А.Пушкин атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада «Қаламгердің көркемдік құпиясы» атты әдеби кеш өтті. Онда жазушы Мархабат Байғұттың ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Тіл саясаты комитетінің қамқорлығымен шыққан жеті томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Көпшілік бұл іс-шараны қаламгердің биылғы 75 жас мерейтойының бастамасы іспетті қабылдады.

DSC 2858

Бес мың таралыммен шыққан жеті томдық шығармалар жинағы республиканың барлық кітапханаларына таратылған.

Мархабат Байғұт 1993-98 жылдары облыста Тіл басқармасын басқарғанын, кейін де осы салада тіл-майданның алдыңғы шебінде жүріп, бірқатар бастамалар көтергенін айтып қалды. «Мемлекеттік іс-қағаздарды қазақ тіліне көшіру оңай болған жоқ. Іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіру туралы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кестені тұңғыш рет біз жасадық. Сол еңбегімізді ескерген комитетке алғыстан басқа айтарымыз жоқ», - деді.

«Кітап сата алмаймын. Сатамын деп ойламаймын. Ол қолымнан да келмейді. Сондықтан жеті томдықты түгел кітапханаларға тараттым. Оқыла ма, оқылмай ма - ол оқырманның еншісінде. Оқымайды деп ренжиін десем, қайбір жылы Ақтөбеден 23 жасар Әлихан деген жігіт кітаптарымды сұрап, іздеп келіпті. Қолына үш томдығымды ұстатып жібердім. Осындай оқиғалар кездесіп тұрады», - дейді жазушы ағамыз.

«Без меня народ не полный»

Кешке кіл жақсы мен жайсаң қатысып, сүйікті жазушыларына деген ақжарма тілектерін жеткізді. Арнау өлеңдер оқылды. Туған жері Түлкібас ауданынан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, ақын, Түлкібас аудандық «Шабыт» әдеби бірлестігінің төрағасы Ерғали Жүсіпбеков, ақын сыныптасы Әбдібек Аралбайұлы, «Шамшырақ» қоғамдық саяси газетінің бас редакторы Марат Қалтаев арнайы келіп, қаламгердің иығына шапан жапты.

DSC 2910

– Махаңдай аяулы ұлды Түлкібас жұрты мақтан тұтады. Бізде «Таупістелі тағлымы» деген дәстүрлі іс-шара, «Ақсужабағылы алауы – Шұбайқызыл жалауы» дейтін әдеби-көркем фестиваль, «Мархабат оқулары» жыл сайын өткізіліп тұрады. «Мархабат мирас» қоғамдық қоры аға буын мен жас буынның арасындағы алтын дәнекерге айналды. М.Байғұттың туған жерін түлетуге ат салысуы оның тектілігі деп білеміз, - деді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы.

Сыныптас досы Әбдібек Аралбайұлы:
«Он тоғызыншы ғасырда сонау Семейде –
Абай туды ғасыр жүгін арқалап!
Жиырмасыншы ғасырда Пістеліде –

Туды біздің Байғұтұлы Мархабат!» - деп қазақ поэзиясының шыңы Абай Құнанбайұлы мен проза шебері Мархабат Байғұтты қатар жырға қосыпты.
Таупістелінің пір ұлына арнау өлең оқығандардың қатарында ақын Қабылбек Төретай да болды.

«Сөз етпей-ақ дүние, малдың жайын,
Әдемі әзілменен қалжыңдайын.
Алла берсе лайым жүз жасаңыз,

Жүзінде ғашық болған Жамбылдайын», - деп ақ тілегін өлең шумақтарымен ақтарды.
Қаламдас қатарласы Байдулла Қонысбек кеш иесінің шығармашылығының өсуіне «Оңтүстік Қазақстан» газетін 25 жыл басқарған Әмірсейіт Әлиевтің үлкен әсері болғанын, көптеген талантты жігіттерді тәрбиелеп шығарғанын еске алды.

Ал замандас қаламдасы Нармахан Бегалиев Махаң туралы: «Мен деп көкірегін ұрған жоқ. Жасайтын тірлігін үндемей жүріп жасады. Шығармалары да сондай. Әдеби дүниелерінде болсын, мақалаларында болсын «мен» деген сөз кездеспейді. Байқасаңыздар, не кейіпкердің атынан, не басқа біреудің атынан сөйлейді. Мархабаттың осы әдісін ойлап отырып, ойыма орыстың классик жазушысы Андрей Платоновтың «Без меня народ не полный» дейтін сөзі түседі. Шын мәнінде біздің Мархабатымызсыз қазақ прозасы толық емес деп айтқан болар едім. Мархабаттың ерекшелігі тақырыпты жақсы таңдайды. Жазғанда құйқылжытып көңіліңді басқа жаққа бұрып жіберіп, қайтадан арнаға әкеліп түсіреді. Бұл – оның шеберлігі!

Біз Абайдың мерейтойына енді кірісіп жатсақ, Мархабат әлдеқашан «Егемен Қазақстанның» бетінде ұлы ақынның «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» дегенін талдап жазып қойған», - деп жазушының ерекше қырларына тоқталды. Ал Мархабат ағаның өзі:

– Құдай қаласа, Абайға, әл-Фарабиге үлкен бетбұрыс жасалып жатыр. Алдан жақсылық күтуіміз керек. Әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175 жылдығын, Алтын орданың 750 жылдығын айтуымыз керек. Қалғандарымыз солардың маңайындағы түйіршіктерміз. Біз сол ұлыларға қызмет етуге тиіспіз, - деп әдеттегі бекзат мінезімен әңгіменің түйінін ұлыларды ұлықтаумен аяқтады.
Жиын рухани азыққа сусындаған әдебиетсүйер қауымның көңілінен шықты.

Кешке №6 колледж студенттері белсене қатысып, қаламгердің 75 жылдығы мен жеті томдықтың жарыққа шығуы қатар келгеніне орай 77 саны бейнеленген торт пісіріп әкеліпті. Соңында кездесуге қатысушылар мен оқырмандары жазушымен естелік суретке түсіп жатты.

Суреттерді түсірген –
Береке СЕЙІТЖАППАР

Ол қазір барлық банктерден шот ашқан бизнесвумен. Ал тоғыз жыл бұрын тігерге тұяғы жоқ, қоңыртөбел күн кешіп жүрген қарапайым қыз еді. Өзін-өзі таппай, көп қиналды. «Mary Kay» компаниясында істеп, ел қатарлы желілік маркетингтің дәмін татты. «Отырар» телеарнасында журналист болып, тілшіліктің де тірлігін істеп көрді. Ол болмаған соң қара базарға шығып, көтерме бағамен шұжық, азық-түлік сатты. Болмыс-бітіміне қарасаң, қыстыгүні қалың пима киіп, базарда сауда істеген нәзікжандыға ұқсамайды. Бірақ, күнкөріс үшін, өзін-өзі табу үшін ол көп тәуекелдерге барған.

55

– Иә, мен бриллиант тақпадым. Қымбат құндыз ішік кимедім. Бірақ, ақшасыз жүрген емеспін. Түске дейін жұмыс, түстен кейін сабаққа баратын едім. Себебі, грант негізінде оқыдым. Нашар баға алсаң, оқудан шығарып жіберетін. Жас кезімде бар болғаны 4-5-ақ сағат ұйықтайтынмын. Сауда істеп жүргенде Қытайдан әйелдердің ішігін әкеліп саттым. Үлкен ала дорбаға жағалы 100 ішікті орап-орап салып, шекарадан өткен кезде жүрегім тарсылдап кететін. Себебі, ол жақта бір ұсталсаң, ұзағынан қалып қоюың мүмкін. Мен осылайша өз-өзімді іздедім, - деді иненің көзінен өткендей пысық қыз.

