Шымшаһарда онлайн санақтан өтпеген респонденттерге қазан айында интервьюерлер сауалнама жүргізеді. Дәстүрлі жалпы аралауға 1400-ге жуық санақ персоналы жұмылдырылған.
Бұл туралы «Оқушылар сарайында» құрылған №6 нұсқаушылық учаскесінің жұмыс барысымен танысқан Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаметінің басшысы Сырым Мәдиев мәлімдеді. Ал Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев дәстүрлі форматтағы халық санағын жүргізуге қатысушы респонденттерге сәттілік тіледі.
Сырым Өскенбайұлының айтуынша, 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн режимде халық санағынан өтуге болады. Дәстүрлі санақтың жаңашылдығы интервьюердің электронды планшеттерді пайдалануы, заманауи цифрлық технологияның енуі мен үрдістердің автоматтануы болмақ. Бұл деректер сапасына адам факторының ықпалын азайтады және деректердің базаға толық енуіне мүмкіндік береді.
– Сайтқа кіру тәулік бойы қамтамасыз етіледі. Азаматтар орналасқан жеріне қарамастан, виртуалды көмекшінің көмегімен өздері және отбасы мүшелеріне сауалнама толтыру арқылы санақты дербес аяқтай алады. Яғни, онлайн санақтан өткенде қатысушы өзімен қатар отбасы мүшелерін де тіркей алады, отбасының әр мүшесінің жеке тіркелуінің қажеті жоқ. Бұл ыңғайлы әрі көп уақыт алмайды. Бүкіл отбасы мүшесіне қатысты тиісті мәліметтерді тіркеген соң санақтың қорытындысы хабарлама түрінде келеді. Sanaq.gov.kz сайтына бір рет қана тіркеліп, бір отбасын қамту қарастырылған. Санақ парақтарын толтыру басталған сәтте «Респондентті қосу» нұсқасы ұсынылады. Бірге тұратын туысыңыздың ЖСН-ін енгізген соң жүйе оның толық аты-жөнін автоматты түрде шығарады. Осылайша санақ парақтарын толтыруға кететін уақыт үнемделеді. Санақ сауалдарына жауап берген соң келетін хабарлама онлайн өткен барлық отбасы мүшелеріне ортақ. Мобильді қосымшаның көмегімен интервьюер барлық кіріктірілген арифметикалық және логикалық бақылауды ескере отырып сауалнама жүргізіп, жіктеуіштер мен анықтамалықтарды қолдана алады. Алынған мәліметтер тікелей ортақ дерекқорға жіберіледі. Орташа есеппен санақ сауалдарына жауап беруге 20-25 минут қажет. Азаматтардың белсенділігі мен шынайы жауаптары халық туралы сапалы деректерді алуға негіз болады. Қазақстанның әр азаматы маңызды! – дейді департамент басшысы.
Ал дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында офлайн режимде жүргізіледі. Үй-үйді аралайтын интервьюерлер онлайн санақтан өтпеген респонденттерден сауалнама алады. Бұл ретте шаһарда 176 нұсқаушылық және 120 санақ учаскесі құрылған. Ал тікелей халық санағын өткізу кезінде уақытша жұмысқа қала бойынша 1400-ге жуық санақ персоналы тартылған.
– Олардың барлығы ковидке қарсы вакцина алған. Әрқайсысы арнайы планшеттермен қамтылды. Алынған барлық ақпарат Ұлттық статистика бюросының орталық серверіне жіберіледі. Қызметкерлер азаматтардың жеке дерегін жария етпеуге міндетті. Олар көк орауыш тағынып, санақ символы бар портфель ұстап жүреді. Сонымен қатар, әрқайсысында тіркеу нөмірі бар арнайы куәлік болуы тиіс. Оның түпнұсқалығын sanaq.gov.kz сайтынан тексеруге болады, – деді С.Мәдиев.
