«БІР КҮНДІК БАҚЫТ»: шындық пен иллюзия арпалысы Избранное

Среда, 22 Июнь 2022 06:34 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2050 раз

Адам өмірден өз орнын табуы үшін не маңызды деп ойлайсыз? Дәл осы сауалдың жауабын Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында премьерасы өткен Уильям Теннесидің «Бір күндік бақыт» психологиялық драмасынан таба аласыз.

73

 

«Бір күндік бақыт» - Теннесси Уильямстың өз өмірі мен отбасы туралы естелігі. Ол қойылымда өзін Том бейнесінде көрсетеді. Спектакльдің қоюшы режиссері С.Мелиев басты рөлдегі кейіпкерлердің иллюзия мен шындық арасындағы адасуын ерекше сахналаған. Әртүрлі уақыт кеңістігінде өз шындығымен өмір сүретін адамдардың ішкі күйін, психологиялық жағдайын спектакльдің көркемдік, музыкалық және сахна безендіруі ерекше толықтыра түскен.
— Бұл — менің режиссер С.Мелиевпен алғашқы жұмысым. Режиссердің көмекшісі ретінде бекіткенде қобалжу болғаны рас. Алайда, режиссер актерлік құрамды бекіткен соң, бірден жұмысқа кірісіп кеттік. Қолымызда шығарманың орыс тіліндегі нұсқасы ғана бар еді. Аударма дайындық кезінде жүзеге асты. Яғни, режиссер актерлік құрамды бекітіп, образдарды түсіндіріп жатқанда әр кейіпкердің сөзін орыс тілінен қазақ тіліне аударып, қағазға түсіріп шықтым. Шығарма желісінде Лаура анасының айтқанынан шықпайтын қыз және оның өз әлемі бар, ішкі дүниесі бай ерекше жан. Оқиға анасы Аманданың Лаураға жұмыс таппай, оны тұрмысқа беруге шешім қабылдаған тұстан өрбиді. Ол қызының денсаулығындағы кінәратын қоғамның қабылдамағанына ренжулі. Алайда, ұлы мен қызының шынайы болмысын қоғам тұрмақ, өзі де қабылдай алмайды. Тіптен, қызын шектен тыс «қамқорлығымен» өз ойының «тұтқынына» айналдырғанын да байқамай қалады,- дейді режиссердің көмекшісі Гүлнұр Советханқызы.

72


Иә, Том әдебиетті сүйіп оқыса, Лаура қолөнер бұйымдарын жасағанды, кесте кестелегенді ұнатады. Алайда, анасы Аманда балаларының жанына жақын, қалауындағы іспен шұғылданғанын қаламайды. Материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілген, қалталы болуы үшін түрлі қулыққа барады. «Лаура өзін-өзі асырауға қауқарсыз» деп, қызының мүмкіндігіне күмәнмен қараған анасы мәселені тұрмысқа беру арқылы шешуге бел буады.
Ал, Лаураның рөлін сомдаған Фариза Әбіл кейіпкерді сомдау үшін өз табиғатына мүлде қарама-қарсы кейіпке енгенін тілге тиек етті.
— Анасының айтқанын екі етпейтін, қиялдағы әлемімен өмір сүретін, жан дүниесі таза сақталған Лаураны сомдау үшін біраз ізденуге тура келді. Өмірде тік мінездімін. Алайда, сахнаға Лаураны алып шыққанда оның жанының тазалығы, өмірге деген махаббаты, анасына деген құрметі, бауырына деген қамқорлығын көрерменге жеткізуге тырыстым. Лаура қанша қиындық көрсе де, өзінің қиялы мен үмітінің арқасында жан тазалығын сақтап қалған, өмірге құштар ерекше қыз. Дейтұрғанмен, қоғамның, отбасының Лаураны бар қалпымен қабылдай алмауы, түрлі шектеулер қоюы — оның шынайы өмірден алшақтатып жіберген және анасының «тұтқынына» айналдырған, - дейді ол.
Иллюзия мен шындық. Адам бақытты өмір сүріп, өмірден өз орнын табуы үшін қайсысы маңызды? Режиссер бұл сауалдың шешімін әр көрерменнің еншісіне қалдырған.
Айта кетейік, қала күніне орай сахналанған «Бір күндік бақыт» психологиялық драмасының премьерасы 18-19 маусым күндері де жалғасты. Қойылым 18 жастан жоғары көрермендерге арналған.