Біз Шымкентте өткен «Әйелдер мен бизнес: жаңа мүмкіндіктер-2020» атты ІІІ бизнес-форумда «Жыл жаңалығы» аталымын иеленген «Mobil Plus», «Mobil Plus Home», «Mobil Logistic» компанияларының негізін қалаушы және директоры Наргиза Керімбаева туралы айтып отырмыз. Бизнес-форумда кәсіпкерлік саласында жетістікке жеткен көптеген жаңа есімдерді, жаңа мәліметтерді естідік. Дегенмен,
Наргизаның әңгімесі, жиналғандарға берген ақыл-кеңесі бей-жай қалдырмады.

Қазір Н.Керімбаеваның «Mobil Plus» дүкендерінің желісінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша 35-тен астам дүкені бар. Өзі бес баланың анасы. Оның компаниясы «HUAWEI» «NOKIA» «OPPO» брендтерінің тікелей дистрибьютері, Apple Inc өнімінің авторландырылған реселлері. ҚР барлық ұялы байланыс операторларының ресми дилері, «Beeline» ТМ ресми дистрибьюторы, бірнеше банктердің серіктесі. Ал «Mobil Logistic» – ел аумағында жүк тасымалы бойынша жеке логистикалық компания.

– Алғашқы дүкенімді Қызылорда қаласынан аштым. Өзім – Шымкентте, дүкенім Қызылордада болғандықтан, әлгі дүкенім жарты жылдан кейін банкротқа ұшырап, жабылып тынды. Одан кейін Шымкентте жалға берілетін жер табу өте қиын болды. Кәсіп ашқанда түрлі кедергісіз болмайды. Ал қазір 35 дүкеніміз бар. Тағы бесеуін ашқалы жатырмыз. Бар тапқан-таянғанымызды бизнеске құйып келеміз. Әлі қанша жыл құятынымды білмеймін, - дейді Наргиза.

Оның кәсіп жүргізудегі басты үш принципі бар: өзіңнің істеп жатқан ісіңе сену, қарамағыңдағы жұмысшылармен әділ болу, сосын ұдайы қадағалау керек.
Ал ендігі мақсаты – дүкендерін бүкіл Қазақстан бойынша ашқысы келеді.

Шымкент қаласының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева Шымшаһардағы шағын және орта бизнесті әйелдер алға сүйреп келетінін осы Наргизаларға қарап айтса керек. «Қаламызда әйелдердің үлесі 524,5 мың адам (52%). Ал жалпы кәсіпкерлердің саны – 68 000 болса, оның 34 120-сы (49,63%) – кәсіпкер-әйелдер», - деді Алма Нұралықызы.

Ал «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова әйелдің қоғамдық-саяси өмірдегі орнын ешкім де жоққа шығара алмайтынын айтады.

– Қазіргі заманда бәсекеге қабілетті болу керек. Бәсекелестен қорықпай, қайта оны нарықтан ысыруға әрекет жасау керек, - деді Л.Рамазанова.

Шымкент қаласының Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен форум кәсіпкер әйелдерге көп мотивация бергені сөзсіз. Біз маңдай тері өтеліп, жалғанды жалпағынан басып жүрген Наргизаны кейіпкер етіп алдық. Себебі, ол бұл жетістікке жеткенше қаншама қиындықты еңсерді. Жылтыраққа әуес, қызылға құмар болмады. Есесіне қазір «Жыл жаңалығы» атанып, қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр.

Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұловтың халық алдындағы қорытынды есебінде көтерілген өзекті мәселелер жетерлік.

есеп караату2

«Тұран» шағынауданының тұрғыны Яхия Қалходжаев жаңа мектептің құрылысын ертерек аяқтап, сол жердегі жолдарды асфальттап беруді өтінді. Жалпы, «Тұранда» ауызсу, жарық, табиғи газ мәселелері ақырындап шешімін тауып келеді. Аудан басшысы «Коммуникация деген бір күнде шешілетін мәселе емес» екенін, ауыз суды «Бозарықтан» тартатынын, ал көгілдір отын 2022 жылдың аяғында АГРС-3 құрылысы аяқталып, қуаттылығы толық жеткен кезде берілетінін мәлімдеді.

«Магистралды электр жүйелеріне 206 млн теңге бөлініп отыр. Онымен айналысатын мекеме 1-2 айдың көлемінде белгілі болып қалуы керек. Биыл қоғамдық көлік жүргіздік. Тағы да қосымша автобустар беріледі. Бұйыртса, осы жылы барлық көшелер асфальтталады. Ал мектептің құрылысымен «ART-құрылыс» мекемесі айналысуда, 2020 жылға 1,5 млн теңге бөлінген. Бірақ, жұмыс 2021 жылдың басында аяқталады», - деді аудан әкімі.

Сасықкөлдің сасығы һәм салғырт полицей 

«Нұртас» шағынауданында жеке кәсіпорындардың кәріз жүйесінен шыққан қалдық суды жергілікті тұрғындар Сасықкөл деп атап кеткен. Айналасы ластанып, одан мал су ішіп, адамдар сол малдың етін тұтынып отыр. Санитарлық тазалық деген атымен жоқ. Біраз жылдан бері шешімін таппай келетін осы мәселені Ағабек Қазанбайұлы көтерді. «Ол Сасықкөлдің қасында секундына 500 метр су тартатын трансформатор тұр. Қандай күші жетпейтін сорғы екенін?! Осы жердегі лас суды құртып, тал егіп, абаттандырып берсеңіз» деді тұрғын.

«Эх, полиция!» дейміз тағы. Олардың жұмысының салғырттығын қарапайым халық айта-айта шаршады-ау!.. Өткенде Әл-Фараби, Абай ауданы әкімдерінің есептік кездесулерінде де тұрғындар осы полицейлерге қатты шүйлігіп еді. Иә, жұрттың құқық қорғау органдарына айтар арызы аз емес.

Мәселен, «Нұртаста» соңғы уақытта үш көшеде 23 ұрлық фактісі тіркелген. 1,5 жылдан бері бірде-біреуі анықталмапты. «Ұрылар мінген үш көліктің нөмірі белгілі болып отыр. Көрген куәгерлер де бар. Соған қарамастан іс аяқсыз қалды. Тіпті, учаскелік полицейдің өзінің түрін көрмегенбіз. Ұрлық үстінде өлтіріп кете ме деп те қорқамыз. Өздері қимылдағысы келмесе, бейнекамера қоюға болады ғой», - дейді тұрғындар.

А.Шымкентбайұлы сұрақ қойған әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, әрқайсысына жауап беруге тырысты. Сасықкөлге қатысты «ол жерге барып өз көзімен көргенін» айтты. «Барар жолда, неге екені белгісіз, бір кісі заңсыз үй салып алыпты. Ал абаттандыру мәселелерін сол жердегі тұрғындармен бірге жүргіземіз. Бұл мәселені биылдан қалдырмай шешеміз», - деді.

– Ендігі аптада жергілікті полиция басшысын сіздердің орамға алып барып, жиналыс өткізіп, үйме-үй аралап, мәселелеріңізді шешіп беруге сөз беремін, - деді әкім.

60 жылда алты-ақ көше асфальтталған

«Бозарық» саяжайының орам басшысы Жексенбай Намазбеков «Бозарықтың» құрылғанына 60 жыл болды. 60 жылда асфалтталған алты-ақ көше бар. Басқа да негізгі көшелерге шағал тас төсеп, асфальттанса... Орталық көшенің тозығы әбден жеткен. Соны жөндеп, жарықтандыруды да сұраймыз», -деді. Одан кейін «Спорт кешенінің құжаттарын дайындап, жер де бөліп бердік. Оның құрылысы қашан басталады?» деп төтесінен сұрақ қойды.

– Қаратау ауданына биыл шағал тас төсеуге 176 млн теңге бөлінді. Сіздердің елдімекенге де бұл мақсатта жеткілікті қаржы бөлінген. Сондықтан биыл шешімін табады. Қарап тұрсақ, ауданымыздағы 12 елдімекенде не спорт кешені, не мәдениет үйі жоқ екен. Бұл мәселені алдағы үш жылдың ішіндегі жүйелі жоспарға енгіземіз. Орталық көшенің жөндеуі де назардан тыс қалмайды. Көше атауларына келсек, ауданда 86 көшенің атауы жоқ. Бұл жөнінде ономастикалық комиссияға ұсыныс бергенбіз. QR-код жасауға биыл 96 млн теңге бөлініп отыр, - деді А.Әліқұлов.

