«ЕҢБЕК» БЕРГЕН ЖҰМЫС ҺӘМ КӘСІП Избранное

Пятница, 02 Апрель 2021 03:55 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 2103 раз

Шымкентте жыл басынан бері 5800-ден астам азамат «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен жұмысқа орналасты. Бағдарламаның игілігін көрген жерлестеріміздің саны жыл сайын көбеюде. Осы орайда бағдарламаның басқа да бағыттары мен алдағы жоспар жайында Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Бағдат Архабаевпен сұхбаттастық.

553

 

– Бағдат Мақсұтұлы, орталықтың негізгі жұмысымен қысқаша таныстырып өтсеңіз.
– Халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтарды жұмыс іздеуші ретінде тіркейді және жұмысынан айрылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындауға құжаттар қабылдайды. Сонымен қоса жұмыссыз азаматтарға уақытша ақылы жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Бұған қоса атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша жұмыстар атқарады. Жалпы, біздің орталыққа 18 жастан бастап зейнетақы жасына дейінгі қаламыздың жұмыссыз азаматтары келіп, көмек сұрай алады.

554


– Биылға атап айтар қандай жаңалықтарыңыз бар?
– «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІІ бағыты аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларын іске асыру шеңберінде еңбек нарығында жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, алғашқы жұмыс орнына бейімдеу мақсатында Шымкентте «Алғашқы жұмыс орны» жобасын іске асыру жоспарлануда. Яғни, жұмыс беруші Халықты жұмыспен қамту орталығымен жоғарғы оқу орны немесе колледж түлегін 24 айға жұмысқа орналастыру туралы шарт жасасады. Қаржыландыру жергілікті бюджеттердің есебінен, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамаларында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады. Оған алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, жұмыс іздеп жүрген адамдар, халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелгеніне қарамастан 29 жастан аспаған жастар, оның ішінде NEET санатындағы (жұмыс істемейтін және оқымайтын) жұмыс тәжірибесі жоқ жұмыссыздар қатыса алады. Алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналасуға көп балалы және/немесе аз қамтылған отбасылар, еңбекке қабілетті мүгедектер қатарынан үш жыл ішінде оқуды аяқтаған, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары түлектерінің басым құқығы бар.
Үміткерлер мынадай құжаттарды қоса бере отырып өтініш бере алады:
1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болса);
3) білімі туралы құжаттың көшірмесі (бар болса).

– Жалпы, жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды?
– 2021 жылдың басынан бері Халықты жұмыспен қамту орталығына 5800-ден аса адам жүгінсе, соның 2144-і жұмысқа орналасты, жоғарғы оқу орнын бітірген 700 түлек жастар тәжірибесіне жолдама алып, 567-ден астамы жұмысқа орналасты. 100-ге жуық жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты, 2778 адам қоғамдық жұмыстарға жолдама алды. 2 азаматқа шағын несие берілді.

– Орталықта негізінен қай мамандық иелері көп жұмыс іздеп келетіні туралы мәлімет бар ма?
– Иә, бар. Саралау барысында анық болғаны, қазіргі таңда заңгер, есепші, экономист, педагогикалық және медициналық секілді мамандық иелері көп келіп жатыр. Және оларға да жұмыс берушілер тарапынан сұраныс көп.

– Бағдат Мақсұтұлы, азаматтарды жұмыспен қамтуды жеңілдету үшін ашылған enbek.kz электронды еңбек биржасының көмегі қандай?
– Порталдың басты жұмысы – жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні байланыстыру. Онда жұмыс берушілердің арнайы тізімі болады. Қарапайым тұрғындар да электронды еңбек биржасын бағдарлама аясында уақытша және тұрақты жұмыстарға орналасу және т.б. мемлекеттік қызмет көрсету бағыттарымен қолдана алады. Яғни, кез келген жұмыс іздеуші адам порталға тіркеліп, өз мамандығы бойынша іздей алады. Осылайша екі жақты келісім нәтижесінде тұрақты жұмыс тауып жатқандар да бар.

