Америкада оқып жүр талай қазақ баласы Избранное

Среда, 07 Апрель 2021 03:29 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 1489 раз

Қазіргі таңда шетел асып, білім алу не жұмыс істеу аса қиын емес. Тіпті, шетелдік университеттер қазақстандық түлектерді жарыса оқуға шақырып, тегін грант беретін үрдіс қалыптасты. Жуырда мұхит асып, білімін жетілдіріп жүрген сондай жастың бірі Ақарыс ЕГІЗБАЙМЕН қашықтан сұхбаттасудың сәті түсті. Ол өзі тұратын штат, оқып жүрген оқуы, Огайодағы пандемия мен вакцинация, жергілікті халықтың өмірге деген көзқарасы, сондай-ақ басқа да мәселелер туралы ой бөлісті.

570

 

– Ақарыс, өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз ...

– Түркістан облысы Төлеби ауданында туып-өстім. Шымкент қаласындағы химия және биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегімін. Қазіргі таңда Американың Огайо штатының Гамбье қаласындағы Kenyon College оқу орнында инженерия, экономика және бағдарламалау мамандығының 3-курс студентімін.

– Америкаға қалай бардыңыз?

– Шетелге барып білім алуды бала кезден армандадым. Оның ішінде таңдауым Америкаға түскендіктен 8-сыныптан бастап сол елдегі ең үздік университеттерді зерттей бастадым. Оқуға түсудің жолдарын қарастырып, қажетті емтихандарды (SAT, IELTS) тапсырдым. Айым оңынан туып жоғары ұпай жинап, сол арманым орындалғанда қатты қуандым. Америкадағы ең үздік оқу орындарынан 100 пайыздық гранттар ұтып алғанда төбем көкке екі елі жетпеді. Мен үшін шетелде оқу білім алу ғана емес, өмірлік тәжірибеңді дамыту, көкжиегіңді кеңейту, өзге ортада пісіп-жетілу. Осындай мүмкіндік беріліп тұр екен, қай сала бойынша да алда келе жатқан АҚШ-ты таңдауым заңды деп ойлаймын.

– АҚШ дегенде, адамның қиялына әдемі өмір елестейді. Ал ақиқатында қандай?

Әрине, туған жердің топырағы қашан да ыстық. Мен үшін өзімнің кіндік қаным тамған еліме жететін ел жоқ. Себебі маған ең жақын адамдарым, ата-анам Қазақстанда. Дегенмен, АҚШ-та өмір сүру сапасы жоғары. Ал жоғары оқу орнына келетін болсақ, мұнда талантты, оқуға ынталы шәкірттерді ерекше қолдайтыны айқын аңғарылады. Қанша дегенмен, технологиясы өте дамыған мемлекет қой?! Менің оқып жатқан университетім АҚШ-тағы ең қымбат жоғары оқу орнының бірі болып табылады. Қымбат деуімнің себебі – бір жылдық оқуыма университет 100 000 доллар шамасында грант бөледі. Одан бөлек тамақ және жататын жермен қамтамасыз етеді. Қымбат болғандықтан бай-бағланның, кейбір министрлердің балалары оқиды. Мұны текке айтып отырғаным жоқ. Жалпы, көп білімқұмар азаматтар «шетелде тек қана байдың балалары оқиды» деген түсінікпен жүрмесін деп тілге тиек етіп жатырмын. Аталған оқу орнының білім базасы өте мықты. Бірақ бұл орта АҚШ-тағы жағдайдың толық көрінісі бола алмайды. Себебі, әр елдің өз проблемалары бар. Үш жылдың ішінде көп нәрсеге көз жеткіздім. Екі елдің өзіне тән қиындықтары мен жақсы тұстары бар.

– Оқу жүйесінде қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

– Екі елдегі білім жүйесі де, тәртіп те бір-біріне сәйкес келеді деп айта алмаймын. Америкада мұғалімдер балалардың досы сияқты, тең дәрежеде сөйлеседі. Қазақстандағы оқу жүйесінің де өзіндік артықшылықтары бар. Өйткені Қазақстанда алған білімімді әлемдегі ең үздік университеттер мойындады. Дегенмен, АҚШ-тағы оқу жүйесінің ерекшеліктері біріншіден, жоғарғы деңгейдегі технологиямен жабдықталған, екіншіден, теорияға қарағанда практикаға көңіл бөледі. Сабақ кезінде қажетті дүниелерді өзіміз жасап шығамыз. Сонымен қатар, студенттерге барлық жағдай жасалған және мүмкіндіктер көп. Мысалы, өткен жылы физика саласында Нобель сыйлығын алған адаммен бетпе-бет кездесіп студенттермен бірге жоба жасадық. Яғни, білім тұрғысынан барлық ресурстар қолжетімді. Заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезовтің тілімен айтар болсақ, «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім». Әрқайсымыз қай мемлекетте болмасын, қандай университетте болса да бастысы білімді болуға ұмытылғанымыз дұрыс.