«Форма 1» дауы

«Шапырашты» елдімекенінен Нұрмахан Бекбосын жергілікті тұрғындардың ауыл шаруашығымен күнелтіп отырғанын, бірақ, Ветеринарлық бөлімшеден мал басына 300 теңгеден «Форма 1» деген құжатты сатып алатынын айта келіп, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков бұл мәселені дүрыс шешпей отырғанын айтты. Шаруа жазымен 5-6 тоқтысы мен бұзауын бағып, қысымен соны базарға апарып күн көреді. Сол азын-аулақ малын базарға апарғанда әлгі форманы алмағаны үшін 48 мың теңге айыппұл төлеп қайтып жатқандары да бар екен.
Абзал Шымкентбайұлы бұл мәселені басқарма басшысының алдында көтеріпті. «Бұдан былай базарға шығардан бұрын сіздерге «Форма 1» құжатын беріп қоятын болды», - деді.

Сұрақ қойған осы екен деп...

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тұрғындар өткен жылдың соңына қарай тағайындалған аудан әкімінің есебіне қанағаттанып, биылға үлкен үміт артып отыр. Есепті кездесулерде көбіне ауыл ақсақалдары сөз алатыны көз үйренген жағдай. Бірақ, қоғамдық маңызды мәселеден гөрі мәнсіз әңгімені сөз етіп, уақыт алып тұрып алатын қариялар да бар. Бозарық елдімекенінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлихан Юсупов жиналғандардың алдында Абзал Шымкентбайұлын сынап алды. Сондағысы алғыс хатқа қол қоймағаны үшін «жазғырды». Осындайда салиқалы сөз сабақтау да мәдениеттілік екенін ескерсек екен деген ой келеді.

Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттер мен магистрант, доктаранттардың стипендиясын еліміздегі жоғары оқу орындары ішінде алғаш болып көтеріп отыр.

 DSC6244

 

Естеріңізде болса, ҚРПрезиденті Қасым-Жомарт Тоқаев жастар форумында 2020 жылдың қаңтар айынан бастап университет пен колледж студенттерінің шәкіртақысы 25 пайызға өсетінін мәлімдеген болатын. Бұл тұрғыда еліміз бойынша шамамен 130 мың жас азаматтың стипендиясы жоғарылайтыны белгілі болды. Осыған орай, университеттегі «Жастар орталығының» мүшелері стипендия жөнінде жиын өткізіп пікірлерін білдірді.

Тоқыма және тамақ инженериясы жоғарғы мектебінің 2-курс студенті Айтөре Садыбай да бұл жаңалықты зор ықыласпен қабылдапты.
– Бұрын 20 000 теңге алатын едім. Күні кеше 26 180 теңге шәкіртақы алдым. Бұл мемлекетіміздің студент жастарға жасап отырған қамқорлығы мен қолдауы деп түсінеміз. Алдағы уақытта оқуда озат, ғылымда үздік, қоғамдық жұмыста белсенді болуға тырысамыз, - дейді студенттердің атынан сөйлеген белсенді жас.

Айта кету керек, бүгінде М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да 28 мың студент білім алуда. Оның 18 мыңнан астамы күндізгі бөлімде, 9 мыңға жуығы мемлекеттік грант негізінде оқып, шәкіртақы алады.
Студенттердің қуанышына алдымен оқу ордасының ректоры Дария Қожамжарова ортақтасты. «Біз жергілікті ЖОО-ның ішінде Білім және ғылым министрлігінің қаржыландыруын күтпей-ақ өзімізде бар қаржылай ресурстармен әр студенттің есепшотына шәкіртақысын аудардық. Олардың ішінде магистрантқа 66 913 теңге, докторантқа 102 498 теңгеден шәкіртақы берілді», - деді университет ректоры.

Дария Пернешқызының айтуынша, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да білім сапасы – басты назарда. Түлектерінің еңбекке араласуы 68%-ды құрайды. Дуальді оқыту – университеттің басты бағыттарының бірі. Академиялық мобильділік бойынша шетелдік ЖОО-мен 63 келісімшартқа отырған.

Толқытқан, толғандырған Танакөз

Пятница, 17 Январь 2020 04:25

Жүзге жуық көрермен Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының сахнасында ауыл кешіндегідей тірі гитара мен ямаханың сүйемелдеуімен, жанған оттың айналасында толқи ән салып отырдық. ҚР Халық жазушысы М.Шахановтың «Танакөз» поэтикалық драмасының премьерасында осындай әдемі мақпал сезімге бөлендік.

 DSC 9150

Қойылым камералық форматта қойылғандықтан, көрермен мен актерлердің арасында үнсіз ғана бір байланыс орнағандай. Қоюшы режиссер Қуандық Қасымов айтқандай, актерлердің бүткіл ойыны, олардың жүрек лүпілі мен көз жасын тым-тым жақыннан сездік. Мұнан біз мюзикл жанрының белгілерін, өзгеріске ұмтылысты байқадық.
«Неге бұл қойылымның форматы бөлек?» деп сұрадық режиссерден.

– Бұл әлемде қойылып жүрген формат. Менің бірнеше спектаклім осындай форматта сахналанған. Келген 100 адамның жүрегіне жетсе екен деймін. Көрермен актердің жүрегінің лүпілін сезсе, сонда тығыз қарым-қатынас орнайды. Сонда әртістер сахнада шынайы өмір сүреді, - деді.

«Танакөз» поэтикалық драмасында адамдардың тағдыры, мінезі, кейіпкердің ой-толғанысы арқылы ашылды. Лирикалық қаһармандардың рухани биіктігіне сүйсіну арқылы оқырманды да достық пен махаббаттың ұлы қасиетіне үңілуге шақырды. Спектакль бүгінгі қоғам шөліркеп қалған рухани қажеттілікке «Дос» ұғымы арқылы жауап берді. Кейде достық пен махаббаттың алдында таңдау тұруы мүмкін. Біздің бала кезден бірге өскен кейіпкерлеріміз де осы таңдауды жасауға мәжбүр болады. Ал әркімнің қолы жете бермейтін шынайы махаббатты жылдар бойғы достық үшін тәрк ету мүмкін бе? Қойылымда ізгілік қасиетін ту еткен үш достың бақытқа жету жолында кешкен содырлы да соқпақты жолдары көрсетілді.

«Кез келгеннің қолы жетпес,
Кез келгеннің жолы жетпес.
Айналайын ұлы достық, айналайын атыңнан,
Құлатпашы бізді мәңгі осы биік сатыңнан!»

Осы бір шумақ сахна шеберлерінің көрерменге айтқысы келген, жеткізгісі келген ойын шегелеп ұғындырып берді.
Сахнада «Танакөздің» әдебиеттегі нұсқасынан ауытқыған өзгерісін байқамадық. Тек «Махаббат ЖОҚ! Ол әншейін далбаса!» деген жыр жолдарының қосылғаны болмаса!.. Сөйтсек, кезінде Мұхтар Шахановтың өзі осы жолдарды қосуға ұсыныс айтқан екен.

Актерлік өнер – қас-қағым сәттік сезім шарпуы іспетті. Мәселен, бір сәтте киіктің лағындай елеңдеген ерке қыздың күйінен бойжеткен Танакөздің образына ауысу оңай еместігін бағамдаймыз. Жалпы актерлердің ойынына келсек, басты рөлдегі үш сахнагер де өз рөлін жақсы алып шықты. Монологтарын жақсы жаттаған. Дайындық жоғарғы деңгейде. Жүрек толқытарлық көлденең реплика да, диалог та бар. Әсіресе, Мұраттың рөліндегі Нұркен Орынбек пен Қоғамбайдың рөліндегі Ерсінбек Аманғалиевтің рөлі шынайы болды.

