Бір өзі бір театр еді...

Пятница, 01 Сентябрь 2023 08:32 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1406 раз

bir-teatr

Өнер өміршең болғанда, сол өнерді ту еткен таланттың есімі ешқашан өшпек емес. Есімін елі мәңгі сақтайтын перзентінің бірі де бірегейі – кешегі Арқа төсінде әнімен, сал-серілігімен халқын тәнті еткен Ақан, Біржандардың жалғасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Отызбай Жұмабеков. Әншілік пен актерлікті қатар алып жүрген өнер тарланы өз кәсібіне деген ыстық ілтипаты, жауапкершілігі, Тәңір сыйлаған талантының арқасында халық жадында өшпестей із қалдырды. О.Жұмабеков тірлігінде Оңтүстік өлкесінің сыйлы азаматына айналып, өнер биігінен орын алды.

Өнерді өміріне серік еткен жандар қоршаған Отызбай ағаның өнер жолын таңдамауына құқығы жоқ та еді. «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» демекші, О.Жұмабековтің нағашы атасы Қырманбай ақсақал уақытында домбыраның құлағында ойнап, әнімен топты жарып, жырымен елдің құлағының құрышын қандырған нағыз өнерпаздың өзі болған екен. Бала жасынан зеректігі мен алғырлығы бар ол нағашы атасының қасынан бір елі шықпай, бар өнерін бойына сіңірген көрінеді. «Отызбай нағашы атасы шертіп отырған домбырасының «құлағын тістеп отырамын» деп қиғылық салған кездері бар» деген әңгіме ел аузында әлі күнге дейін айтылады. Алты-жеті жасында шаршы топтың алдында ән айтып, айналасын думанға кенелткен баланың өнеріне сүйсінген халық «Әнші бала» деген айдар тағады.

bir-teatr-2

Бұғанасы қатпаған әнші баланың балалық шағы қаһарлы соғыс жылдарымен сәйкес келеді. «Қызыл отау» үгіт бригадасының белсенді мүшесі болып, ел-елді аралап, соғыс салған қасіреттен еңсесі езілген жұрттың рухын көтеріп, жеңіске деген сенімін оятуға атсалысқан Отызбайға ауыл ақсақалдары батасын беріп, бала болса да өнерді ту еткені үшін құрмет-қошеметке бөлейді. Күндіз үлкендермен бір қатарда қолына сайманын алып, колхоз жұмыстарына араласып, қас қарайғанда қара жұмыстан қажып қалған жұрт алдында ән салады. Еңбекке ерте араласқан бала Отызбай көне жыр-қиссаларды жаттап, серілігіне жыршылық өнерін үстемелейді. Кешегі әнші баланы енді «жас сері» атап кетеді. Абай, Ақан, Мәди, Мұса, Мұхит, Естай, Біржан секілді биік тұлғалардың әндерін төгілте шырқаумен бірге «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырларын актерлік шеберлігімен үндестіре жырлап, ел ықыласына бөлене береді.

Алғабас аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналасқан Отызбай қойылымдарға қатысып, кішігірім рольдер сомдай бастайды. Бірде облыстық театрдан спектакль қоюға келген бір топ артистердің қойылымнан кейін болған концертте Отызбайға ҚазССР-нің халық артисі Қали Дүйсековтың көңілі қатты ауып, «Облыстық театрға кел, орналасуға өзім көмектесемін» дейді. Театрдың сол кездегі бас режиссері Ғайни Хайрулина жас өнерпаздың талантына тәнті боп, театрға шақырады. Ауыл тойының көркін қыздырып жүрген 18 жасар бозбала Шымкент қалалық қазақ драма театрының табалдырығын аттайды.Жастайынан ел алдында жүргендіктен сахнаны жатсынбай, патша көңіл көрерменнің көз қуанышына айналып үлгереді. Киелі сахна талапты жасты кеудесінен итермей, бауырына басады.

1951 жылдың күзінде облыстық театрға келген Отызбай аға сахна өнерінің талай маусымын өткізіп, қызығы мен шыжығы мол өнер айдынында еркін жүзеді. Қазақтың біртуар ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов елге келгенде: «Оңтүстікте Отызбай бар. Отызбай барда қазақтың жыр-дастанын, қиссаларын халықтық мақаммен айту, яғни, жылдар бойы сараланып, дараланып шыққан халықтық мақамы жоғалмақ емес» – деп, өнеріне ерекше баға береді. Қазақтық қаймағы болып саналатын Оңтүстік өлкесін бір Отызбай ағаға сыйғызып айтқан Мұхтар Әуезовтің «Оңтүстікте Отызбай бар» деген сөзі талантты азаматқа деген үлкен құрметі, өнеріне берген шексіз алғысы мен бағасы деуге болады. «Сауда Ишан», «Сейфілмәлік- Жамал», «Шәді», «Қамбар батыр», «Қыз Жібек» сынды қисса-дастандар мен батырлар жырын түрлі мақаммен құбылтып, тыңдарманын еліктіріп жырлағанын тыңдаған халық, таңды-таңға ұластырып тыңдаудан жалықпады.

