НҰРЖАН – КЕСКЕКТІ ЕРДІҢ СОЙЫ Избранное

Пятница, 26 Январь 2024 05:19 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 1782 раз

Қазақтың даңқты боксшысы Нұржан Сманов туралы өзге әріптестеріме қарағанда көбірек жазған сияқтымын. Өткенде өршіл ақын Сүндет Сейтов Нұржанмен кездесу өткізіп, арнайы шақырғаннан кейін тағы да қалам алуға тура келді.

nurjan

 

Біле білгенге, Егемен Қазақстанның ең алғашқы Олимпиада ойындары жеңімпазы болуға әбден лайықты Нұржан Сманов ескірмейтін тақырып қой.
Неге екенін білмеймін, осы боксшының жолы ауыр болды. Әділетсіздіктің ащы дәмін жасөспірімдер арасында КСРО чемпионатында-ақ көрді. Жартылай финалдан соң аяқтан шалу басталған. Қарсыласын рингтің бесінші бұрышын іздетіп, қуалап жүріп-ақ ұрған. Жеңісіне өте сенімді еді. Төрешілер олай ойламапты. 5-0 есебімен қарсыласына беріпті. Жанкүйерлер әділ халық қой. Зал толқып кетті. Ысқырық, айқай-шу. Бұл жаттықтырушыға қарады. «Мен оны айқын жеңдім ғой. Ол тіпті мықты бір соққы да жасай алмады».
Онсыз да сырт жерде жаны күйіп тұрған жаттықтырушысы үндемеді.
Ол кезде Құдай оңдағанда төрешілердің үстінен қарайтын құрметті төрешілер болатын. Бас сарапшысы – КСРО батыры, космонавт Павел
Попович. Сол сөз сұрады.
Смановтың айқын жеңгенін айтты. Чемпионат Львов қаласында өткен еді. Финалдағы қарсыласы – сол елдің аңызға айналған боксшысы. Осы елдің аяулысы дегенге қарайтын Нұржан ба, жемтігін жығатын қасқырдай бет қаратпай жүр. Жеңдім деп ойлапты. Жеңіліпті. 5-0. Тағы да 10 минуттық кеңес. Попович, жер шарын айналып ұшқан космонавт қаһарына мінді. Құрметті төрешілер бір ауыздан жеңісті Смановқа беріпті. КСРО спорт шебері атағы осылай келді. КСРО-да қарсылас шақ келтірмеген Нұржан Сманов араға жыл салып кәрі Еуропадағы қарсыластарының сағын сындырды. Он алты жасында Еуропаның алтын белбеуін беліне тақты.
1987-1990 жылдар аралығында Нұржан Сманов жасөспірімдер мен жастар арасындағы КСРО чемпионаттарына төрт мәрте қатысып, барлығында жеңіс тұғырына көтерілді. Біз де осы кезден бастап Смановтан қарашығымызды айырмадық. Қазақстанның жаңа мега жұлдызының пайда болғаны анық еді. Нұржан жаңа бір сойқанды Қазақстанда бастады. 63,5 келі салмақта топ жарып жүрген Сманов 1991 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік телерадио комитетінің жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирге 67 келі салмақта шығып, мұндағы мықтылардың бәрін жолынан түріп шықты.
Осы салмақта бір-біріне қарайлас Ермахан Ыбырайымов, Аркадий Топаев, ағайынды Бердібековтер болды. Қазақстан боксының келешек жұлдыздары, ол кезде көкөрім бозбалалар.
– «Кім мықты, мен мықты» болып бір салмақта өзара таласып жүреміз,-дейді еркөңіл Ермахан. – Бірде анау жеңеді, бірде мынау жеңеді. Бір күні «Еңбек резерві» спорт қоғамынан жарысқа Нұржан Сманов келді. Кіл мықтылар Нұржаннан алдымыз нокдаун, артымыз нокаут алып, тырағайлап қаштық. Біреу салмақ қуып, төменге түсті, біреу ауырлады. Үміті жоқтары қолғабын шегеге ілді. Бәріміз таласып жүрген салмақты басыбайлы Нұржанға беріп кеттік.