Нағыз өз ісінің шебері екенін дәлелдеді. Актриса Мөлдір Зияева да тамаша ойнады. Бірақ, рөлге кірем деп жүріп, арасындағы монологтарында сөздері анық естілмей жатты. Эмоцияға беріліп, жүзін ағыл-тегіл көз жасы жуып кететін мезеттері көп. Белгілі театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай айтпақшы, біздің қазақ әртістерінде айқайлап ойнау басым. Сол үрдістен арылу керек.

Басты рөлді сомдаған Мөлдір Зияева өзінің кейіпкері туралы: «Танакөзім. Жасына қарамай даналығы бар... Қиыншылығына қарамай пәктігі бар... Саф таза махаббатты аялап, достың қадірін тереңінен түсіне білетін, сезіміне адал... Тасты жарып шыққан қызыл гүл іспетті Танакөзім» деп ағынан жарылды.

Белгілі режиссер, Қырғызстанның Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлығының, Қазақстан Республикасының «Еңлікгүл» Театр фестивалінің жүлдегері Қуандық Қасымовтың суреткерлік зердесі, шығармашылық дүниетанымы бесенеден белгілі. Ал сахналық шешімін сценограф, ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмағұловпен бірігіп жасағанда жаңаша форматтағы қойылым көрерменіне тосын сый ұсынды. Шаханов қана айта алған сөз маржанын, алтын ойды Қасымов-Жұмағұлов тандемі ғана байыбына барып жеткізе алса керек.

DSC 9177

Шымкенттің көрермендері үшін сахна сценографиясында тың жаңалық авансценада бұлақ «ағып», су жүргізілгені және қақаған қаңтардың аязды күніне қарамай актерлердің сол суды «кешіп» ойнауы болды деп ойлаймын. Ақын рөліндегі Бауыржан Сегізбаевтың үсті-басы суға әбден малынғанда денеміз дір ете қалды. Жалпы Ақын мен Танакөздің мизансценаларында су шашу көп. Бірақ, айналып кеп «сол суды шаша бергеннен басқа да режиссерлік шешімдер қосу керек пе еді?!» деген ойдың да жылт ете қалғанын жасырмаймыз.

Бәлкім, қоюшы режиссер Қуандық Қасымов ағамыз кейіпкерлеріне су шашу арқылы қоғамды келеңсіздіктерден, махаббат пен достықтағы сәтсіздіктен арылтқысы келген болар...
«Танакөз» драмасы қайырымды қала жастарына шынайылылықты, адалдықты дәріптейді. Жалаң насихаттың жетегінде кетпейді. Адамгершілігі мол кемел адам болу үшін ең алдымен адамға тән бірқатар игі қасиеттерді бойыңа жинақтай білуің шарт. Бойдағы ынсаптың адамды асып тасудан сақтайтынын, рақым, ар мен намыс адам жанының айнасы болатынын, ұяттың өлімнен де күштілігін, сабырдың түбінде сары алтындай байлыққа жеткізетінін ұғындырады.

Кейде ақын Бақытжан Алдиярдың «Тастағы өлеңіндегідей» «Тас көшелер. Тас тұлғалар. Тас үйлер, Тас үйлерге тағдырларын тасиды ел. Тас қаланың тасасында қап қойған, Тастай берік қайран көңлім, жаси бер» дегендей, жүрек тастай қатып қалатын кездер болады. Сондай сәттерде Шанин театрына, «Танакөз» қойылымына барып толқып, шер тарқатып, көңіл шіркінді тасытып қайтқанға не жетсін?!

Көрермен көзімен

Сая Қасымбек, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі:

81947265 2306263422929377 1553344277730295808 n

– Әдетте, көрермен «сахна» деген көрерменге төрден қарайтын бөлек айдыннан қойылымды тамашалайтын. Бұл әннің – басқа әннен өзгешелігі сол, сахнада көрермен мен актер қоян-қолтық біте қайнасты. Айырықша әсер берген көрініс – махаббаттың саф тазалығы мен мөлдірін паш еткендей сахна ортасында сылдырай аққан бұлақ суы болды.

Бұлақ бойында алаулаған үш жүректің арпалысы басталады. Су шашысып ойнаған жастарды көргенде, бұрын-соңды болмаған жаңа шешімге көрермен тәнті болып, оқиға желісіне ынтыға түсті. Қоюшы-суретшінің бұндай шешімі - әр сөзін, әр қимылын қалт жібермей қадағалап отырған көрерменнің таразысына түсетін Актерге сын.

Гүлжан Ибадуллақызы, көрермен:

77

– Көңіліміз толқып, көзімізге жас алып шықтық. ТМД елдерінің мәдени астанасы жылы жоғарғы деңгейде өнер көрсететін сахна шеберлері бар екеніне сенімді күшейтті.

Дәурен Айманбетов, ақын:

99

«Бұл қойылым әсерінен шыға алатын емеспін,
Бір ғажайып күйде жүрмін, байқамайды неге ешкім?
Шахановтың "Танакөзін" оқып шығу басқа екен,
Сахнадан көру басқа сезім енді, рас, бөтен!»

Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Ғалымжан Төлеповтің 2019 жылдың қорытындысы бойынша халыққа есеп беруі «Ақжар» тұрғын алабындағы №122 мектепте өтті. Жиынға негізінен Құрсай, Қазығұрт, Ақжар, Ақтас, Айкөл елді мекенінің тұрғындары қатысты.

 DSC5089

Әкім өз баяндамасында өткен жылы шешілген және шешуін күтетін маңызды мәселелерді шолды.

– Аудан аумағы бойынша 22 елді мекен ауыз сумен қамтылса, ал 12 елді мекен құдық және тасымалды ауыз суды пайдаланады. 2019 жылдың соңында аудан аумағы бойынша 24 елді мекен (78,5%) толық ауыз сумен қамтылды, - деді Ғалымжан Әнуарұлы.

Әкім аудан аумағындағы 24 елді мекен (67,1%) мемлекеттік электр жарығымен, 25 елді мекен (82,2%) табиғи газ жүйесімен қамтылғанын да тілге тиек етті.
Ғалымжан Әнуарұлының айтуынша, 2020 жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі тарапынан жаңғырту бағдарламасына орай Қазығұрт, Тельман шағын ауданындағы тозығы жеткен 4 трансформаторды ауыстыру мен К.Маркс, Қорғасын, Қызылжар, Ынтымақ шағын аудандардағы 26,5 шақырымды құрайтын электр желілерін жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр екен.

Ағымдағы жылы ауданға жаңадан қосылған елді мекендерді көгілдір отынмен қамту үшін Сайрам ауданының Қасымбек Датқа ауылынан өтетін магистралды газ құбырынан қалаға 6,5 шақырымды құрайтын, сағатына 25 000 м/куб газ өткізетін құбыр жүргізу жұмыстары ұйымдастырылуда.

2019 жылы 21 көшеге (27,5 шақырым) жалпы соммасы 864,6 млн теңгеге асфальт төсеу басталып, 10 көшеде құрылыс жұмыстары аяқталып, 11 көшеде құрылыстары жалғасуда.
Өткен жылы аудан аумағында мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 45 аулаға 1 411,6 млн теңгеге балалар ойын алаңшалары орнатылыпты.

2019 жылы аудан аумағындағы Самал-3, Қызылжар, Ақтас, Құрсай, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Агрофирма, Солтүстік саяжай, Ақжар, Арғымақ елді мекендеріндегі 85 көшеге 26,49 шақырым шағал тас төселіпті.

2020 жылға 103 көшеге 79 шақырымға шағал тас төсеу жұмыстарына қаржы қарастыру үшін қалалық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына ұсыныс беріліп, қала әкімі Ерлан Айтахановтың қолдауымен бұл мәселе шешімін тапқан.

4 ауысымдық мектеп, қорғасынның қалдықтары және шырағдан...