555

– Келушілерге тұрақты жұмыс табылмаған жағдайда не істейсіздер?
– Біз, алдымен, жұмыс іздеген жандарды түрлі санатқа бөліп қарастырамыз. Кейбірінің мамандығы болмайды, біреулерінде қолында диплом бар, бірақ тәжірибеден өтпеген. Ондай азаматтарды уақытша жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс» және «Әлеуметтік жұмыс орындары» деген бағыттар бойынша жұмыс жасаймыз. Сол секілді қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдаймыз. Осы бағыттар туралы толығырақ айтсам, «Жастар тәжірибесі» – жас түлектерге арналған бағыт. Арнайы немесе жоғары оқу орнын бітірген, жасы 29-ға толмаған, өз мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарлама. Бір ескеретін жайт, олардың оқу аяқтағанына 3 жылдан аспау керек. Бұл бағдарлама бойынша жалақы мемлекет тарапынан төленеді. Биыл оның мөлшері – 25 АЕК, яғни, 72 925 теңге. Бағдарламаға азамат бір-ақ рет қатыса алады. Жұмыс алты айға арналған. Онда жас маман өз мамандығы бойынша тәжірибе жинайды. Егер жұмыс берушінің көңілінен шығып жатса, 1-2 айдан соң сол жерге тұрақты қызметке тұруына болады. Ал егер 6 ай бойы өзін көрсете алмаса, жұмыспен қамту орталығына қайта келіп тұрақты жұмыс іздейтін болады.
Ал «Қоғамдық жұмыс» бағыты бойынша өтінім берушілердің білімі, жұмыс тәжірибесі маңызды емес. Бұл бағыт бойынша 12 айға (жылдың соңына дейін) арналған уақытша жұмыспен қамтимыз. «Жастар тәжірибесіндегідей» жалақыны мемлекет төлейді, оның мөлшері – 72 мың теңге.
Үшінші бағыт – «Әлеуметтік жұмыс орындары» жоғарыдағы екі бағыттан өзгеше. Мұнда жұмыс берушілердің тарапынан штаттан тыс, қосымша орындар ашылуы керек. Бұл бағыт бойынша жіберілген жандарға төленетін жалақының 35%-ы ғана мемлекет тарапынан төленеді. Бірақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңында айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауы тиіс. «Әлеуметтік жұмыс орындарына» жұмыс іздеушіні өз мамандығы бойынша (куәлік, білімін растайтын құжат) жібереміз. Оның мерзімі – 12 ай (жылдың соңына дейін).
Міне, жұмыссыз азаматтарды «Жастар практикасы» және «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағыттары бойынша жұмыс істеуге шақырамыз.

– Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың ерекшелігі қандай?
– Орталыққа келген азаматтардың арнайы білімі болмаса немесе біліктілігін жоғалтып алған жағдайда осындай оқуларға жібереміз. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту биылғы сәуір айына жоспарланып отыр және 30-дан астам тиісті мамандықтар тізбесі бекітілді. Олар – дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрик,тас қалаушы, кран машинисті, визажист, шаштараз шебері, аспаз және т.б. мамандықтар. Шәкірттерге ай сайын 17 мың теңге мөлшерінде стипендия төленеді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту топтардың жинақталуына қарай жүзеге асырылады.
Бұл бағыт бойынша оқимын дегендер жұмыспен қамту орталығына келіп, мынадай құжаттарды тапсыруы қажет:
1. Жеке басын куәландыратын құжат;
2. Еңбек кітапшасы (болған жағдайда);
3. Білім туралы құжаттың (аттестат, куәлік, диплом, сертификат) көшірмелері;
4. №907 бұйрықпен бекітілген денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттамасының №086-У нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтаманың көшірмелері қатысушылардың құрамына қосу туралы шешім қабылданғаннан кейін қосымша ұсынылады (көшірме).
5. 20 санды банк шотының реквизиттері (Jusan Bank).
Кәсіптік оқыту аясында кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру қамтылған.

– Оған кімдер қатыса алады?
– Жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген 18 жастан асқан және зейнет жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Бірден айтайық, бұл бағытқа студенттер қатыстырылмайды. Оқуын тәмамдаған азаматтарға біліктілік куәліктері табысталады. Сол құжат арқылы азамат мемлекеттік грантқа және жылдық пайызы 6% -дан аспайтын шағын несиеге құжат өткізе алады.

– Былтыр оқу курсына қанша адам қатысты? Ал биылғы жоспар қандай?
– Оқу үш ай жүреді – 1 ай теория, 2 ай практика. 2020 жылы 1196 адам техникалық және кәсіптік оқудан өтсе, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2000 адам жолданды. Оның ішінде 1990 азамат оқуын бітіріп, куәліктерін алды. Нәтижесінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан кейін 1590 адам жұмыспен қамтылды. Ал биыл 2500-ден астам азаматты оқуға жолдауды жоспарлап отырмыз.

– Жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі қаншалықты?
– Бұл бағдарламалардың пайдасы көп. Басқасын қойғанда, қоғамдық жұмыстар бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтып отырмыз. Олар қоғамдық бірлестіктерге барып, белсенді жұмыс жүргізуде. Қиын жағдайға түскен азаматтар, сол сияқты жазасын өтеп келгендер де біздің көмегімізге жүгініп, өздерін бір қоғам мүшесі ретінде санауына толық жағдай жасалуда.

– Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.