nurjan-1


Он бес жыл бойы ұлттық құраманың 63,5-67 келі салмағында нөмірі бірінші боксшысы болды КСРО-ның 4 дүркін чемпионы, Азия чемпионаты мен Азия ойындарының 2 дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы, Әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, алтын белбеу иегері 1996 жылы Атлантада өткен олимпиада ойындарында бесінші орынға табан тіреген. Өзінің 15 жылдық спорттық карьерасында 52 медаль жеңіп алған. 35 алтын, 9 күміс, 8 қола медальдарының иегері.
Бір атақты боксшыға жететін даңқ пен дақпыртқа ие болғанымен, осының бәрі Нұржан Смановтай дарабозға аздық ететін еді. Бұл біздің ғана емес, жанкүйерлердің де пікірі. Оның алдында адам айтса нанғысыз, түсініксіз жағдаяттар болды. Біз айтқалы отырған жағдай Атланта олимпиясының алдында болған.
...Ташкентте Азия чемпионаты өтіп жатыр. Нұржанның көңілінде анау айтқандай толқу жоқ. Қазір өзімен беттесетін Нариман Атаевті бір кісідей біледі. Мықты қарсылас, сыралғы жігіт. Соңғы жылдары екі рет кездесті. Екеуінде де өзі басым түскен. Ұрыс мәнері Қанатбек Шағатаевқа ұқсағанымен, соққылары әлсіздеу. Нұржанның шаршы алаңға шыққанда кейбіреулердей шиыршық атып орнында байыз таппай аласұру ғадетінде жоқ. Ауаны осып-осып бірнеше мәрте соққылар жасап, әлгінде қызынған денесін ұрыс жағдайына бейімдеді. Кеше ерте жатқан, жақсы сергіп қалыпты. Тоят тілеген бүркіттей басын жан – жағына бұрып тұрып, өзіне қадалған от жанарды байқап қалды. Залға жалт қараған. Көпшіліктің ортасында отырған қара киімді екі әйелді байқап үлгерді. Еріндері күбірлеп, бұдан көзін алмайды. Көздері шоқтай. Нұржан өзінің сәл талықсығанын сезді. Реферидің ортаға шақырған үнін талып естіді. Бұнысы несі?!
Есін жиса, бәрі Қазақстан құрамасына жаттығуға берілген бөлмеде отыр. Үстін қара тер басып кетіпті. Мойнына асқан орамалы да шылқып кеткен. Жайшылықта жайраңдап бір–бірін іліп шалып отыратын жігіттер ауыздарына су толтырып алғандай үнсіз. Біреуі мұның бетіне қарай алмайды. Көпшілігі қабағымен жер шұқып отыр.
– Мен жеңдім бе?
Ешкім селт етпейді Көрдей тыныштық. Бапкері Сафиуллин жауар бұлттай түнеріп отыр.
– Нұрғали аға, не болды, мен жеңдім бе?
Ақсары жүзі парт болып қызарған Нұрғали Сафиуллин бір жігітке иек қаққан. Өлмегені қара жер. Жекпе жекті түсірген таспадан көргені бұл екі қолымен басын тұмшалап алыпты. Әшейінде бұл жақындағанда ұлы қорғанысқа кететін Атаев бокс қапшығын ұрып жүргендей қалауынша соғады. Өмірінде соққыдан құлап көрмеп еді. Нариман бір емес, екі рет сұлатып түсірді. Мына сұмдықты көргенде ұяттан, намыстан өзегі өртеніп көзінен жанартаудай болып жас бұрқ ете қалды. Бір ыстық ағын миын шаншып түсіп табанына дейін жай оғындай жарып өтті. Өкіріп жылағысы келген, өз-өзін зорға ұстады.

Рингке буырқанып шыққаны есінде, Құлағына реферидің ортаға шақырғанын талып естігені есінде. Әрі қарай қалай болды, түк те есінде жоқ. Кейіннен қара киінген екі әйел есіне түсті. Кімнің айтқаны есінде жоқ, біреу Атаевтің шешесі қара магиямен айналысады деп еді. Атаев жекпе-жектен соң жүгіріп барып, басын иіп, соның бірінің қолынан сүйіпті. Ешкімнің обалын мойнына алғысы келмейді, бірақ, сол оқиға жүрегіне өшпестей жара салып еді.