Биылғы есептік кездесулердің бір ерекшелігі сол, әкімнің баяндамасынан кейін ешқандай жарыссөз болып жатқан жоқ. Жиналғандар бірден сұрақ-жауапқа өтті.

Ең әуелі Ақтас-1 тұрғын алабының тұрғыны Махмұт Мырзақұлов сөз алып, ауданға жаңадан сайланған әкімнің қолын алу үшін келгенін әрі өз ұсыныс-тілектерін жазбаша дайындап келгенін жеткізді. Ақсақал Ғалымжан әкімнің қолын алып қана қойған жоқ, батасын берді. «Елдің мұң-мұқтажы үшін барын салып еңбек ететініне, күрмеуі көп мәселелерді мақұлмен емес, ақылмен шешетініне» сенім артты.

Құрсай елдімекеніндегі 900 орындық №49 жалпы орта мектебінде 3000-нан аса оқушы 4 ауысыммен білім алып жатқанын Қазығұрт шағынауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Әділбекұлы жеткізді. Бұдан бөлек, тұрғындар 700-дей тұрғыны бар елдімекенге заманауи жаңа емхананың қажеттігін алға тартты.

– Одан соң осы елдімекен маңындағы Қорғасын зауытының қалдықтары, көмірі жел тұрса тұрғынүйлерге ұшады. 500 метрдей жерде балабақша орын тепкен. Қорғасын қалдықтарының зияны біз айтпасақ та белгілі. 20 жылдан бері қанша әкім ауысты. Неше рет уәде берілді. Тіпті, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-мен бірігіп үстіне гүл егетін болып келісті. Бірақ, өзгерген ешнәрсе жоқ. Өзің бас-көз болып осының шешімін тапсаң, - деді Сатыбалды Әділбекұлы.

Ақжар елдімекені тұрғындарының атынан зейнеткер Берік Ерманов сөйледі. «Шағынауданның негізгі көшелерін жарықтандырып берсеңіздер, жолдар жөнделсе, учаскелік полиция пункті ашылса, 50-60 үйдің құжаты жоқ, солар заңдастырылса» деген ұсыныстарын айтты.

Ақтас-2 шағынауданының тұрғыны Салтанат Лесбекова ауызсу, жарық, табиғи газдан қатты қиналып жатқандарын жеткізді. «Тіпті, кешке қарай шырағданның сәулесінен де әлсіз жарықпен отырамыз. №147 бағыттағы қоғамдық көлік өз уақытында жүрмейді. Сендер жақта адам аз деп біздің жаққа қатынағанын міндет қылады», - деді тұрмыс қажытқан келіншек жыламсырай.
Одан кейін тұрғындар осы Ақтас-2-де №73 мектептің жанындағы көпірді жөндеп беруді сұрады.

Тұрғындардың өтініш, талаптарын мұқият тыңдаған әкім олардың әрқайсысына жауап беруге тырысты. Кейбіріне басқарма басшылары жауап беруіне тура келді.

 DSC5193

«Жер-ана» өндірістік кооперативі тарапынан Құрсайдағы №49 мектеп құрылысына 3 га жер телімі бөлініп берілді. Аталған шағын ауданға қалалық білім басқармасы тарапынан 1200 орындық мектеп құрылысын салуға және №49 мектептің ескі ғимаратының орнына 300 орындық мектеп құрылысын салуға «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на ұсыныс берілген», - деді Білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Балмаржан Нарбекова.

Сондай-ақ аталған мектептің жанынан Қазығұрт, Құрсай шағын аудандары мен Ақжар, Ақтас елдімекендері тұрғындарына «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ тарапынан заман талабына сай емхана құрылысын салу жоспарда бар екені белгілі болды.

– 2023 жылға дейін 5 денсаулық нысанының құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде, қосымша 1075 адам сапалы медициналық көмекке қол жеткізеді, - деп сөзін шегеледі аудан әкімі Ғ.Төлепов.

Әкімнің Қорғасын зауытының қалдықтарына қатысты жауабы былай болды. –1992 жылы зауыт жұмысы тоқтағаннан кейін 1 млн 800 тонна қалдықтың бары анықталған. Бұл аумақты 2018 жылдың ақпан айында мердігер мекеме аукцион арқылы 30 миллионға ұтып алған. Алдағы бес жылдың ішінде қалдықтарды шығарамыз деп өз жауапкершілігіне алған. Қазіргі күні Экология департаменті тиісті жұмыстар атқаруда, – деді Ғ.Әнуарұлы.

Жалпы Абай ауданында шешуі кезек күттірмейтін мәселе шаш етектен.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, спорт алаңшаларын, тренажер элементтерін орнату; шалғай жатқан елді мекендерді инфрақұрылым (ауыз су, электр жарығы, табиғи газ, кәріз, жылумен қамтамасыз ету, жолдарды салу) жүйелерімен қамтамасыз ету; жаңа мектептер, балабақша мен емханалар салу күн тәртібінде тұр.

Бөдене – бизнес

Пятница, 17 Январь 2020 03:55

Құстардың ішінде сағаттап өсетін құс бар. Бейне бір қазақ ертегілеріндегі батырлар сияқты. Бірақ, қанша көз ілеспес жылдамдықпен өскенімен, сонша тез қартаяды. Яғни, өмір сүру циклі қысқа. 1,5-2 айдан бастап жұмыртқалай бастайды да, жұмыртқадан шыққаннан кейін 35-40 күнде үлкен құсқа айналады. Жалпы жұмыртқалау кезеңі бір жылдан асар-аспас. Бір жылдан кейін оны бордақылап, етке өткізеді. Иә, біз бөдене құсы туралы айтып отырмыз.

IMG-20200105-WA0016

«Бөдененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдақ» деген халық мақалы бүгінде кері сипатқа ие болғандай. Қазір бөдене қолға үйретілген.

Шымкенттегі Қайтпас-1 шағынауданында үй жағдайында бөдене шаруашылығымен айналысатын отбасы бар. Айман Кулишованың бөдене құсын өсіріп, оның жұмыртқасын сатуды кәсіп қылғанына он жылдан асыпты. Басында базардан сары ала жұмыртқасын көріп жәй қызығушылықпен бастаған. Федя деген орыс кісіден он шақты жұмыртқа әкеліп, бастырып шығарады.

Ол тұқымдар майда боп шығады да, құсты да, жұмыртқасын да ірілендіру мақсатында Алматыдан іздестіреді. Әсілі, бөдененің пошымы – шап-шағын. Ақын Мұхтар Шахановтың «бөдене таланттар мен Қажымұқандар» дейтіні содан. Көлемі әр алуан болады. Ең аз салмағы 10 грамм болса, біреулері 15-20 грамға дейін барады.

«Алғашқы кезде біз шығарған құстың қоразының тірі салмағының өзі көп болса 100 грамдай-ақ еді. Мекиені 80 грамм. Қазіргілерінің салмағы 200 грамның жобасында. Сорпалап ішуге болады», - деп Айман апай кәсіп бастаған алғашқы жылдарын еске алды.

Оның негізгі мамандығы эколог болғанымен, бұл салада бір күн де тер төкпепті. Өзі – алты баланы дүниеге әкелген көпбалалы ана. Сол бала-шағаның күтімі мен бабын жасай отырып, үйінің алдындағы сарайға тор, инкубатор сатып алып, қырғауыл тұқымдас шағын құсты өсіреді. Балалары қолғабыс етеді. Жолдасы Мұқан Нұрмаханов ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады.
Қазір А.Кулишованың үйінде 500-дей құс бар екен. Бірақ, бұл көрсеткіш қомақты табыс алып келеді деп айтуға ертелеу. Ол бизнесін қалай жылжытарын білмей жүргенде былтыр қыркүйек айында көк жәшіктегі жаңалықтан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлікке оқыту курсы жайлы хабарды құлағы шалады. Артынша құжат тапсырып, қабылданыпты.