– Халық санағы – қоғамның әлеуметтік-демографиялық бейнесін бағалаудың құралы. Санақ арқылы мемлекетте ең үлкен мәліметтер базасы қалыптасады. Біз жасайтын түрлі әлеуметтік сауалнамалар, өзге зерттеулердің іріктеуінің көлемі 1600, 2 мың, 7 мың, ең көбінде 10 мың болады. Статистика комитеті жүргізетін сауалнамаларға қатысатын адамдар саны 10 мыңнан аспайды. 100 мың, 200 мың не 1 млн адам қатысатын сауалнамалар жүргізілмейді деуге де болады. Санақ нәтижесінде халықтың тұрғын үй жағдайы, отбасылық құрамы, этностық сипаты, ұлты, діні, тіл білуі, білім деңгейі, көші-қон, болашақта көшу жоспары, неке туралы мәліметтер, жұмыспен қамтылу деңгейі, табыс көздері, денсаулығы, тұрмыста айрықша күтімді қажет ететіні секілді маңызды әлеуметтік көрсеткіштерді анықтауға болады. Ал бұл өлшемдер бойынша жалпыхалықтық деңгейде жиналған ақпарат бізге құнды мәлімет береді. Нәтижесінде халықтың әлеуметтік тұрмысын бағалауға мүмкіндік туады. Әлеуметтік жағдайды сандық тұрғыда өлшейтін болсақ, біз азаматтардың табыс көлемін де білгіміз келеді. Мұндай мәселе өзге елдерде де кездеседі. Алайда, халықтың көпшілігі табысы туралы сауалдан жалтарып, жауап бергісі келмейді. Бұл сұраққа жауап алу ықтималдылығы төмен не шынайы болмауына байланысты бізде бұл сауал қойылмайды. Сол себепті халықтың тұрмысын, әлеуметтік жағдайын сандық тұрғыда бағалау өте қиын, – дейді Сырым Өскенбайұлы.
№6 нұсқаушылық учаскесінің нұсқаушы-бақылаушысы Перизат Қарсыбайқызы жалпыұлттық санақтың мемлекеттік маңызы жоғары екенін жеткізді. Науқан кезінде қарамағындағы 7 қызметкермен өздеріне бекітілген аумақта сауалнама жүргізеді. Оның айтуынша, бүгінде ұстаздар, орам басқарушылары және ерікті жастардан құралған топтар 1 айға созылатын ақысы төленетін жұмыспен қамтылған.
– Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез келген уақытты таңдай алады, сондай-ақ, сайтта бланкіні толтыруды тоқтату және оны толтыруды кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі болады. Сонымен қатар, egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны қолданып, санаққа қатысуға болады. Бұған қоса Aitu мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі ұсынылады. 2021 жылғы ұлттық санақ кезінде барлығы 87 сұрақ (негізгі 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақ) қойылады. 2009 жылғы санақта 73 сұрақ болған. Биылғы санақта көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген. Сондай-ақ, БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобымен ұсынылған жаңа сұрақтар қосылды, мұнда мүгедектік критерийлерін ескеріп, денсаулық сақтау статистикасы аясында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету көзделген. Ұлттық санақ кезінде 1446 бірыңғай call-орталығы жұмыс істейді. Сall-орталыққа қоңырау шалу тегін, – дейді нұсқаушы-бақылаушы.
Респондент call-орталыққа 1446 нөмірі бойынша қоңырау шалған кезде кейбір айқын сұрақтар бойынша Бюроның аймақтардағы және Орталық аппараттағы сәйкес телефон нөмірлеріне автоматты түрде қосылады. Сонымен қатар, респонденттер кез келген арыз-сауалмен немесе кеңес алу үшін Бюроның http://stat.gov.kz интернет-ресурсына, Бюро басшысының блогына, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы (YouTube, Facebook, Instagram, Telegram) жүгіне алады.
Айта кетейік, соңғы мәліметтер бойынша, санақтан онлайн өткендер қатары 6 миллионнан асты. Оның ішінде 240 мыңнан астам шымкенттік бар.