Содан кейін-ақ жолы оңғарылмай қойды. Атланта олимпия ойындарына барды. Ылғи жолын кесе беретін кубалық қабылан Хуан Эрнандес Сьерраның асуынан өте алмады. Салмақ қуу қиынға түскен соң 71 келіге ауысқан.
1997 жыл. Күрес, бокс дегенде ішіп отырған асымызды тастап жүре беретін Қыдырбек досым екеуміз Алматыдан Шымкентте өтетін Қазақстан чемпионатына баратын болдық. Астымызда сол замандағы машинаның қоразы – жигули. Қыдырбектікі. Жолды да мандытып білмейді екенбіз. Қордайға келгенде оңға бұрылудың орнына тіке кетіп, Қырғызстанға өтіп кетіппіз. Қас қарайған шақ еді. Таң сібірлегенде ғана тізгінімізді тарттық. Қарабалта қаласында жүр екенбіз. Бүгінде бөтен машинаны мың шоқып бір қарайтын кеденшілер мен шекарашылардың бірде-біреуі «қайдан жүрген пендесіңдер» демепті –ау. Қайырып жолға салды. Шымкентке келдік. Ермахан Атланта олимпиядасы ойындарында қоладан салым салған. Бұл ол кезең үшін бас айналдыратын жетістік. Олимп ойындарында ширек финалдан қайтқан Нұржан Сманов бір салмақ ауырлап, Ермаханның ең басты қарсыласы болып тұр. Жанкүйерлердің назары осы жекпе жек және кәрі тарлан Серік Өмірбеков пен жас пері Мұхтархан Ділдабековтің айқасына ауған. Нұржанның әкесі Дәніқұл аға қасымызда отыр. «Нұржан мені көрсе, толқып білгенінен жаңылып қалады. Көрінбей отырайын». Алпамсадай кісі екі батыр шаршы алаңға шыққанда бетіне төсеген жарты бет параққа сыйып кетті. Бір шетінен сығалап қарайды, қайран әке. Нұржан – классикалық бокс мектебінің хас шебері. Опыра ұрып кейін тайқып кету мәнерінде жоқ. Бір мезетте ұруға рұқсат етілген барлық нүктелерді қайыстыра соғып, санап береді. Ермахан көсіп ұрғанда талдырып жығатын нағыздың өзі. Нұржан алымдылау болды. Рефери қолын көтерді. Бірақ, болашақ олимпиада ойындарының жеңімпазына өзін мойындатқан жампоздың жолы бәрібір оңғарылмады. Е.Хасановты еске түсіруге арналған халықаралық жарыста финалға шығуға тиіс болған. Алдында екі көкөрім бозбала тұрды. Нұржанға қарсылас бола алмайтынын бәрі білді. Бірақ, сол екі бозбаланың арқа тірері мықты болатын. Нұржанды жарысқа жеткізбей алып кетіп шүйдесінен пистолеттің дүмімен ұрып талдырып, қаладағы бір ықшам аудандағы орындыққа отырғызып кетіпті. Кім екенін білдік. Шырылдап «Жас Алашқа» жаздық. Біздің білгенімізді ол да білді. Кездестік. «Мен емес» деді. Сенген рай таныттық. Өйткені, қолмен ұстап алған жоқпыз, куә де жоқ.
Бокспен қоштасар алдында Нұржан өзін талай қымбат медаль, атақтан айырған Хуан Эрнандес Сьерраны Алматыда өткен спаррингте нокдаунға жықты. Бірақ, ресми жарыс емес, оқу-жаттығу жиыны болатын. Сондықтан еш жерге жеңісі тірелмеді.
Мәскеу олимпиадасының алтынын отызға қараған шағында алған Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың финалдағы жеңісінен соң «басқаларға доғаша өзі иіліп келіп тұратын жеңіс, мен алақанымды ашсам зым-зия жоқ болады. Осыған көрініп тұр екен-ау» деп жылағанын кітаптан оқыған едік. Олимптің алтынына бір адам лайық болса, ол - Нұржан Сманов еді. Бұйырмапты.
Сөз реті келгенде айта кетейік, Ермахан Ыбырайымов кейіннен Атланта олимпиядасында қола, Сидней олимпиада ойындарында жеңімпаз болып, қазақ бокс тарихына есімін алтын әріппен жазды. Соққысы ауыр Аркадий Топаевтың ұтпаған жарысы жоқ. Әлем Кубогінің иесі бір кездері Серік Қонақбаевпен итжығыс түсіп жүретін Исраел Акопкохянға КСРО чемпионатында, қазақшалап айтқанда, қоңыз терізіп жеберіп, Барселона олимпиадасына барды.
Исраел Акопкохянның көзі Топаев ауырып, шаршы алаңнан кеткеннен кейін ашылып, әлем чемпионы болды. Міне, осы жігіттер еді Нұржанға жол босатқандар.

Нұржан – өте қарапайым, зиялы жігіт. Мен осындай болғам деп кейбіреулер сияқты әкімқаралардың есігін қағуды да өзіне ұят санайды. Қарапайым жаттықтырушы. Кезінде Алатаудай Әбдісалан Нұрмаханов «Нұржан Сманов – қазақ боксының ақыл-ойы» дегенді бекерге айтпағанын білесің. Егемендік алғаннан бері Қазақстан бокс құрамасының капитаны болған Нұржан
Сманов сол егемен елдің Олимп биігіне аяғын нық тірейтін сайыпқыраны еді.

Шымкенттің көшесінде иығына бокшасын ілген, дене бітімі де, өзі де ешкімнен ерекшеленбейтін бір қараторы жігіттің кетіп бара жатқанын ел күнде көріп жүр.
Ал, оның кезінде аты аңызға айналған боксшыларға бесінші бұрыш іздетіп жіберген даңқты Сманов екенін бүгінгі жастар білмейді. Жасамыстар да ұмытып барады. Сосын тағы жаздық. Жаза береміз. Нұржанды ұмытуға болмайды.
Шерағаң, қазақтың Шерханы айтқандай, бір кем дүние...

Бақтияр ТАЙЖАН

Последнее изменение Пятница, 26 Январь 2024 05:37
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.