– 25 күн оқып, сертификат алып, бөдене шаруашылығы туралы бизнес-жобамды қорғап шықтым. 505 мың теңгелік грантты ұттым. Бірақ, әлі бұл қаржыны жұмсамадық. Себебі, бизнес-жоспарды жазған кезде күн жылы болатын. Қазір – қыс ауасы. Құсты ұстайтын тор, шығаратын инкубатор, жүн тазалағыштың формасы, бәрі де өзгерді. Өнім көлемі артқан соң оның барлығын сақтайтын мұздатқыш керек. Құстарды да көбейтсек деп отырмыз. Өйткені, олардың қанын жаңартып отыру қажет. Ол үшін басқа шаруашылықтан алдырып әрі ірілендіру мақсатында жаңа құстар қосып, қанын тазартпақпыз, - дейді кәсіпкер.

Бұл құсқа суықтан жылу артық

Бөдене шаруашылығы нәрестеге қарағандай үлкен төзімділік пен ыждаһаттылықты қажет етеді. Бұл құс жылуды жақсы көреді. Қыста жылы ұстап, жазда желдеткіш қойып, бөлмеде 20-25 градус бірқалыпты температура болуы шарт. Айман апай бөдененің «бөлмесін» қыстыгүні 18-20 градустан төмен түсірмеуге, жаздыгүні қатты ысытып жібермеуге тырысады екен.

–Таңғы 6-7-де жарықты қосамыз. Жаз уақытында жарық қоспаса да болады, терезеден күн сәулесі түседі. Түскі тамағы сағат 14.00-де, кешкі қорегі – 20.00-21.00-де. Түнде сағат 12-де қайтадан жарықты өшіреміз. Жарық тәртібінің уақыты 16-17 сағатқа тең болуы керек. Егер сәл кем боп қалса, жұмыртқалауы азайып кетеді, - деді А.Кулишова.

Сондықтан, өзі шағын болса да, бөдене құсын өсіру, оның жағдайын жасау оңай емес. Астын күніне бір мәрте тазалайды. Торының астында қиға арналған қалыбы болады. Оған ағаш жоңқаларын себеді. Ол әрі иісті басады, әрі зарарсыздандырады.

Адамға қажетті жылу мен жарық, су бөденеге де өз уақытында үш мезгіл берілмесе, өнім азайып кетеді. Үш мезгіл жем береді деп қалдық қой. Айман апайдан жемді қайдан алатынын сұрадық. – Өскеменде «Корма Востока» деген зауыт бар. Солар қазір құрамажемнің неше түрін шығарады. Малға, мүйізді ірі қараға, итке де, құсқа да арналған түрі бар. Құрамажем микроэлементтер мен дәрумендерге бай. Бидай, жүгері, тары, балық ұны, т.б. Бәрі де зерттелген. Бірақ, бағасы әжептәуір қымбат. Бір қабы – 25 кг. Бір адамның өзі көтеріп кете беретін жеңіл етіп шығарғаны дұрыс болды. Бір килосы 160 теңгеден, бір қабы 4 мың теңгеге түседі. Бөдене басқа құстар сияқты әр түрлі жемді жей бермейді».

Әр құстың балапан басу мерзімі әр түрлі. Мысалы, тауықтар 20-21 күнде, күркетауық 28 күнде, түйеқұс 40-45 күнде, бөдене 16-17 күнде балапан басып шығады. Аңғарғанымыздай, осылардың ішінде ең тез көбейетіні – бөдене. Қолдың бөденесі жабайы бөдене сияқты өз бетінше балапан баспайды. Бұлар кезінде қолға үйретіліп, селекция арқылы шығарылған ғой. Соның өзінде жартылай жабайы. Сондықтан, инкубаторсыз балапан шықпайды.

– Жұмыртқасы инкубаторда 16 күн тұрады. Адамдар «ойбай, инкубатордан шыққан» деп шошиды. Олай емес. Бұл тек өмірге келу тәсілі ғана. 37,7-38°С қажетті температура, ылғалдылық сақталса, жұмыртқалай береді. Мекиені де балапан басқанда сондай жағдай жасайды, - деді.

Айман Сейілбекқызының айтуынша, екі инкубатор болады: біреуі – алдын ала, екіншісі – шығарушы. 15 күн бойы алдын ала басатын инкубаторда тұрады да, 16-күні екіншісіне ауыстырылады. Әр сағат сайын жұмыртқа қозғалып, ауа желденіп тұруы керек. Өйткені, жұмыртқаның ішіндегі балапанға таза оттегі жетіспесе, қабығына жабысып шықпай қалуы мүмкін. Байқасақ, құстың өзі шеттегі жұмыртқасын ортаға, ортадағысын шетке жылжытып, бір тұрып, су ішіп, қайта келіп жатады. Сол кезде жұмыртқа оттегімен қамтамасыз етіледі. Әсіресе, жұмыртқа шығуға жақын қалған кезде оттегіні көп қажет етеді. Ол үшін арнайы тесіктер істелінген. Ауаны барынша желдетіп тазартып отыруға тырысады.

Ал «инкубаторды қайдан алады?» деген сұраққа келсек, оны бұл отбасы әзірге қолдан жасап жүр. Аппараттың қасына бірқалыпты жылу ұстап тұратын термореттегіш сатып алған. Бағасына тоқталсақ, ішіне салынатын жұмыртқаның сыйымдылығына қарай түрлі бағада сатыла береді.

– Инкубатордан құс шығару қиын. Екінің бірі бөдене құсын асырай алмайды. Өйткені, ол басқа құстар сияқты кез келген жемді жей бермейді. Өте сезімтал құс. Көп адамдар қиындықтарына шыдай алмай бұл кәсіпті орта жолдан тастап кетеді. Қыстыгүні шығын өте көп. Өткенде бизнес-жобаны жазған кезде бірінші инкубатор алайық, сөйтіп балапан шығарайық, ет сату үшін тоңазытқыш алайық деп жазған едік. Ақша аударылам дегенше қыс болып кетті. Бірінші нұсқа өзекті болмай қалғаны сол. Сол үшін біз бірінші құс аламыз деп шештік, - дейді А.Кулишова.

Оның бизнес-жоспарында 350 бас құс деп көрсетілген. Оның 300-і мекиендер, қалғандары ет бағытындағы қораздар. Қораздардың айлық айналымы – 50 бас. 300 мекиен күніне 225 жұмыртқа туады. Жұмыртқалау үдерісі күніне 75 пайызға тең болады. Жұмыртқаның әр данасының сатылу бағасы – 15 теңге, яғни күніне 3375 теңге, айына 101 250 теңге табыс. Қораздарды етке өткізген жағдайда 50 бас бөдене еті 500 теңгеден 25 мың теңге болады. Сонда жалпы айлық кіріс – 126 250 теңге. Кететін шығынын есептей келе, таза табыс 60 мың теңге болады екен. Құстың басын көбейткен сайын табыс та арта түспек.

Айман Сейілбекқызы бөдене өнімінің 80 % жұмыртқа түрінде, 20 % ет түрінде сатады. Шымкентте тірі құсты алушылар көп болмағаннан кейін етке өткізеді.
– Бір бөдененің бағасы 500-1000 теңгенің арасында. Екі айға дейінгі бөдене 1000 теңгенің айналасында. Тәуліктік бөденелер 100 теңгеден басталады. Етінің бір килосы – 2500 теңге. Қазір көбіне той, жиындарға тапсырыс береді. Дастарханға таңсық ас ретінде жұмыртқасы мен етін безендіріп қою сәнге айналды. Етінің дәмі тауықтың етіне ұқсамайды, - деді ол.

Заты – бар да, аты – жоқ

Бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы өте көп. Мамандар бөдене жұмыртқасын әсіресе, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Себебі, бұл өнімнің адамның иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол. Аз сөзбен айтсақ, мың ауруға шипа. Жұдырықтай құстың еті холестеринсіз, диеталық тағам. Жұмыртқасы дәрумендігі жағынан тауықтан үш есе құнарлы, амин қышқылы, микроэлементтерге бай. Бұрын патшалар мен ақсүйектердің ғана жейтін асы болған екен. Екінің бірінің қолы жете бермеген деседі. Кезінде Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызғанын тарихи кітаптардан кездестіруге болады.

