– 2021 жылы қаламыздағы барлық салада оң өзгеріске қол жеткіздік. Мысалы, өнеркәсіп өндірісінің айналым қаржысының көлемі былтыр 785,4 млрд теңгеге жетті. Инвестиция да артты, ал биыл оның көлемін тағы 60 пайызға көбейтуді жоспарлап отырмыз. Жалпы өңірлік өнім көлемі, жоспар бойынша 3 млрд теңгеден асады деп жоспарлап отырмыз. Ал қаладағы индустриалды аймақтардан қала бюджетіне 36 млрд теңге салық түсті, – деді Мұрат Әйтенов.
Қала әкімінің мәліметінше, төрт индустриалды аймақ толып, бүгінде қосымша 3 индустриалды аймақтың құрылыс жұмысы жүзеге асырылуда. Оның біреуінің өзіне 100 млн теңге инвестиция жұмылдырылмақ.
Мұрат Дүйсенбекұлы демография мәселесіне де тоқталды. 2050 жылы қала халқының саны 2,5 млн адамға жетеді деп күтілуде. Осыған орай инфрақұрылымды дамыту басты назарда тұр.
Әкімнің есебінен соң Еңбекші ауданының әкімі атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Одан кейін тұрғындар сұрақтарын қойып, жауап алды.