Жүгіру марафоны Әл-Фараби алаңынан басталып, сол алаңда мәресіне жетті. Сайысқа тек кәсіпқой спортшылар ғана емес, салауатты өмір салтын қолдайтын әрбір тұрғын, спорт жанкүйерлері бақтарын сынады. Биыл 7 қашықтық бойынша, атап айтқанда, 5, 10, 21 және 42 шақырым және скандинавиялық жүрістен, сонымен қатар, Экиден (42 шақырымдық эстафета) және ерекше балалалар арасында сайыстар өтті.
Жарыстың алдында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов барша қатысушыларға сәттілік тілеп, өз құттықтауын жеткізді.
– Іс-шараның басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту мен саламатты өмір салтын қалыптастыру. Елімізде спортты дамытуға айрықша мән беріліп, барлық жағдай жасалуда. Дәстүрлі сайысқа қатысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығы артқанын көрсетеді. Сайыста мықтылар жеңсін!, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Сонымен, Шымкент марафонында 42 шақырымды 73 адам, 21 шақырымды 227 адам, 10 шақырымды 526, 5 шақырымды 1089 адам жүріп өткен. Марафонның басты қашықтығы – 42 шақырым бойынша ерлер арасында Ержан Жанарстанов (18-29 жас), Павел Солодов (30-39 жас), Алмас Баймұхамедов (40-49 жас), Абдурашид Бахтиев (50-59 жас), Серік Сексембаев (60-69 жас) үздік шықса, әйелдер арасында Диана Айдосова (18-29 жас), Олеся Алексеева (30-39), Ольга Машинская (40-49 жас), Нелли Медведева (50-59 жас) топ жарды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов бұқаралық жүгіру сайысында топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Жеңімпаздарға ақшалай және марафонның демеушісі «Эврика» сауда желісінің бағалы сыйлықтары табыс етілді. 42 шақырымдық марафон жеңімпазы 350 мың теңге, 21 шақырым жеңімпазы 250 мың теңге, 10 шақырым жеңімпазы 200 мың теңге, 5 шақырымдық марафон жеңімпазы 100 мың теңге қаржылай сыйақылармен марапатталды. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 14 млн теңге.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған сайыста жалпы 700-ге жуық волонтер қызмет етті.