Ұлтжанды ұстаздың ізімен...

Четверг, 09 Ноябрь 2023 06:28 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2792 раз

устаз

1921 жылы Сырдария губерниясы Шымкент қаласында Қырғыз (Қазақ) педагогикалық техникумы ашылады. Сырдария облыстық Халыққа Білім беру бөлімі 1921 жылдың 4 қыркүйегінде №41 хаттамамен көрсетілген мәжіліс өткізеді. Мәжіліс хаттамасының 6 пунктінде мынадай шешім қабылдаған: «Төменде көрсетілген қалаларда 2 сатылы мектептерді қайта ұйымдастырып, орнына техникумдар ашылсын: Шымкент қаласында Қырғыз педагогикалық техникумын және 11 қадам мектеп орнына егіншілік, орман, тері өңдеу, мал және бау-бақша шаруашылығы бөлімшелері бар Арнайы Экономикалық техникум, Перовскіде – жүн өңдеу, сүт өнімдері, балық аулау, аңшылық бөлімдері бар Әлеуметтік-экономикалық техникум, Әулиеатада – педагогикалық техникум және Ташкент уезінде Ауыл шаруашылығы техникумы ашылсын» – деп қарастырған.

Осы құжат негізінде Шымкент қаласында Қазақ педагогикалық техникумы ашылып, жастарға білім беріп, тәрбие жұмыстарын жүргізіп, білікті мамандар даярлап шығарған. Ж.Аймауытовтың педагогикалық еңбек жолы 1919 жылы Семей қаласындағы педагогикалық курста оқытушы қызметінен басталып, 1926-1928 жылдар аралығында Шымкенттегі педагогикалык техникумда оқытушы жәнебасшылық қызметпен жалғасты. Ол туралы мына құжатты дерек ретінде ұсынамыз: Сырдария Губерниялық Халық Ағарту бөлімінің 4 тамыз 1926 жылы «Ж.Аймауытов 1926 жылғы 1 маусымнан бастап Қазпедтехникум мұғалімі болып тағайындалады. Жұмысқа қабылдау жөнінде №45 бұйрыққа қол қойылды» деген құжат Түркістан облысы мемлекеттік архивінің 147 қорында сақталған.

Ж.Аймауытов педагогикалық білімді меңгерумен қатар ұлт-азаттық қозғалыстарға белсенді түрде араласып, патша үкіметінің отаршыл, озбыр саясатына қарсы шықты. Отарлық саясаттың түпкі мақсаты қазақтың тілін, әдет-ғұрпын, өнер-салтын, тарихын, дінін аяққа басу екенін жақсы түсінген.

Ж.Аймауытов 1926-1929 жылдары Қазақ педагогикалық техникумында білім беріп оқытушылық, басшылық қызмет атқарды деген деректерді кездестіруге болады. Соның бірі Шымкент қаласы Түркістан облыстық мемлекеттік архивіндегі «Сырдария губерниялық Халық Ағарту бөлімі» құжаттарында Ж.Аймауытов 1926 жылдан бастап Казпедтехникумда қызмет еткендігі жөнінде мәлімет келтіруге болады. Мысалы, «Жауапты тұлғалардың жеке парақтары. Сырдария Қазақ педагогикалық техникумы курсанттарының тізімі, техникумға қабылдау туралы өтініштер» деп аталатын қорда Ж.Аймауытов өз қолымен жеке парағын толтырып, 1919-1926 жылдар аралығындағы қоғамдық-саяси, ағартушылық қызметін көрсеткен:

- 1919-1920 жылдары Семейде педагогикалық курстарда оқытушы;
- 1920 жылы Орынборда Халық ағарту Комиссариатында партия комитетінің орынбасары;
- 1921-1922 жылдары Семейде Губерниялық Халық ағарту бөлімінде (Губоно) Губерниялық Халық ағарту бөлімінің меңгерушісі;
- 1922 жылы Семейде Губоно – Кино (Қырғыз Халықтық Ағарту институты) оқытушы;
- 1922-1923 жылдары Қарқаралыда 1-ші сатылы мектепте оқытушы және мектеп меңгерушісі:
- 1923-1924 жылдары Орынборда Кино (Қырғыз Халықтық Ағарту институты) оқытушы;
- 1924-1925 жылдары Ташкентте Кино (Қырғыз Халықтық Ағарту институты) оқытушы;
- 1925-1926 жылдары Орынборда Әскери мектепте (қазақ жоғарғы әскери-офицерлер мектебі) оқытушы (психология пәнінің мұғалімі).

