Шымкентте Тәуел-сіздік мерекесі қарсаңында қаланың дамуына үлес қосқан жандардың еңбегі еленді. «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен салтанатты мерекеге қала әкімі Нұрлан Сауранбаев қатысып, спорт, білім, әлеуметтік, қоғамдық саладағы үздіктерге төсбелгі тағып, Алғыс хатпен марапаттады.
– Биыл тәуелсіздігімізді жариялағанымызға 26 жыл толды. Бұл еліміздің қасиетті мерекесі, асыл қазынасы.Тәуелсіздік жылдары Қазақ-стан үлкен экономикалық-әлеуметтік жетістіктерге жетті. Соның ішінде Шымкент қаласы үшін де жемісті болды. Осы жылдары облыс орталығы танымастай өзгерді. Заманауи тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік-мәдени нысандардың саны артып келеді. Қаланың бас жоспарына бағытталған үлкен инвестициялар игеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Әрқайсыңыз әр салада қызмет ете жүріп, қаланың дамуына үлес қосып келесіздер, – деп қалалықтарды мерекемен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
«Шымкент қаласына қосқан ерекше үлесі үшін» төсбелгісімен қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Намазбай Әбдіқұлов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ермек Дәрменов, ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірханов, Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев марапатталды.
Халықтар Достығы университетінің маманы Сұлушаш Әбішова, зейнеткер Шәкір Әшірбаев, Шымкент қалалық мәслихатының тұрақты комиссиялармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас маманы Ұлжан Исабаева қала әкімінің Алғыс хатына ие болды. Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты «Шымкент келбеті» газетінің жауапты хатшысы Асхан Майлыбаеваға да табысталды.
Айта кетейік, мерекелік шарада 1 азамат «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, 7 азамат «Шымкент қаласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін» төсбелгісімен, 14 азамат Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Салтанатты мерекеде өнер иелері патриоттық ән шырқап, концерттік бағдарламасын ұсынды.