«Еті мен жұмыртқасынан бөлек бөдене шаруашылығының сан түрлі қырын дамытып, пайда табуға болады. Етін тұздап, жұмыртқасын маринадтаса, жеңсік ас ретінде желінеді. Кептірілген қиын ұнтақтап, қаптап ұсынсаңыз, тыңайтқыш ретінде өтімді болады. Жүнін жастықтың мамығына пайдаланса тіпті, керемет! Ол үшін құстың басын көбейтіп, ерінбей айналысу керек». Айман Кулишова жапондар мұны біліп қана қоймай, ұлт денсаулығын жақсартуға қолданатынын айтады. Тіпті, мектеп жасындағы балаларға күніне екі бөдене жұмыртқасы тегін таратылады екен. Қытайда 70 млн, Ресейде 350 мың бөдене басы бар екенін де деректер айғақтайды.

Ал бізде бұл сала ақырындап дамып келеді. Сайрамда бөдене өсіретін шаруашылықтар баршылық деп естиміз. «Малышева» атты жеке шаруашылық бұл құстың өнімдерін супермаркеттерге тарататынынан хабарымыз бар. Бірақ, бөдене құсы әлі заңды түрде тіркелмеген көрінеді. Яғни, заңдастырылмаған, реестрге енгізілмеген. Тауыққа бар. Бөденеге жоқ. Бөдене асырасаңыз, тіркей алмайсыз. Бұл біздегі Ауыл шаруашылығы министрлігі ескерер өзекті мәселе деп ойлаймыз.

Түсінгеніміз, біздің елімізде «ханның асы» саналатын бөдененің еті мен жұмыртқасынан басқасын пайдалану әлі жолға қойылмай келеді. Ал бұл тек асырайтын адамға ғана байланысты емес. Тұтынатын қарапайым халыққа да қатысты. Өткенде базарда бір жігіт бөдененің жұмыртқасын сатып жатса, бір көкеміз «Енді жыланның да жұмыртқасын сатып жатсыңдар ма?» деп дүрсе қойғанын естіп едік.

Демек, былайғы жұрт әлі де бөдененің пайдасы туралы көп біле бермейді. Біз де осы мақаламыздағы Айман Кулишова сияқты кейіпкеріміз арқылы көп оқырманға ой салғымыз келді. Мемлекет қаржылай қолдап жатқанда, жұмыс жоқ деп айтуға, әсте болмас. Оны Айман Сейілбекқызының кәсібіне қарап-ақ бағамдей беріңіз.

Бөдене жұмыртқасын қолдану әдісі

16491

Адамның жасы Жұмыртқа саны:

1-ден – 3 жасқа дейін 1-2 дана
3-тен – 6 жасқа дейін 2-3 дана
8-ден – 12 жасқа дейін 3-4 дана
12-ден – 18 жасқа дейін 4 дана
18 бен 50 жас аралығы 5-6 дана
50-ден жоғары 4-5 дана

Мәдени астана мәйегі

Среда, 15 Январь 2020 10:07

Шаһарымыздың тарихындағы 2020 тарихи жыл басталды. ТМД елдерінің биылғы мәдени астанасы ретінде қонақтар қаламыздан қандай қызықтарды тамашалай алады? Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасын басшысы Рашид Мамытұлына хабарласып, 2020 жылға жоспарланған іс-шаралардың ретін сұраған болатынбыз.

80265884 586224231921713 5986391817359196160 n

Шындығында, Шымкент биыл өзін тамаша қырынан көрсеткелі тұр. Көпшілік қызығарлық һәм қуанарлық жайттар көп болмақ. 2019 жылдың 1 қарашасында «Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» жобасын дайындау және өткізу жөніндегі республикалық ұйымдастыру комитеті құрылған болатын. Сол комитет жаңа міндеттерді іске асыру үшін мерекелік іс-шаралардың тұтас кешенін басты нысанаға алған. Бұл – кезең-кезеңімен қызықты туристік бағыттар құру, тарихи ескерткіштерді қайта жөндеу, түрлі музыкалық фестивалдер, мұражай көрмелерін өткізу, шетелдік театрлардың гастрольдерін және әлемдік танымал авторлардың қатысуымен кітап жәрмеңкелерін ұйымдастыру.

«Бұл ретте, барлық іс-шаралар шетелдік туристерге де, ішкі тұтынушыға да қызықты және танымды болуы тиіс», - дейді басқарма басшысы Рашид Мыңбаев.
Оның айтуынша, ТМД мәдени астанасының мәртебесі көптеген стратегиялық мәселелерді шешуге ғана емес, сонымен қатар әлемдік жұртшылықтың, халықаралық ұйымдардың назарын қаланың әлеуетіне, мүмкіндіктері мен проблемаларына аударуға мүмкіндік береді. Жаңа мәртебе қала тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік сипаттағы мәселелерді ілгерілетуге де импульс беретіні анық.
Ұлттық мұрасы мен тарихы бай Қазақстанның үшінші патриот қаласы Nur-Otan партиясының пәрменімен өздерінің мүмкіндіктері мен жаңа тәсілдері туралы мәлімдемек.

WEB-SITE VISITSHYMKENT.com

Shymkent

Әр заманауи мегаполистің туристерге арналған имидждік сайты бар. Осы секілді Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени оқиғалар мен алдағы іс-шаралар туралы толық ақпараты бар жеке сайт ашылмақ.
Онда қаланың барлық көрікті жері, мұражайлар, театрлар, мәдениет ескерткіштері, іс-шаралар бағдарламасы орналастырылады. Қоғамдық көлік пен такси қозғалысының бағыттары, кестесі туралы ақпарат болады. Бірақ, сайт тек ақпараттық портал болмауы керек. Мұнда отандық туристік компаниялар маңызды іс-шаралар мен фестивальдер өткізу кезінде түрлі конкурстар өткізуі жоспарда бар. Жергілікті қонақ үйлер, дәмханалар мен мейрамханалар бонустық жеңілдіктер туралы ақпаратты орналастырады, мәдени мекемелер өз акцияларының басталу мерзімі туралы хабарлай алады. Бұл жерде барлық тілек білдірушілер өз әсерлерімен және ұсыныстарымен бөлісе алатын туристердің бөлек форумын құруға болады. Мұның бәрі туристер ағынын айтарлықтай арттырады.

БАС РЕДАКТОРЛАР КЛУБЫ

«Шымкент – Достастықтың мәдени астанасы – 2020» іс-шарасына дайындық жөніндегі ұйымдастыру комитеті еліміздің жетекші БАҚ бас редакторларымен «Шымкент – Достастықтың мәдени астанасы» тақырыбында кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

Іс-шара Шымкент қаласының имиджін көтеруге бағытталған. Іскерлік басқосуға IT-саласының өкілдері, соның ішінде баспа және электронды БАҚ журналистері мен танымал қазақстандық блогерлер қатысады.
Негізгі іс-шаралар басталғанға дейін барлық шетелдік БАҚ бас редакторларының Шымкентке пресс-туры ұйымдастырылмақ. Мұндағы мақсат – келетін туристерге қаламыз туралы түсінік қалыптастыру.

Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы

Al-Farabi-turaly-620x461

Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Science.Heritage.Nation» атты халықаралық ғылыми конференция өткізіледі. Ғылыми мұра жөніндегі Science.Heritage.Nation халықаралық форумына ғылымның барлық саласының өкілдері бас қосады.

Абай Құнанбайұлының туғанына – 175 жыл

Без названия

Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына арналған «Meloman», «Кітап қаласы», «OZON», «Flip» онлайн-дүкені желілерімен бірлескен жобалар әзірленуде. Шымкент қаласының актерлері кітап клубын өткізіп, Абай шығармаларын оқуға шақырады.

