МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҮШІН ҚАНША ТӨЛЕЙМІЗ? Избранное

Пятница, 12 Январь 2024 04:54 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 398 раз

2024 жыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласы бірқатар өзгерістермен басталды. МӘМС жарналары мен аударымдары бойынша ставкалар өзгеріссіз қалғанымен, базалық есептік көрсеткіш пен ең төменгі жалақының жаңа мөлшерінің бекітілуіне байланысты төлем сомалары өзгерді. Сонымен, МӘМС-ке қанша төлейміз? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек төлеушілердің барлық санаттары бойынша түсініктеме берді.

mams

 

Биылдан бастап жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3 пайыз мөлшерінде аударымдар жүргізеді, бұл ретте салық салынатын ай сайынғы табыс 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге) аспауға тиіс, яғни жұмыс берушінің аударымдарының ең жоғары төленетін сомасы айына 25 500 теңгені құрайды. Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оларды жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.

mams-1

 

ЕКІ ЖЕРДЕ ЖҰМЫС ІСТЕСЕҢІЗ...

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмыскерлер мен жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2 пайыз мөлшерінде жарна төлейді. Салық салу объектісі барлық жұмыс орындарынан айына 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге) аспауы тиіс, яғни қызметкердің жалақысына қарай, төлейтін ең жоғары жарнасы 17 000 теңге болуы мүмкін. Егер екі жерде жұмыс істесеңіз, жарналарды төлеудің де өз тәртібі бар.
Бұл кезде жарналарды төлеу кезінде шекті табыс барлық жұмыс орындарына қарай ескеріледі. Мысалы, қызметкердің жалақысы 600 000 теңгені құрайды. Сонымен қатар, АҚС шарты бойынша қызмет көрсетіп, 350 000 теңге жалақы алады. Жалпы табыс 950 000 теңгені құрайды, яғни 10 ЕТЖ-дан асады. Бұл жағдайда қызметкердің бір жұмыс орнынан жарналар толық мөлшерде ұсталуы керек. Мысалы: 600 000 * 2% = 12 000 теңге. Ал екінші жұмыс орнында ең жоғары төлемнен қалған бөлігі ғана ұсталады: 17 000 теңге (ең жоғары төленетін жарна) – 12 000 теңге (бірінші жұмыс орнынан төленген жарна) = 5 000 теңге (екінші жұмыс орнынан жарна).
Екінші жұмыс беруші жарна мөлшерін дұрыс есептеуі үшін қызметкер оған аударылған жарналар туралы бірінші жұмыс орнынан анықтама беруі керек. Анықтаманы тапсырмаған жағдайда екінші жұмыс орнынан жарналар толық мөлшерде ұсталады, яғни артық төленген сома қалыптасады.

ӘР САНАТТЫҢ ӨЗ ЖАРНАСЫ БАР

Жалпы медициналық сақтандыру жүйесінде жарна төлеуде түрлі санаттар қарастырылған. Жеке кәсіпкер, дербес төлеушілер талаптарды сақтамаса, қарызы қордаланады. Жеңілдікті пайдаланатын 15 санатқа мемлекет ай сайын жарнасын құйып отырады. Тарқатып айтсақ...

Жеке кәсіпкерлер

Жеке кәсіпкерлер 1,4 еселенген ЕТЖ-дан 5% төлейді. Мысалы, 1,4 * 85 000 * 5% = 5 950 теңге. Егер жеке кәсіпкер есептілікті «нөлмен» тапсырса, бірақ өз қызметін ресми түрде тоқтатпаса, онда ол Салық кодексі талап еткендей жарналарды төлеуді жалғастыруы керек екенін есте ұстаған жөн. Әйтпесе, қарыз пайда болады.

Дербес төлеушілер

Дербес төлеушілер үшін жарналардың мөлшері мына формула бойынша есептеледі: 5% * 1 ЕТЖ = 4 250 теңге. Тұрғындар тарапынан «жарналарды алдағы 12 айға дербес төлеуші ретінде қалай төлуге болатыны» туралы сауал көп келеді. Бұл жағдайда әр ай үшін төлемді жеке-жеке төлеген жөн. Сонда өткен айлардағы қарыздар болса, жойылады.

Мемлекет жарналары

Қазақстандағы МӘМС жүйесі әлеуметтік бағдарланғандықтан, мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін жарналарды төлеуді жалғастыруда. 2024 жылы мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңгені құрайды.

Жарналарды қалай төлейді?

Төлемді екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, «Қазпошта» АҚ, Kaspi.kz, HalykBank мобильді қосымшалары арқылы, сонымен бірге Касса 24 және Qiwi әмиян өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы аударуға болады.
Маңызды:
- төлеушінің ЖСН және ТАӘ дұрыс көрсету;
- төлем жасап, 2-3 жұмыс күннен кейін МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеру, мәртебе берілмесе – төлемдегі деректерді жаңадан тексеру.
- жеке кәсіпкерлер назарына: салық органдарына есептілікті дайындау және тапсыру;
- өз қызметкерлерін төлем жасалғаны туралы хабарлау қажет.

БІРЫҢҒАЙ ЖИЫНТЫҚ ТӨЛЕМ ТОҚТАТЫЛДЫ

2019 жылы іске қосылған бірыңғай жиынтық төлем салық режимінің бір түрі болды. Бұл жеке тұлға салықты кәсіпкерлік қызметін тіркеуден өткізбеген, мысалы, 2023 жылы жылдық табысы 1175 АЕК-тен аспайтын жеке тұлғалар төлеп келді. Өткен жылы Шымкент қаласы бойынша 2509 жеке тұлға бірыңғай жиынтық төлемді төледі.
БЖТ-нің мөлшері салық төлеушінің тұрып жатқан елді мекеніне байланысты болды, Мәселен, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда 1 АЕК (2023 жылы 3450 теңге), басқа елді мекендерде 0,5 АЕК (2023 жылы 1725 теңге).
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Салық кодексінің 774 бабының 2 тармағы жойылып, БЖТ тоқтатылды. Енді, МӘМС Заңында көрсетілгендей, ағымдағы жылда өзін өзі жұмыспен қамтитын (дербес төлеушілер) азаматтар ҚР бюджеттік кодексіне сәйкес, 1 ЕТЖ 85 000 теңге болуына байланысты, жарна сомасы оның 5 %-ын, яғни 4 250 теңгені құрайды. Ал, жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындарға жарна сомасы 1,4 ЕТЖ-нің көрсеткішінің 5%-ы, 5 950 теңгені құрап отыр.
Сонымен қатар, МӘМС Заңының талаптарына сәйкес, өткен жылдардың қарызын төлемей, алдағы 12 айды төлеп, 15 айға сақтандырылған болуға болатынын естеріңізге саламыз.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.