– Ол елдің мәдениеті, менталитеті, халқының ұстанымы, салт-дәстүрі туралы айтып берсеңіз?

– Бұл елдің салт-дәстүрі өте ерекше. Адамдар еркіндікті жақсы көреді, яғни ешкім ешкімге сынмен қарамайды. Мәдениетіне келгенде Қазақстанға жете алмайды, себебі бұл жақта кейбір құндылықтарға назар аударылмаған. Бірақ мұнда адамдар бір-біріне сыйластықпен қарайды, яғни дөрекі емес. Бұл жақта әрбір адам кішкентай кезінен бастап жеке тұлға болып қалыптасады екен. Қандай жағдайда болмасын, біреудің киген киіміне, жеке көзқарасына, істеген ісіне, тұлғалық дағдысына ешкім араласпайды. Осылайша адамдар өзінің жеке кеңістігінде өмір сүреді. Мысалы, адамдар Президентті, жоғары лауазым ретінде қалай сыйласа, қарапайым адамға да бірдей сыйластық танытады. Адамдар қашанда көңілді жүруге тырысады және сыпайылықты, мәдениеттілікті өмір дағдысына айналдырған. АҚШ-пен салыстырғанда Қазақстанда бауырмалдық және адамдардың бір біріне жылулығы өте жоғары дәрежеде.

– Туристерге, соның ішінде қазақтарға деген көзқарастары қандай екен?

– Қазақстан жайлы көп ақпарат білмесе де, ол жайлы үйренуге құлшынысы жоғары. Мысалы, менің жақсы досым Эдди өткен жылы Қазақстанға барып, жақсы пікірмен оралды. Университетте сол арқылы және өзімнің белсенділігім арқылы Қазақстанға деген адамдардың көзқарасын барынша арттыруға тырысып жүрмін.

– Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Жалпы, егемен елдің жастары қандай болуы тиіс?

– Менің ойымша, елдің жастары патриот болу және Қазақстанды дамытуға үлесін қосуы тиіс. Отанды сүю дегеніміз – өз еліңе, өз халқыңа, өз жеріңе деген зор құрмет. Егер де әрбір қазақстандық өз Отанын шынайы ниетімен қадірлеп, оның қуанышына сүйініп, кемшілігіне күйінетін болса, жер бетіндегі басқа халықтардың да бізге деген құрметі, көзқарасы өзгереді. Ең бастысы, алға мақсат қойып, соған үздіксіз ұмтылу керек. «Елу жылда ел жаңа» дейді емес пе? Егемендікті алған отыз жылда еліміз бағындырған белестер аз емес. Егер елдің дамуына жұмыла қызмет етсек, мемлекетіміз де бізбен қатар алға жылжитын болады.

– Көптеген білімді жастар шетел асып, елге қайта оралмауына не себеп?

– Кейбір адамдар шет елдегі жоғарғы өмір сүру сапасына немесе жоғары жалақыға қызығады. Бірақ еліміздің азаматтары шетелде қалғаннан, Қазақстанның дамуына азғантай болса да үлесін тигізсе, нұр үстіне нұр болар еді.

– Әлемді жайлаған коронавирус індетін Америка халқы қалай өткеруде? Вакцинациялауға көзқарасыңыз қалай?

– Әрине, әлемді дүр сілкіндірген пандемия АҚШ-ты да айналып өткен жоқ. Бірақ тұрғындар санитарлық талапты сақтауға тырысып, көшеде маскасыз жүрмейді. Адамдар арасындағы екі метр қашықтықты бұзбайды деуге болады. Өткен жылы 18 наурыздан бастап, шілде айы аралығында үш ай карантин болды. Сол уақытта көшеде бірде-бір машина болмады. Көшеге адам баласы шыққан жоқ. Сөйтіп, олардың қатаң тәртіпке саналы түрде бағынатынын өз көзіммен көрдім. Дегенмен, коронавирусқа қарсы күресте өткен жылы көп сынға ұшырағаны да мәлім. Ал жаңа Президенттің келуіне байланысты АҚШ коронавирусқа қарсы күресті мықтап қолға алды. АҚШтың өте көп бөлігі індетке қарсы егіліп қойды. Өзім өткен аптада PFIZER вакцинасын салдырдым. Денсаулығым қалыпты. Жағымсыз әсері болмады.

– Оқуды бітірген соң Қазақстанға ораласыз ба?

– Менің ең жақын адамдарым Қазақстанда. Міндетті түрде елге қайтамын. Қазіргі таңда АҚШ-тағы бірнеше компаниядан жұмысқа шақырту алдым. Осы жазда Stanford University мен NASA ұлттық агенттігімен бірлесіп әзірлеп жатқан жобаны жүзеге асыруға қатысамын. Қазір мен білім алып, тәжірибемді дамытып жүрген ізденуші, «бақылаушы» ғанамын. Бір анығы, Әлихан Бөкейханов айтқандай, «шамам барда қазаққа қызмет еткім келеді».

– Әңгімеңе рақмет.