Марқұм, Қазақстанның халық артисі Ақсақал Қалмырзаев ағамыз кезінде: «Отызбайдың театр училищесін бітірмей, өнер институында оқымай-ақ рольдерді сомдаудағы шеберлігіне өз басым тәнті болдым. Біз аудандарға гастрольге 2-3 топқа бөлініп шығатынбыз. Сол кезде әр топ Өтекеңе таласатын. Себебі барған жерде халық «Сіздермен бірге Отызбай бар ма? Еркін Садақбаева ше?» деп сұрайтын. Табиғат сыйлаған керемет даусымен Оңтүстіктің бұлбұлы атанып кеткен еді деп айтқан болатын.

bir-teatr-4

Театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай: «Отызбай өнерін сөз еткенде оның екі қасиетін ерекше бағалаймыз. Біріншісі – әншілігі. Оның әншілік қасиетін сөз еткенде қазақ топырағында Біржан, Ақан, Естай мектебін жалғастырып келгені. Сол мектепті бұлжытпай кейінгі ұрпаққа жеткізген ардақты да аяулы жан екеніне риза боламыз. Екінші қасиеті –тамаша актер. Ол драмалық бейнелерді кемеліне келтіре кейіптейтін сахна шебері. Жеті жасар Жеңісбектен бастап («Әке тағдыры») тоқсандағы Төле биге дейін («Ант») бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлерді кемеліне келтіре сомдады. Мен білетін Отызбай – Оңтүстіктің Ғарифолласы, Оңтүстіктің Манарбек Ержановы» деген болатын.

Қазақстанның халық артисі, марқұм Айша Абдулина: «Отызбаймен көрші тұрдым. Ол қарапайым, көңілі кіршіксіз таза адам еді. Адамгершілігі мол. Біреуді балағаттау дегенді білмейтін. Екі үйге келген қонақ ортақ. Бірге күтетінбіз. Көңілді отырысты ұнататын. Ән салып, қонақтарды дән риза етіп шығарып салатын. Даусы әр адамның жүрегінен орын алып, сахнаны ерекше түрге енгізіп, жайнатып жіберетін. Әнді сан құбылтып орындайтын. Көптеген қойылымдарды бірге сомдадық. Ол ойнаған рольдерді ешкім сынамайтын. Бұл – оның айрықша таланты деп білемін» деген естелік қалдырды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм М.Ілиясқаров: «Отызбай ағаның жан-жақтылығы сондай, бір өзі бір театр деуге болатын драмалық артист еді. Мысалы «Қозы Көрпеш - Баян сұлуды» жырлағанда бірде Қозы, бірде Баян немесе Қарабайдың өзін де дәлме-дәл суреттеп, солардың ролінде ойнап кететін. Кәсібилігінің кілті әнді шебер орындай білгендігінде болса керек. Халықтың арасынан шыққан тума талантымен Оңтүстік өңірінде ұмытылмас із қалдыра білді»деп, жиі еске алатын.