Ұлттық-демократиялық интелегенцияның көрнекті өкілі Ж.Аймауытов ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялыларының бірі ретінде бір ғана кәсіппен шектелмей, әмбебап маман ретінде қызмет етті. Оқу-ағарту ісімен, қазақ тілінде басылымдар шығарумен, жан-жақты шығармашылық жұмыстармен айналыса отырып қазақ халқының рухани және саяси сұраныстарына қызмет етті.

Түркістан облыстық мемлекеттік архивінің 147 қорының 4 бетінде 1926 жылдың 18 қазанында техникум директоры Садықбеков Сұлтанбек (1926-1927 жылдары техникум директоры) Губерниялық Халық Ағарту бөліміне Казпедтехникумда қызмет ететін Ж. Аймауытовпен бірге 22 адамның тізімін жібереді. Олар: Садықбеков Сұлтанбек – директор, Шеменьев Алексей Андреевич – техникумның оқуісінің меңгерушісі және оқытушы, Исаев Евгений Дмитревич – оқытушы, Байдюк Павел Антонович – оқытушы, Абраамянц Федор Абрамович – оқытушы және дәрігер, Аймауытов Жүсіпбек – оқытушы, Жиенбаев Сеил Саркулович – оқытушы, Афанасев Петр Михайлович – оқытушы, Шарылахов Яков Абрамович – оқытушы, Мелентева Варвара – оқытушы, Русник Елена Прокофевна – оқытушы, Сафронов Семен Федорович – оқытушы, Сатенко – оқытушы және әскерилендіру бойынша жауапты маман, Турбин – оқытушы және дене шынықтыру инспекторы; Постпал Антон Антонович – оқытушы және шаруашылық меңгерушісі, Копсельников Алексей Павлович – техникум хатшысы, Марачковедский Николай – аспаз, Бапсинова Александра – ыдыс жуушы, Баженова Елена мен Маманникова Анна – тазалаушылар, Керимбаева Пакиза – кір жуушы және Мықтыбаев Құлмырза – қарауыл. Оқырман назарына Қазақ педагогикалық техникум ұжымының курсанттармен бірге 1928 жылы түскен суретін ұсынамыз.

Түркістан облыстық мемлекеттік архивтегі Ж.Аймауытовқақатысты құжаттарын саралай отырып 147 қордың 126 бетінде ГубОНО меңгерушісі Арын-Газиев Сырдария уезді Шымкент қаласындағы Қазақ педагогикалық теникумына 1927 жылдың 30 қазанында Казпедтехникум ғимаратында 1 қараша күні кешкі сағат 6-да 1-ші сатылы мектептерде оқыту құқығын алғысы келетін талапкерлерді сынау жөніндегі сараптамалық комиссияның отырысы өткізілетінін хабарлайды. Сараптамалық комиссия құрамында Казпедтехникум тарапынан Т.Т.Патока, Новгородская, Е.Д.Исаев және Ж.Аймауытов сарапшы ретінде шақырылады.

