ШЫМКЕНТТІ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН «ҚАЗЫНА» Избранное

Среда, 24 Январь 2024 04:53 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1309 раз

Биыл  «Қазына» би ансамблінің құрылғанына 35 жыл толды. Шымкентті әлемге танытқан «Қазынаның» дүбірлі мерейтойының бастауы Көрме орталығында «Fashion show by QAZYNA» атты ерекше форматтағы дефилемен басталды.

qazina

 

Мерекелік іс-шарада «Қазына» би ансамблінің құрылу тарихы туралы деректі фильм көрсетіліп, шығармашылық ұжым көпшілік назарына өзінің қалыптасу тарихында киілген би қойылымдарындағы сахналық костюмдерін ұсынды. Сондай-ақ, «Күлтегін» фольклорлық ансамблі, «Еркетай» балалар би студиялары да өнерін көрсетті.
«Қазына» би ансамблі 1986 жылы Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының негізінде құрылған. Би тобының алғашқы жетекшісі – Сәуле Балбарақова, ал көркемдік жетекшісі – ҚР мәдениет қайраткері марқұм Мұса Жарқынбеков болған. Қазіргі таңда ансамбльдің көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Зәуре Әжібекова. Үздік би ансамблі республикалық, шетелдік талай додаларды бағындырып, әлемге еліміздің атын паш етіп жүр. Бас балетмейстер Зәуре Бекембайқызы бұл іс-шара жыл бойы өтілетін мерейтойдың бастауы екенін атап өтті.

qazina-1


—Мерейтойды республика көлемінде және шетелдерде өткізу жоспарымызда бар. Ансамбльде қызмет ететін дизайнерлер, көркемдік жетекшілер, балетмейстерлердің де еңбегі көбіне елене бермейді. Бүгінгі іс-шарада ұзақ жылдар бойы бізге қызмет етіп келе жатқан сахна сыртындағы мамандарымыз арнайы шақырылды, — дейді З.Бекембайқызы.
Дизайнерлердің айтуынша, бидің қимылын ашуда костюмдердің маңызы зор. «Fashion show by QAZYNA»-да көрермен 35 жыл сақталған бишілердің костюмдері мен репертуарын сахнадан тамашалады.
– «Қазына» би ансамблімен 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Бишілерге костюм тігерден бұрын балетмейстер қойылым және музыкамен таныстырады. Би киімі бишіге ыңғайлы, қимылдарына кедергі келтірмеуі тиіс. Киімдердің тозығы жетсе, қайта өңдеуден өтеді. Барлық киімдер мұрағат қоймасында сақталады, – дейді ұжымның дизайнері Жанар Жұмақұлова.

qazina-2


«Қазына» би ансамблінің құрамында қазіргі таңда 22 биші бар. Олар арнайы дипломды кәсіби мамандар. Сондай-ақ балалар студиясында мектеп оқушылары мен студенттер де талаптарын шыңдап жүр.
– Бұл ұжымға келгеніме 2 жыл болды. Осы уақыт аралығында көптеген байқауларға қатыстым. Соның ішінде Түркиядағы фестивальде өнер көрсеттім. Болашақта осы салада кәсіби маман болып, өнеріммен елімді әлемге танытуды армандаймын, – дейді ансамбльдің жас бишісі, 12 жастағы Балауса Үмбетәлі.
«Қазына» би ансамблінің 35 жылдық мерейтойы аясында қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылады.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.