ҰЛУ ЖЫЛЫНДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР МЕН ӨЗГЕРІСТЕР Избранное

Пятница, 05 Январь 2024 05:35 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 719 раз

Кез келген азамат өзінің құқы жан-жақты қорғалған, саяси-экономикасы тұрақты, мәдениеті дамыған елде өмір сүргісі келетіні анық. Ал ондай ортаны жасау үшін әрбір азамат «біреу жасап береді» деп күтіп отырмастан өзі де үлес қосуға ұмтылуы тиіс. Бұл тұрғыда мемлекет те өз тарапынан заң шеңберінде азаматтардың өмір сүру ортасының сапасын реттеп, жүзеге асырып отырады.

aleumet

 

Жалпы, Қазақстан Тәуелсіздігін алғалы отыз жылдық белестен асты. Өткен жылдарға көз жүгіртпей-ақ 2023 жылы қандай өзгерістер болғанына қысқаша тоқтала кетсек, бір ғана әлеуметтік салада айтарлықтай жаңалықтар болды. Атап айтқанда, азаматтардың банкроттығы туралы заң қабылданды, әйелдер 61 жастан бастап зейнетке шықты, жастар санатын 29 жастан 35 жасқа дейін созды. Бала күтімі бойынша жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленетін болды. Ал ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге болып бекітілді. Одан бөлек отбасының цифрлық картасы қабылданды.
Бұл өзгерістер ең алдымен әрине үйде декреттік демалыста отырған аналар мен зейнетке шығып жатқан әйел адамдарға жақсы білінеді. Ал жастар 35 жасқа дейін үйлі болуға ұмтылары анық.
Міне, Ұлу жылы табалдырықтан аттап кірді. Осыған байланысты, 2024 жылы болатын біршама өзгерістерге тоқталатын болсақ, ең төменгі зейнетақы мен жалақы мөлшері 1 қаңтардан бастап 85 000 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері –28 мың теңге (2023 ж. - 21907 теңге), зейнетақының ең төменгі мөлшері –57 мың теңге (2023 ж. - 53076 теңге), айлық есептік көрсеткіш –3692 теңге (2023 ж.- 3450 теңге), базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы –43 мың теңгені (2023 ж. - 40567 теңге) құрады.
Тағы бір жаңалық, келер жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы қорына қаржыны көбірек аударады. Яғни, 1975 жылдан кейін туған әрбір қызметкер үшін басшылық ай сайынғы табысының тағы 1,5 пайызын аударуға міндетті болады. Жаңа жарна да үнемі артып отырады. 2028 жылға қарай шегерімдердің көлемі 5 %-ға жетеді. Жеке кәсіпкерлер келесі жылдан бастап 7 % төлейді, ол 2028 жылға қарай айына 19 % дейін өседі.
Мұны қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев азаматтардың зейнетақы шотындағы ақшасы 1 миллионға да жетпейтіндігімен байланысты деп түсіндірді. Сондай-ақ, сіз зейнетақы жинағынан жеткілікті шектен ассаңыз, ақшаңызды ала аласыз. Мәселен, жасыңыз 35-те, жинағыңыз 5 млн 310 мың теңгеден асса, артығын жеке мақсатыңызға пайдалана аласыз.

МОБИЛЬДІ АУДАРЫМ ТЕКСЕРІЛЕ МЕ?

Тағы бір өзгеріс, елімізде мобильді аударымдар тексеріле бастайды. Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың аударымдары туралы ақпаратты банктерден кезең-кезеңімен алу мерзімдерін белгіледі. 1 қаңтардан бастап мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары тексеріледі. 2025 жылы 1 қаңтардан бастап дара кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары, 2026 жылы халықтың қалған бөлігі тексеріле бастайды.

aleumet-1


«Ұлттық қор – балаларға» жобасы да ел аузында жүрген өзгерістің бірі. Азаматтар балаларының деректері egov.kz порталында жоқ болса, платформада «Баланы қосу» деген жерге баланың ЖСН нөмірін енгізу арқылы тіркеуге болады. Ал, тіркеу кезінде ақпарат шықпай жатса «Түзету» батырмасына өтіп, өз құжаты мен балаларының туу туралы куәлігін енгізу керек. Баланың шотына түскен ақшаны электронды үкімет порталынан (egov.kz) және Бірыңғай жинақтаушы қорының порталы (enpf.kz) арқылы тексеруге болады. Тағы бір айта кететін жайт, «Ұлттық қор – балаларға» жобасына ата-аналар ешқандай құжат жинамайды. Жобаға барлық бала қатысады.

ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ

2024 жылы бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ төлемдерін есептемегенде) 130 414 теңгені құрайды (2023 жылы – 120 838 теңге).
Базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60 %-дан 65 %-ға дейін ұлғайтылатын болады. Бұл 28 215 теңгені құрайды. Ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 100-ден 105 %-ға дейін арттырылып, 45 578 теңгеге жетеді.
1 қаңтардан бастап бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы – 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін өседі.
Бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін ұлғаяды.
I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін өседі.

КӨЛІК

Келер жылдың басынан бастап газбен жүретін көліктерге арнайы белгі жабыстыру міндеттеледі. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті хабарлады.
Анайы белгіде «GAS» деген жазу мен леп белгісі бар сары түсті теңбүйірлі үшбұрыш бейнеленген. Бұл белгі жабық паркингтерге кірген кезде көлік оңай танылатындай етіп орнатылуы тиіс. Газбен жүретін көліктерге арнайы белгі орнатпағандар үшін шамамен 11 мың теңге айыппұл салынады. Айта кетейік, елімізде 380 мыңнан астам газбен жүретін көлік бар.

БІЛІМ

2024 жылы шәкіртақы мөлшері мынадай болады: бакалавриат – 47 135 теңге (педагогикалық бағытта – 75 600 теңге), магистратура – 107 061 теңге, докторантура – 240 000 теңге.
Сондай-ақ, 1 қаңтарда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек егер бала грантпен оқуға түссе, «Келешек» бағдарламасы бойынша жиналған қаражатқа баспана сатып алуға немесе отбасындағы бауырларына беруге болатынын айтты.
«Келесі жылдан бастап кез келген ата-ана серіктес банктердің біріне барып, сол жерде баланың оқуына ақша жинайтын арнайы шот аша алады. Ата-ана шот ашқанда 1 АЕК (3450 теңге) құю қажет. Бұл минималды сома. Біздің министрлік ата-аналарды қолдау мақсатында бастапқы ынталандыру капиталын береді», – деді министр.

БАСПАНА

Елімізде жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады. 2024 жылдан бастап «Бәйтерек» холдингі мен Отбасы банк жақында «9-20-25» бағдарламасын іске қосады. Яғни 9% жылдық үстемақы, 20% бастапқы жарна, 25 жылға дейін ипотека рәсімдеуге мүмкіндік туады.

УАҚЫТ

Келер жылы өзгеріс тіпті уақыттың өзіне де енгізіледі. 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстары жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытады. Осылайша, еліміздің барлық аймағы 5-ші сағаттық белдеуде орналасады. Яғни, еліміз бойынша уақыт бірдей болады. «Астана уақытымен, батыс уақытымен» деп жүрмейтін боламыз.
Бұл ұлу жылының жаңалықтарының бірі болмақ. Әлем халқы жылдық санақта ұлуды әрқилы атап жүргенімен жайлы болады деп санайды. Халқымыз «бірінші байлық – денсаулық» дейді. Яғни дендеріңіз сау болып, қуанышқа кенеле беріңіздер! Бұл жыл әрбір үйге, елемізге берекесімен келсін!

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.