НЕГІЗГІ ҰСТАНЫМЫМЫЗ – БІРЛІК ПЕН ЫНТЫМАҚ

Четверг, 16 Ноябрь 2023 03:56 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2741 раз

Қазақстан көпұлтты ел болғаннан кейін осында тұрып жатқан барлық этностардың мәдениеті мен өнеріне де жеткілікті көңіл бөлінеді. Оған дәлел, еліміздегі қазақ театрларынан бөлек, орыс, ұйғыр, корей, неміс және өзбек театрларының жұмыс істеп, өз көрерменін қалыптастырып үлгергенін айтуға болады. Олардың әрқайысысының өз көрермені, өз тарихы мен мәдениетінен сыр шертер репертуары бар.
Мәдениет ордасы саналатын Шымкент тұрғындарының да өнерге деген ықыласы ерекше. Тәуелсіздік жылдарында құрылған, жас ұжым болса да, көрермен көзайымына айналып үлгерген Шымкент қалалық өзбек драма театрына 20 жыл толып отыр. Өнер ошағының түрлі жанрдағы қойылымдарын мегаполистегі кез-келген этнос өкілі тамашалап, ерекше әсер алып жүр. Бұл өнерде шекара жоқ екенін дәлелдей түскендей. Өзінің бай репертуарымен көрермен көңілінен шыққан ұжымның тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында театр директорының міндетін атқарушы Рустамхан Сайтходжаевпен сұхбаттасқан едік.

550

 

–Рустамхан Курванходжаұлы, сіздің ұжымды алдағы жиырма жылдықпен құттықтай отырып, мерейтойға арналған жоспарларыңыз жайында білгіміз келеді. Сіздер көршілес Өзбекстан мемлекетімен тығыз байланыстасыздар. Ол елден де қонақтар келетін болар?

–Иә, дұрыс айтасыз, қоңсы өзбек елімен жақсы байланыс орнатқанбыз. Олардың режиссер, актерлерімен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Жиырма жылдыққа дайындық қызу жүріп жатыр. Көрерменге барынша қызықты дүниелер ұсыну мақсатында жоспарымызды әбден пысықтап алдық. Мерейтойымызды 19 қарашада футбол турнирімен бастаймыз. Қонаққа қаладағы театр ұжымдарынан бөлек, Қызылорда, Түркістан облысының театрларының ұжымынан да келеді. Театрлар арасындағы достығымызды нығайтып, ынтымағымызды арттыра түсу үшін және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық ойынмен ашып отырмыз. Сонымен қатар, театр қоржынындағы үздік қойылымдар 23 қарашаға дейін сахналанатын болады. Мұнан бөлек, Өзбекстан Республикасынан танымал театр және кино әртістерін шақырып отырмыз. Өзбекстандық қонақтар бір күн бұрын келіп, мерейтой аясында шеберлік сабағы ұйымдастырылып, тәжірибе алмассақ деген ниеттеміз. Бір аптаға созылатын салтанатты шарамызда концерттік бағдарлама да, марапаттау жиыны да қамтылған.

551

– 20 жыл театр үшін аз уақыт емес. Ұжымның тәжірибеге толы тарихымен және жеткен жетістіктерімен бөліссеңіз.

– Пандемия уақытында барлық салада үзіліс болды ғой. Сол кезеңді қоспасақ, біздің ұжымымыз үздіксіз жұмыс істеп келеді. Ал, жетістігіміз өте көп. Атап өтер болсам, 2016 жылы Атырау қаласында өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың құрметіне өткізілген ІІ халықаралық театр фестиваліне қатысып, біздің театр 500 000 теңге қаржылай сый-сияпат алып, Р.Отарбаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған төсбелгімен және арнайы дипломмен марапатталды. 2017 жылы Шымкент қаласында өткен Қазақстанның тұңғыш режиссері Ж.Шаниннің 125 жылдығы аясында Түркі әлемі театрларының «Театр көктемі-2017» халықаралық фестивалінде Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты» аңызын сахналадық. Фестивальде театр әртісі А.Тоғанбаевқа жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін Әкіш Шанин атындағы номинация және «Шыңғыс ханның ақ бұлты» қойылымындағы Шыңғысхан рөлі үшін арнайы диплом, 200 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Дәл осы «Театр көктемі-2017» халықаралық фестивалінің «Қойылымдағы ұтымды бейне» номинациясымен және Шаман рөлі үшін труппа жетекшісі әртіс У.Насыровқа арнайы диплом мен 150 000 теңгенің сертификаты табысталды.
«Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылына арналған мәдени іс-шараларға белсенді қатысып, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Театр ұжымы 2020 жылы Шымкент қаласы әкімдігі және қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, архивтер басқармасының қолдауымен «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы аясында қалалық орыс драма театрында өткен «Театральная столица – 2020» халықаралық театрлар онлайн фестиваліне Леонид Соловьевтың «Қожанасыр Сайрамда» музыкалық комедиясымен қатысып, арнаулы жүлдеге ие болды. 2021 жылы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер жене құжаттама басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы өзге ұлт өкілдері арасында Жамбыл жырларын мәнерлеп оқу байқауын ұйымдастырды. Осы байқауда Шымкент қалалық өзбек драма театрының дарынды әртісі Миркамол Заббарханов жүлделі III орынды иеленді. 2022 жылы театр ұжымы Самарқан қаласына гастрольдік сапармен барып, У.Абдурахмановтың «Қайсарлар» комедиясын сахналады.