Ж.Аймауытовтың білім беру саласындағы педагогикалық шеберлігі жаңадан қалыптасқан оқу орындарында айрықша көрініс тапты. Жас буынға ана тілін оқыту мәселесіне ерекше назар аудара отырып, оқыту ерекшеліктерін, әдістерін көрсете білді. Техникумда қызмет ете жүріп Ғылыми Әдістемелік Кеңестің тапсырмасы бойынша «Ана тілін оқыту әдісі» тақырыбында қысқа конспект жазады. Әдістемелік құралда балаға ана тілін оқытқанда дыбыстық және сөздерді буынға бөлу әдістерін қолдануды, жазу мен орфография мәселесінде көшіру, диктант, топтық және жеке түрде шығарма жазу, ауызша сөйлеуді дамытуда әңгіме айту, балаға оқуды үйреткенде өлең жаттау мен көркем сөз шеберлігіне назар аударуға мән береді. Сонымен бірге бала сөйлеуді бақылап отыруға, оқыған және жазған уақытта партада дұрыс отыруға жаттықттыру керектігін ұсынады.

1921 жылы Мемлекеттік баспа жанынан құрылған редакциялық алқа мүшелері мен Халық Ағарту комиссариатының шақыртуымен бірігіп өткізілген мәжілісте ұлт зиялылары оқу-ағарту саласында аса қажет еткен қазақ тіліндегі оқу құралдарын және І, ІІ сатылы оқу орындарындағы орыс тіліндегі оқулықтарды қазақ тіліне аудару туралы мәселе көтерілген болатын. Мәжіліске зиялы қауым қатысып, арасында Ж.Аймауытов болады. Онда мектеп бағдарламасына қатысты арифметика, геометрия, жаратылыстану, физика, алгебра, георгафия, жалпы және қазақ тарихы, мектеп гигиенасы пәндері бойынша әдістемелік құрал дайындап, педагогика мен дидактика бойынша оқулықтар аудару қажеттілігі қарастырылған. Ж.Аймауытовқа «Дидактика» оқулығын аударуды және үлкендерге арналған «Хрестоматия» жазу тапсырылады. Бұл іс-шара уақыт талабмен іске асырылды.

Педагогикалық оқу орындарында қызмет істей жүріп, жас ұрпақтың жан-жақты білім алуын көздеген еңбектер, оқу құралдарын жазды. Педагогикалық тәжірибесінде көрсеткендей 4 және 7 жылдық мектеп мұғалімдері мен педагогикалық оқу орындарына арналған «Тәрбиеге жетекші» (1924 жылғы), халықтың ой-санасын оятуды мұрат еткен «Психология» (1926 жылғы), ел экономикасын қалпына келтіріп, дамыту, қазақ жастарынан мамандар даярлау жөнінде «Жан жүниесі және өнер таңдау» (1926 жылғы), бастауыш мектептердің 1 сыныбына арналған кешенді жұмыс жоспары мен күндік жоспар және сабақ кестесін жасау үлгілерін ұсынған алғашқы қазақ тіліндегі «Комплекспен оқыту» (1929 жылғы) еңбектерін атап өтуге болады. Бұл ірі еңбектері педагогика, психология және методика саласында елеулі орын алды.

Шымкенттегі Қазақ педагогикалық техникумында оқу мен білім-беруден бөлек шешілмей жатқан мәселелер көп болды. Өзге оқу орындарындағы қиыншылықтар техникум қабырғасында да орын алды. Ж.Аймауытов қызмет еткен 1926-1928 жылдар аралығында техникумның жай-күйіне байланысты 1927 жылдың 18 қазанында Сырдария Губерниялық Бақылау-бухгалтерлік Басқармаға техникумның жағдайы туралы хабарлама берген. Онда былай делінеді: Бірқатар шараларды қолға алғанымызға қарамастан, Сырдария педагогикалық техникумын қайта жөндеуге арнайы қаражат қарастырылмады. Оқу орнында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмесе, алдағы оқу жылында бір класты 35-40% жабуға мәжбүр боламыз. Мұндай қысқарту педагогикалық техникумды толығымен дерлік таратумен пара-пар, өткен жылдан бері дәл осы себепті төрт негізгі сыныптың бірі қысқартылды. Техникумның материалдық-техникалық, яғни тұрмыстық жағдайы сондай, өткен жылы техникумда мектеп дәрігерінің қорытындысы бойынша 60%-дан астам науқас курсанттар болған. Қазіргі студенттер контингенті үшін техникум ғимаратында тұру мүлдем мүмкін емес, өйткені бұл бөлмелердегі едендер жарамсыз және шіріген. Жуып-тазалау жұмыстарынан кейін бөлмелердегі иіс таралады. Бөлмелерді желдету үшін терезелерді ашу мүмкін емес, себебі оларды ашудың бірінші әрекетінде терезе әйнектері құлап кетеді. Жатын бөлмелер мен сыныптардағы пештер мен есіктердің абсолютті жарамсыздығына байланысты оларды қалыпты жылыту да мүмкін емес. Техникумдағы жағдайдың келесі жылы да осы қалпында болуы науқастанған тәрбиеленушілерді мүгедектікке ұшыратып, дені сау курсанттарды ауру қаупіне түсіруі мүмкін дегенді білдіреді.

