ҚОНАЕВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП АШЫЛДЫ Избранное

Среда, 17 Январь 2024 04:58 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1896 раз

Шымкент қаласында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев атындағы жаңа мектептің лентасы қиылып, бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Жаңа білім нысанының салтанатты ашылу рәсіміне қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева, Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Шатырхан Керімбеков, ардагерлер, белсенді азаматтар қатысты.

mektep

 

Нұрсәт шағынауданында орналасқан жекеменшік мектептің құрылысы былтыр наурызда басталып, желтоқсан айында аяқталды. Мектеп кәсіпкер Низамхан Сулаймановтың демеушілігімен салынған.
Қала мәслихатының төрағасы Дінмұхамед Қонаевтың еліміздің тарихында алар орны ерекше екенін атап өтіп, осы мектепте білім алатын шәкірттер елге, ұлтқа қызмет ете беруіне тілектестігін жеткізді.
– Мінекей, мектептің тарихы бүгіннен басталып жатыр. Ұлағатты ұстаздардың талапты шәкірттерге білім беруіне барлық жағдай жасалып отыр. Шымкент қаласының білім саласында жетістіктер көп. Оқушылар республикада ғана емес, халықаралық Олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Осында оқитын шәкірттердің жолы ашық болсын. Еліміздің саналы, елін, жерін сүйетін патриот болып, білімнің биік шыңына шыға беріңіздер, – деді қала мәслихатының төрағасы.
Заманауи және типтік үлгідегі 3500 орынға лайықталған білім нысанында балалар бір ауысымда білім алып, қалған бос уақыттарында пәндік, спорттық және өнер үйірмелеріне қатысуына қажетті жағдай жасалған. Жалпы 21 үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар, 1-6 сынып оқушылары үш мезгіл тегін тамақпен қамтылған.
Іс-шара барысында көпшілік жаңа мектептің кабинеттерін аралап, мүмкіндіктерімен танысты.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.