ЕРІКТІЛЕР ЛИГАСЫ

Еріктілік салауатты қоғамды дамытудың әлеуеті ретінде қоғамдық өмірдің барлық саласына атсалыса алады. Олар – елдің кадрлық резерві. Еріктілер 2020 жылы қаланың көптеген қоғамдық іс-шараларын өткізуде басты рөл атқармақ.

МЕЙРАМХАНАЛАР АПТАЛЫҒЫ

Мейрамханалар апталығы – бұл қала тұрғындары мен қонақтарына арналған үлкен гастрономиялық фестиваль. Оның аясында қонақтар Шымкент қаласының үздік мейрамханаларына жеңілдікпен барып, бірегей науқандық баға бойынша ас мәзірін көре алады!
Бұл:
- Дәм тату
- Шеберлік сағаттары
- Жеңілдіктер мен акциялар
- Сыйлықтар мен кәдесыйлар
- Жаңа мәзір және мейрамхананың жаңа тағам сынауға мүмкіндігі.

Мейрамханаларға науқанға қатысу белгісі ретінде кіретін есіктерге жапсырылған стикерлер ұсынылады. Мысалы, Наурыз мерекесі секілді мейрамдар кезінде қала тұрғындары қаланың кез келген кафесінде достарымен бірге көңілді отыра алады. Барлық қатысушы мейрамханалар әлеуметтік қоғамдастыққа біріктіріледі, кез келген адам желілерде тіркеледі. Осылайша, бұл комьюнити алдағы науқан туралы хабарлап тұрады. Ал, мейрамханаға келушілер ақпаратпен бөлісе алады. Бұл ивент мейрамханаларға да пайдалы.

Өйткені құрылған қауымдастық клиенттерден Feedback жинауға мүмкіндік береді, өз сегментінің базасы, өз тағамдарын ұсыну және тестілеу мүмкіндігі туады. Уақыт өте келе, қала әкімшілігіне мейрамханалар арасында рейтинг бастауға болады. Жалпы, Шымкент Қазақстанның ең қонақжай және аспаздық тарихқа бай қаласы саналады. Барлық қазақстандықтар 350 теңге тұратын Шымкент кәуабы және ең дәмді палауы туралы құлақтанып, қаныққан. Осындай мейрамхана фестивальдерін немесе гастрономиялық демалыс күндерін өткізе отырып, қала республиканың гастрономиялық орталығына айналатын барлық қалалар мен аймақтар арасында өз орнын табады.

Өткен жылдың желтоқсан айында ЮНЕСКО-ның арнайы қарарымен Шымкент қаласының негізі қалануының 2200 жылдығы халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізіліп, оны 2020 жылы кең көлемде атап өту жөнінде шешім қабылданған болатын. Бұл тарихи датаны тағлымды шаралармен атап өту әлемдік деңгейдегі маңызды оқиға және салмақты ақпараттық қолдау болғалы тұр.

ЕВРОНЬЮСПЕН РЕПОРТАЖ

Қала әкімдігінің Euronews-пен («мәдениет» айдарында) бірлескен репортаж жасау жоспарға енгізілген. Ол арқылы жаңа мәртебеге ие болған қаланың 2020 жылға арналған жоспары туралы әлемге фото және видео материалдар бар репортаж таратылады.
Сюжетте қаланың өзіндік ерекшелігі, көрікті жерлері, ұлттық мәдениеттің ерекшеліктері көрсетіледі. Шымкент қаласының көркі және оның ашық түстері шетелдік туристерді бей-жай қалдырмайды.

ҚАЛАНЫҢ ЕҢ ҮЗДІК СУРЕТІ – БАЙҚАУЫ

DSC 1905

Байқау онлайн-ресурстарда қаланың және тұрғындардың үздік сурет коллекцияларын жинауға мүмкіндік береді. Егер желіде әдемі және авторлық жұмыстар көбірек пайда болса, ақпараттық жаңалық, мақалалармен бірге жариялап, интернет аудиториялар мен шетелдік қонақтар арасында қала бейнесін қалыптастырады.

КӨРМЕ

Абай Құнанбаевтың шығармаларына арналған бүкіл әлем суретшілерінің халықаралық көрмесі өткізіледі. Көрменің соңғы күнінде барлық суретшілердің қылқаламынан
Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған арт-нысан құрылады.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАС ЖҰЛДЫЗДАРЫ

2019 жылы А+А Idea Fabric компаниясы әлеуметтік саланың үздіктерін іріктеп алды. Star of Asia Almaty.kz халықаралық музыкалық фестивалінің сахнасында жұлдызбен дуэтте өнер көрсетуге бірегей мүмкіндік берді.

ИМИДЖДІК БЕЙНЕРОЛИК

Қала тұрғындарының негізгі құндылықтарына баса назар аудара отырып, кадр сыртында мәтіні бар жаңа имидждік роликтерді іске қосу қолға алынбақ. Ондағы мақсат – Шымкент қаласының заманауи және әсем мегаполис ретіндегі ұстанымы мен негізгі ұранын ашып көрсету. Сапалы ролик – қаланың тынысын өзгертіп, өз бояуын береді. Көрерменді қызықтырған ролик қала тұрғындарының мақтаныш сезімін туғызып, әлеуетті туристердің Шымкентке келуге ынтасын арттырады.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ БАЛЫ

Қайырымдылық қабылдауы (бал) өткізілмек. Осы іс-шарадан түскен барлық қаражат балалар шығармашылығын дамытуға немесе жетім балалардың білімін жетілдіруге бағытталады.

«ӨНЕРІМ САҒАН, ҚАЗАҚСТАН!»

«Өнерім саған, Қазақстан!» деген атаумен қазақтың ұлттық өнерін шебер меңгерген этнос өкілдерінің республикалық фестивалі өткізіледі.

ТУРИЗМ ОҚИҒАЛАРЫ

«Шымкентте жасалған» – қала фермаларына саяхат. Мысалы, фермаға бару (агротехникамен танысу, таза ауадағы естелік фото) секілді турлар аясында фестивальдар мен жәрмеңкелер өткізу жоспарлануда.
Велосеруендеу мен велотурлар ұйымдастыру жоспарда бар. Велосипедпен халықаралық саяхаттау және халықаралық нарыққа сай бағытын әзірлеу осы іс-шара аясында жүзеге аспақ.

HALLYU

Жаһандық тренд Korean Wave Корей поп-мәдениетініңі танымалдығы әлем жұртшылығына аян. Әсіресе жастар жағы бұл бағыттағы музыкалық шығармаларды жан-тәнімен сүйеді.

КӨШЕ ТЕАТРЫ

фото2

Көше театры – спектакльдер ашық жерде, яғни, көшеде, алаңда, саябақта және т.б. сахна жабдықтарынсыз өтетін театр. Яғни, мұндай спектакльдерге жол-жөнекей кетіп бара жатқан кез келген жолаушы қатыса алады. Осылайша импровизация жасау сәті өте қызықты болмақ.

Бұлардан бөлек, түрлі өнер фестивальдері шымылдығын түреді. Атап айтсақ, ТМД елдерінің опера және балет фестивалі, драма театрларының республикалық фестивалі, ТМД елдері симфониялық оркестрінің концерті (Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай). ТМД елдерінің фольклорлық би және музыкалары фестивальдері ұйымдастырылады.

ТМД елдері жазушыларының кездесуі, «Жібек жолы» дәстүрлі және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнер көрмесі, Shymkent Bike/Tour de Shymkent веложарысын өткізу жоспарлануда.
Соңғы сөз орнына. Байқағанымыздай, биыл өткізіледі деп жоспарланған іс-шаралардың ауқымы кең. Оған жыл бойына көз жеткізе жатармыз. Халықаралық іс-шаралар мәдени тәжірибе алмасуды кеңейтуге, тарихи-мәдени мұраны сақтауға, туризмді дамытуға ықпал етеді.

Шымкент үшін бұл –бүкіл әлемге мегаполистің мәртебесі туралы мәлімдеудің бірегей мүмкіндігі.

Страница 16 из 41