1927 жылдың 1 желтоқсанында Казпедтехникумның Педагогикалық Кеңесінің №6 мәжілісі өтеді. Мәжіліске техникум директоры Жұмабек Нұрбеков (1927-1930 жылдары техникум директоры болған), Губерниялық Халық ағарту бөлімінің өкілдері, Казпедтехникумнан: оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Л.Кудрявцев, оқытушылар: Ж.Аймауытов, П.Байдюк, А.Шеменьев, Е.Исаев, оқушылардан: IV, III, II және даярлық класс старосталары, студком, ВКП(б) және ВЛКСМ ұйымының мүшелері қатысады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Казпедтехникум қызметкерлеріне қазақ тілін оқытуды талқылайды. Директор Жұмабек Нұрбеков – Казпедтехникум қызметкерлеріне қазақ тілін оқытуды енгізу қажеттілігі туралы ақпарат беріп, Ж.Аймауытовқа қазақ тілін оқытуды жүктеп, алдағы уақытта IV сынып курсанттарына сағат 13/00-17/00 аралығында оқыту практикасын жүргізуді ұсынады. Казпедтехникум қабырғасында Ж.Аймауытов білім-беру, әсіресе қазақ тілін оқытуда, жастарды ұлттық деңгейде тәрбиелеу саласында кәсіби деңгейін көрсете білген.

Қазақ педагогикалық техникумында қызмет етіп жүрген кезінде қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсенді түрде араласқандығы үшін, Алаш қозғалысы басшыларын түгелдей жауапқа тарту мақсатында Ж.Аймауытовты Совет өкіметіне қарсы деген саяси айып тағылып, қуғындала бастайды.

1928 жылдың 15 мамырында Сырдария ГубОНО меңгерушісі Кульджановқа Губерниялық Атқару Комитетінің меңгерушісі Пестряковтан «құпия» айдарымен хабарлама келеді. Халықтық білім беру бағыты бойынша көрсетілген мерзімде жұмыстан шығаруға жататын қызметкерлердің тізімі жіберіледі және бұл шара жедел түрде орындалу қажеттілігі ескертіледі. Сол тізімде Казпедтехникумның оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Л.Кудрявцев пен оқытушы қызметіндегі Ж.Аймауытовтың аты-жөндері көрсетіледі.

Құрығы ұзын Кеңестік билік ұлт-зиялыларын қуғындау, қадағалау, айыптау жұмыстарын жалғастыра берді.

1928 жылдың 22 шілдесінде Сырдария РК ВКП (б) Жауапты хатшысы Фоминге Сырдария Губерниялық Халық Ағарту Бөлімінің меңгерушісі Кульджанов «құпия» айдарымен мәлімдеме жазбасын береді. Сырдария РК ВКП (б) "тазарту" жөніндегі арнайы комиссиясы Казпедтехникум оқытушысы Ж.Аймауытовты жұмыстан шығаруды ұсынады. Бірақ, техникумда педагогикалық курстардың ашылуы негізінде қайта даярлаушы оқытушылардың тапшы болуына байланысты Ж.Аймауытовты техникумда қалдыру жөнінде шешім қабылдайды. Бұл шешім Республикалық Комитеттің бюро мүшелері Бектұрғанов пен Жамбыловпен алдын-ала келісіліп, алдағы уақытта Ж.Аймауытовтың орнына келетін маманды Ташкент қаласынан іздестіреді.