Театр сахнасында айтулы рольдер қанжығасына түскен мол олжа болса, О.Жұмабеков ағамыз лайық еді: М.Әуезовтің «Қарагөзінде» – Асан, С. Адамбековтің «Біздің үйдің жұлдыздарында» – Назар, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» – Диуана, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елдесінде» – Бекмырза, «Бөлтірік бөрік астындасында» – Әнуар, Б.Тәжібаевтың «Ана жүрегінде» – Бағлан, Ж.Еділбаевтың «Сезікті секіредісінде» – Қошқарбай, «Әке мен баласында» – Білдірмес,   Ш.Айтматовтың «Қашқынында» – Құрмаш, Б.Аманшиннің «Жақиясында» – Шынғали, Қ.Жандарбековтің «Ер Тарғынында» – Балпан, Қ.Бекхожиннің «Ұлан асуында» – Бұқар жырауды биік деңгейде сомдады. Оның актерлігінің бағасын біліп, бағамдау үшін қазақ театрының шынайы жанашыры болған Әшірбек Сығайдың: «Әу» деп ырымға жақ ашпайтын, домбыраны оқтау деп танымайтын, оның үстіне драмалық таланты да тасқындап бара жатқаны шамалы кейбір шабан артистердің де сирек те болса көзге шалынып жататынын жасыруға болмас. Не әні жоқ, не сәні келмеген, домбырасы түгіл домбайы жоқ дүмбілездер көрермен көңілін желпінте алар ма? Осы реттен алып қарағанда әнші Отызбай Жұмабековтің жұлдызы биік, қолы жоғары еді» деп, талантты тұрған тұрысынан байқайтын театр сыншысының пікірінен О.Жұмабековтің Шанин театрының жұлдызын жаққанын бағамдай берсек болғандай. Екі жүзге тарта кейіпкерді сомдаған аға екі жүз адамның кейпіне ену үшін үлкен ізденісті басынан кешірді. 200 адам болып сөйледі. Әр адам өзінше бір әлем. Әр әлемнің бейнесін жасады. Сахна төрінде шынайы сөйлетті.

О.Жұмабековтің адами қасиеттері де ел аузына жиі ілігіп жатады. Адам баласының жарық ғұмырындағы басты парыз-мақсаты – адам боп келген соң, адам боп өту. Өнер майталманы адамдықтан аттамай, әдемі қартайып, парасат-пайымымен елдің жадында жатталып қалды.

«Бір күні Отызбай ағамыз өз ауылына қонақтап барғанда той-жиынның үстінен түсіпті. Өнерге шөліркеп жиналып қалған қалың жұрт төрге отырғызып, «Айналайын Отеке, әніңді айт» деп, қолқа салады. Үйдің іші лық толып, сыймағаны есік аузынан тиген жерге таласып отыра кетеді. Өзін өзгеден биік санайтын, кеудемсоқтығы мен паңдығы, пенделігі басым мектеп директоры көппен бірге ән тыңдап отырған жұмысшыларды аса жақтыра қоймапты. Дүйім елдің алдында қошеметке бөленіп жүрсе де, шен-шекпеніне қарамай, алдына келген адамға қошемет көрсетіп, бауырына тартып әкететін Отызбай аға мақташы, тракторист жігіттердің әрбірінің атын атап, түсін түстеп тұрып: «Мына әнді саған арнадым» -деп, шырқай жөнеліпті. Бұған куә боп отырған әлгі мектеп директоры көптің көзінше: «Осыларға ән не керек? Барып тірліктеріңді істеңдер!» деп зекіпті. Аңғарымпаз Отызбай ағамыз: «Мына сен, еңкейген кезіңде қағазың түсіп қалса, түкке жарамай қаласың. Ал, мына балалардың екі қолын, екі аяғын кеспесе, оларды Отаны қажет етеді. Дәл қазір күліп-ойнап, төрде отырғанымыз осылардың арқасы емес пе?» – деп екпінін қайтарып, сабасына түсіргенін ауыл жұрты әлі күнге аңыз қып айтады.

bir-teatr-3

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының аға буын артистері О.Жұмабековтің ұлтының салт-дәстүріне аса сүйіспеншілікпен қарап: «Ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың ішінен қайнап шыққан өнерде даланың, жусанның, тезектің иісі аңқып тұру керек» – деген сөзін және сахналық киіміне ерекше мән беретін мінезін айтып, Отызбай ағаны аса сағынышпен еске алады.

Ізгілікке толы ғұмырында көркем мінезімен, талантымен танылған жұлдызы жарық О.Жұмабеков үстіміздегі жылы 90 жасқа толады. Әліге дейін аяулы перзентін «біздің Отызбай» деп мақтанышпен айтатын көрермен барда, ағаның салған ізі сахна төрінде жарқырай бермек.

1984 жылы ҚазССР-нің еңбегі сіңген артисі, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» медалінің иегері, бірнеше рет Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының грамотасымен және жергілікті Мәдениет басқармасының құрмет грамотасымен марапатталған, халық арасында үлкен құрметке ие болған арда азамат О.Жұмабеков 1992 жылы дүниеден озды.

Ж.Шанин театрының тарихына өшпейтін із қалдырған, көмейіне құс ұялаған әншілігі мен шебер актерлігі қос арнаны жымдастырып, жүгін адал сүйреген аптал азаматтың өнегелі ісі ұрпаққа үлгі боп қала бермек.

Қымбат МОЛДИЕВА,
Ж.Шанин атындағы академиялық
қазақ драма театрының
музей бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.