–Жылдар бойы көрермен қарасын азайтып алмай, олардың театрға деген ықыласын сақтап тұрудың да өзіндік сыры болса керек. Осы уақытқа дейін көрерменге қандай қойылымдар ұсындыңыздар? Репертуар таңдағанда қандай тақырыптарға басымдық бересіздер?

552

–Театрдың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың арнайы қатысып, лентасын қиюын театрға мол сенім білдіргені деп ұқтық. Өзбек халқының мәдениеті мен өміріне, оның дамуына атсалысқаны ерекше сезімге бөлеп, шығармашылық күш-қуатымызды молайта түсті. Бүгінгі күні театр репертуарында Ш.Башбековтың «Темір қатын», А.Жамалдың «Опасыз ақшалар», И.Ладаның «Сиқырлы алмалар», Д.Исабековтың «Ескерткіш», Ю.О.Нилдың «Талдар көлеңкесінде», С.Әнуардың «Қызметтеміз – қызметте!», М.Мырзаның «Қашан таң атады», Ж.Құдайбердиевтің «Жұлдызшы», Б.Брехттің «Кураж ана», С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» тағы басқа көреременге танымал болған қойылымдар сахналанды. Жалпы, театр қоржынында 90-ға жуық қойылым бар. Театр — идеология құралы. Қойылым арқылы көрерменге ой салып, одан сабақ алуға септігіміз тиіп жатса, біздің негізгі міндетіміздің орындалғаны дер едім.
Премьералық спектакль таңдау кезінде Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес, мемлекеттік саясатты насихаттайтын, яғни елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған, айтары бар қойылым таңдауға тырысамыз. Театрдың көркемдік деңгейін бір режиссердің көтере алмайтыны белгілі. Сондықтан да көрші Өзбекстан елінен және республикамызға танымал режиссерлерді қойылымдарды сахналау барысында шақырып отырамыз. Атап айтқанда, Ташкент қаласынан А.Хожақулиев, М.Мансуров, М.Абдуллаева, Қ.Садуллаев, А.Салимов, Тожи Мухаммад Исроилов, А.Гамиров, С.Мелиев шақырылған болса, Жетісай және Шымкент қалаларынан Ғ.Арынов пен А.Алтынбеков, А.Құлданов, Қ.Қасымов келді. 2010 жылдың мамырында Ташкент қаласының республикалық жасөспірімдер театрының танымал режиссері А.Салимов Ш.Башбековтың «Зордан зор шықса» спектаклін сахналауға шақырылып, ол ең көп көрермен жинаған спектакальдердің бірі болды. Театр труппасында классикалық шығармалардың сахналануы – үлкен жеңіс. Ұжым гастрольдік іссапармен Алматы, Астана, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Көкшетау қалаларымен, облысымыздың барлық аудандарында және Өзбекстан Республикасының Сырдария, Гүлістан, Самарқан, Жыззақ қалаларында өнер көрсетіп келді.

553

– Осындай биік белестерді бағындырып келе жатқан театрдың актерлік құрамына тоқталсақ. Сананы тұрмыс билеген замандатеатр ұсынған аз-маз жалақыға әртіс табу қиынға соқпай ма?

– Театрда барлығы 53 қызметкер бар. Оның 18-сі актерлік құрамда. Талап бойынша өнер труппасында кемі 25-26 актер болуы керек. Ауқымды жобаларды қолға алған кезде актер тапшылығы сезіледі. Жалпы, мәдениет саласының барлығында да жалақы көп емес. Бізде ең жоғары квалификациямен дипломы бар, кәсіби әртістеріміз 170 мың теңге жалақы алады. Әрқайсысы отбасының асыраушысы болғандықтан олардың жұмыс кестесін ыңғайластырып, қосымша жұмыс істеуіне шектеу қоймаймыз. Театрдағы ішкі жағдайларға байланысты 7 актеріміз жұмыстан кетіп, сол уақытта «Тұран кз» атауымен жеке театр құрылған болатын. Дегенмен, театрдан қанаттанып ұшып, жаңа театр құру — өрісіміздің кеңейгені болар. Алайда, театрдың шығармашылығын шыңдау үшін актерлерді ұжымға қайта шақырып, жеке театрды студия ретінде ашып жатырмыз. Студия өнерге қызығушы барша жастарды қолдай отырып, актерлік сабақтар жүргізеді. Олардың қатысуымен қойылымдар да қоямыз деген жоспар бар. Мен өзім кино актері болғандықтан қазір актерларды киноға тартып, танылуларын қолға алып жатқан жайым бар. Себебі, актер танымал болса, театрға да көрермен көп келеді. Айлықты азсынып, жұмыстан шыққан мықты мамандарымыз да болды. Десек те, Мемлекет басшысының бізді қолдап, көпұлтты мемлекет болғандығымыздың арқасында өнерімізді, дәстүр, мәдениетімізді дәріптеуде зор көмек беріп жатқандығына алғыс білдіремін. Театр ұлтқа бөлінбейді. Оған дәлел біздің көрермендеріміздің арасында барлық ұлттың өкілдері бар. Қазақ, орыс тілдерінде қойылатын қойылымдарымыз да бар. Халқымызда «бақ, қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген аталы сөз бар. Біз осы мақсатқа қызмет етеміз.

–Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.