Осы орайда, Ж.Аймауытов техникум қабырғасындағы тәрбиеленушілерге мол тәлім мен тәрбие беріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маман екенін және тапсырылған қоғамдық жұмыстарды өз деңгейінде орындауы техникумның «шегесі» деп аталынуы жұмыстан шығарылуына тойтарыс берген.

Сырдария Губерниялық Халық Ағарту Бөлімінің меңгерушісі Кульджановтың 1928 жылдың 31 қарашасындағы хатында Қазақ педагогикалық техникумында қазақ тілі, қазақ әдебиеті және даярлық бағдарламасы (қазақ тілінде) бойынша соңғы уақытқа дейін оқытушы Ж.Аймауытовтың болғандығын, оның Қызылорда қаласына кетуімен техникумның оқытушысыз қалғанын, орнына келетін маманның жоқтығы жағдайдың үмітсіз екенін мәлімдей отырып, аталған пәндерді оқытуды қолға алатын қазақ мұғалімін жіберуді сұранады.

Ж.Аймауытов 1929 жылдың 14 мамырында Қызылорда қаласында Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар, Кеңес өкіметін құлатуға күш салған және т.б. негізсіз қаралаудың, жосықсыз жазаның нәтижесінде жауапқа тартылады. Нәтижесінде РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58 статьясының 7,8,11 баптары бойынша (58.7. Мемлекеттiк мекемелер мен кәсiпорындардың қалыпты қызметiне араласу немесе оларды мемлекеттiк өнеркәсiптi, сауданы және көлiктi жою және бүлдiру үшiн 58-баптың 1-тармағында (экономикалық контрреволюция) көзделген әрекеттердi жасау үшiн тиiстi пайдалану - көзделген әлеуметтiк қорғау шаралары. 58.2-бапта дәл сол әрекеттер, егер қызметке жүктелген мiндеттердi қасақана орындамау, оларды қасақана немқұрайлы орындау немесе сол қызметтi шектен тыс бюрократиялық жолмен қиындату, 58.1-баптың белгiлерiнiң болмауы және т.б. (диверсия) - осы Кодекстiң 109-бабында көзделген әлеуметтiк қорғау шаралары; 58.8. Контрреволюциялық мақсатта Кеңес үкіметінің өкілдеріне немесе революциялық жұмысшы-шаруа ұйымдарының басшыларына қарсы бағытталған террористік актілерді ұйымдастыру, сондай-ақ мұндай әрекеттерді жүзеге асыруға қатысу, тіпті егер мұндай әрекетке қатысушы жеке тұлға болмаса да контрреволюциялық ұйымға 58.2-баптың 1-тармағында көзделген әлеуметтік қорғау шарасы болып табылады; 58.2-баптың 1-бөлігінде көзделген әлеуметтік қорғау шаралары азамат соғысы кезінде патшалық жүйенің немесе контрреволюциялық үкіметтердің жауапты немесе ерекше жасырын қызметтерінде көрсетілген жұмысшы табы мен революциялық қозғалысқа қарсы белсенді әрекеттер немесе белсенді күрес болып табылады; 58.11. 58.2-баптың 1-бөлігінде көзделген әлеуметтік қорғау шаралары азамат соғысы кезінде патшалық жүйенің немесе контрреволюциялық үкіметтердің жауапты немесе ерекше жасырын қызметтерінде көрсетілген жұмысшы табы мен революциялық қозғалысқа қарсы белсенді әрекеттер немесе белсенді күрес болып табылады) айып тағылды. Көрнекті қаламгер, тағылымы мол ұстаз Ж.Аймауытов 1931 жылдың 21 сәуірінде Москвадағы әйгілі «Бутырка» түрмесінде ату жазасына кесілді.

Гүлжан ОРЫНБАСАРОВА,
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық
университетінің оқытушысы,
тарих ғылымдарының кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.