уақытша болу жағдайымен – 452, үкіметтік емес ұйымдар арқылы – 496 адам қызмет алған. Көші-қон мәселесі және қандастармен жұмыс жасау бойынша 31 желтоқсанға дейін Шымкент қаласында 879 отбасы, 1418 адам «қандас» мәртебесін алса, оны 6 айға ұзартқандар саны 61 отбасынан 79 адамды құраған. Қандас мәртебесін алғандардың ішінде – 612 ер адам және 584 әйел адам, 18 жасқа дейінгі тұлғалар – 391 адам, зейнеткерлік жастағы адамдар – 93 адам, еңбекке қабілетті – 712 адам. Оның ішінде, білім деңгейі бойынша: жоғары білімді – 121 адам, орта арнайы білімді – 328 адам, жалпы орта білімді – 226 адам, білімі жоқ – 37 адам. Қоныс аударған қандастар ТМД және шетелдерден көшіп келген этникалық қазақтардың басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан келгендердің үлесінде. Атап айтқанда, Өзбекстаннан – 1388, Қытайда – 16, Ресейден – 8, Қырғызстаннан – 1, Ауғанстаннан – 2, Тәжікстаннан – 1, Түркиядан – 2 адам қоныс аударған. Қазіргі таңда қандастардың басым бөлігі құрылыс саласында, сауда-саттықпен және басқада жалдамалы жұмыстармен айналысады.

300-ге жуық жасқа жеңілдетілген несие беріледі

Өткен жылы Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде әлеуметтік осал топтағы 452 азаматқа грант берілген. Грант алғандар тағам өнеркәсібі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету салалары мен қолөнер және тігін тігу кәсіптерімен айналысуда. Қаражаттың мақсатты жұмсалып, жеке кәсіп ашуға пайдаланылғанына мамандар тарапынан тексеру жүргізіліп отырады.

jumis-1


–Биыл 426 азаматқа мемлекеттік қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Жұмыспен қамту шараларының тағы бір жобасы – жастарға микрокредит беру. Шымкент қаласы жастардан микрокредит алуға өтінімдер көп түскен бестіктің қатарында. 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алуға 500-ге жуық азаматтан өтініш түсті. Оның ішінде 263 үміткер шағын несие алды. Жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастаған жастардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды. Биылғы жылы жастарға арналған жеңілдетілген несиені 273 азаматқа беру жоспарланып отыр. Ал, субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 2023 жылы 6 065 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланған болса, жыл соңында нақты 8430 адам қамтылды. Жұмыссыз азаматтар әлеуметтік жұмыс орындарына, «Жастар практикасы», ақылы қоғамдық жұмыстар мен «Алғашқы жұмыс орындарының жобасы», «Ұрпақтар келісім шарты», «Күміс жас» жобалары бойынша жұмыс орындарына орналастырылды. «Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» бойынша 2023 жылға 23 420 жұмыс орны (тұрақты – 22 044, уақытша – 1376) құрылатыны жоспарланған. Оның ішінде ұлттық жобалар бойынша 2 377 (1 376 уақытша, 1 001 тұрақты) жұмыс орыны, 21 043 орын жеке бастамамен құрылатын жұмыс орындары ашылады деп жоспарланған. 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін 31 197 жұмыс орны ашылған. Қазіргі таңда 30 699 тұрақты жұмыс орны, 498 уақытша жұмыс орны бар.
Ал, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек өткен жылы 12 725 отбасыға (64 938 адам) тағайындалды. Халық табысының артуына байланысты, 2022 жылмен салыстырғанда АӘК алушылар саны 23 пайызға төмендеген. Былтыр атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 19 022 азамат жұмысқа жарамды екені анықталды, оның ішінде өтініш берген 11 017-нің табыс көзі бар болып шықты, – деді Ж. Өтебаева.

Қарияларға қамқорлық артты

Шаһарда қарттардың шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылды.
–Осы жылдың жаңалығы – зейнеткерлердің шипажайларда емделуге кезекке тұруы автоматтандырылды. Аталған мемлекеттік қызмет түрі geo-shym.kz/ порталы арқылы жүзеге асырыла бастады. Қарияларымыз енді шипажайға кезекке онлайн тұрып, кезек реттерін өздері бақылай алады. Зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын 5000-ға жуық ардагер мен зейнеткерлер шипажайларға жолдануда. Өткен жылы «Денсаулық» профилакториясы, Тараздағы «Айша бибі» мен «Ақсу-дем», «Кәусар-бұлақ» шипажайларына 4992 адам жолдама алған. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 89 926 зейнеткер тұрады. Оның ішінде 2 Ұлы Отан соғысының ардагері мен 1950 тыл еңбеккері бар. 80 жастан асқан 132 жалғызілікті қарт күн кешуде. Жалғызілікті қарияларға ай сайын 2 АЕК яғни, 6900 теңгеден әлеуметтік көмектер төленуде. Зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы бойынша үш «Белсенді ұзақ өмір орталығы» қызмет көрсетуде. Былтыр қарттардың игілігі үшін қала аумағында сыйымдылығы 70 адамды құрайтын «Ізетті зейнеткер» атауымен шипажай ашылды.
2023 жылы сондай-ақ қараусыз қалған қарияларды мемлекет қамқорлығына алу мақсатында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» ашылып, қараусыз қалған 40-тан астам қария мемлекет қамқорлығына алынды. Оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін 10 мүгедектігі бар қарт осы орталықтан пана тапты, – деді Ж.Өтебаева.
Жалпы, еліміздің бюджетіндегі әлеуметтік шығындардың үлесі жыл сайын артып келеді, салыстырар болсақ, 2018 жылы 43 пайыз болса, биыл 50 пайыздан жоғары көрсеткіште. Бұл Мемлекет басшысының саяси бағыты әлеуметтік сипатта екенін, яғни халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын білдіреді.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.