Ол өлеңнің падишасы еді... Избранное

Пятница, 26 Январь 2024 05:21 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1350 раз

Осыдан тура он жыл бұрын, 25 қаңтар күні Астанадан «Фариза Оңғарсынова дүниеден өтті» деген суық хабар жеткенде есеңгіреп қалғандай күй кешкеніміз есімде. Сырқаттанып жүргенін білетін болсақ та дәл осындай қаралы жайды оқыстан күтпеген едік. Содан бір ай бұрын ғана туған күнімен құттықтап, ұялы телефонмен сөйлескенімде дауысы да, өзі де сергек еді.

parisa

 

Қазақтың Фаризасы жайлы жаманат хабар күллі елдің қабырғасын сөгіп, жүрегін қарс айырғаны да рас. Сол кезде: «Ей, бейдауа дүние! Қабағың неге түнерді, қара бұлт неге үдерді? Дүлей дауылың аспан мен жерді азынатып, азалы үн шақырғанын қарашы. Сұрқия сұм ажал, алыптардың ауылын жағалап, тағы бір тау мүсін талантты аңдаусызда алып жықтың ба? Неткен тасмейір, қатыгез едің?» деп күңірене күрсінгенбіз.
«Ол қайсар еді ғой. Қалай сынды?» – деп сенгіміз келмей, көкірегіміз қарс айырылып, ақын апамызбен қоштасуға Астанаға шұғыл аттанғанбыз.
Иә, Ол қалың қазақтың ғана емес, дүйім Алаштың айбаты еді. Қара өлеңнің қайраты еді! Елінің еркелеткен Фаризасы еді, поэзия әлемінің падишасы еді. Ол шындықтың шынары еді, туралықтың тұмары еді, адалдықтың ұраны еді. Сол болмыс, сол мінезімен өмірден де Фариза Оңғарсынова деген есімнің от алауын өшпестей жағып кетті, жырсүйер қауымның жүрегіне жауһар өлеңнің өрімдерін жарқыратып жазып кетті. Ол өлеңге құл болды, Өлең оған нұр болды. Сол нұрлы әлемде Оңғарсынованың поэзия отауы бәрінен биік, бәрінен оқшау, бәрінен сұлу көрінетін.
«...Күлкімді жайлы күнімді
азапты, қайғы мұңымды,
өзіммен бөліскенің үшін,
менің мынау қиындау тағдырым болып,
о баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем!» – деп бар пейілін, бар мейірін жырға жүгіндірген алдаспан ақын өзі жанымен сүйген, өзі отына күйген әлемге жан жүрегімен адал болды. Фариза ақынның өлеңдері өзінің болмысындай боямасыз, тұнық еді. Бірде дауыл боп дүркіреген, бірде жауын боп сіркіреген, бірде өзендей арқыраған, бірде жаздай жарқыраған ақынның жандүниесінің көшірмесі өлеңдерінде өзгеше көркемдікпен өрнек тауып жататын.
«Жұрт мені қатал дейді,
Найзағайдай мінезі шатырлаған...», – деп ақынның өзі айтқандай, семсердей тіліп түсер өткірлігіне, жалғандық көрсе, найзағайдай жарқ етер отты мінезіне, туралыққа тайсалмай тіке қарайтын қайсарлығына қарап, ол кісіні көп адам қатал деп ойлайтыны да хақ еді. Бірақ оның жаны гүлден де нәзік, мақтадан да мамық, күннен де ыстық еді. Ол өнер өлкесіне, өлең өлкесіне аяқ басқан ақын қыздарға қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқор болып, бауырына тартып, сөз сиқырына баулумен жанына ләззат табатын. Ол шын мәнінде ақын қыздардың анасы еді, мұңайғандардың панасы еді. Төңірегіне талантты сіңлілерін топтастырып жүретін Фариза апамызды бейне бір қалқанша гүлшоғырын жұлдыз тәрізді жапырақтарымен қоршап тұратын Еңлікгүлге ұқсатушы едік. Аршалы, шыршалы орманда әппақ қанаттарымен төңіректі тазалыққа тұндырып тұратын, бетегелі тасты жарып шығып, алғырлықпен айбарын танытатын сол Еңлікгүлдей ерекше табиғатымен бірде тамсандырып, бірде таңдандырып өткен жаны жұмбақ, жыры қымбат жұлдыз ақын тылсым көкке көшкелі зырлап он жыл өте шыққаны ма?
Бірақ жауһар жырын жаттап, есімін жаңғырта түскен жұртына ол сонааау жұлдызды көктен сол баяғы өр мінезімен, алдаспан болмысымен, ақырын езу тартқан кейпімен үнсіз қарап тұрғандай көрінеді ылғи. Арада жылдар жылжып өтер, тарихтың сансыз парағы аударыла берер, бірақ өлеңнің Падишасы, халықтың Фаризасы ел жадынан өшпек емес. Ол сағым болып, сағыныш болып, санамызда мәңгі қалады.

Асхан МАЙЛЫБАЕВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.