Тілім басқа болса да тілегім бір... Избранное

Пятница, 12 Ноябрь 2021 03:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1422 раз

Тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір, қазақстандық корей отбасында тәрбиеленіп өскен қарапайым азаматпын. Бүгінде Шымкент қаласындағы №88 жалпы орта білім беретін мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Қалалық корей этномәдени бірлестігі жанындағы жастар қанатының мүшесімін.

359

 

Шардарада туылып, Жетісайда жетілдім, Шымкентте шыңдалдым.
Ауылда өскеннен болар, қазақ тілін жетік меңгердім, қазақи тәрбие алдым. Қазақ тілін білгенімнің арқасында, қазақтың көркем әдебиетіне, оның ішінде Абай атамыздың шығармаларына деген қызығушылығым, мені талай жетістіктерге шығарды. Өміріме мән беріп, қайта қарауға ықпал етті. Мәселен, Хәкім Абай Құнанбайұлының: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», деген сөзі, бір қарағанда жаттанды сөз тіркесі ретінде көрінер. Бірақ оның түбіне үңілген адам, біраз дүниені аңғарады. Қай кезде де өзектілігін жоймаған хакім Абайдың бұл сөзі қазіргі біздің қоғамды сипаттап тұрғандай әсер қалдырады. Елдегі барлық этностар мемлекет құраушы қазақтың маңайына топтасыңдар, бүгініңді, болашағыңды қазақпен байланыстыр деп отыр.
Одан бөлініп кете алмайсың. Себебі сенің туған өлкең, кіндік қаның тамған жерің – Қазақстан. Сондықтан осында тұратын бәрің бір-біріңмен дос, бауыр болып, тату-тәтті ғұмыр кешіңдер. Бірлік болмай тірліктерің нәтижелі болмайды, деп тұрғандай сезіледі.
Бірқатар байқауларда бағымды сынадым. Сыйлық, марапат үшін емес, Абай атамызға деген құрметім, қызығушылығым соған жетеледі. Былтыр А.Құнанбайұлының 175 жылдығына орай этнос жастары арасында өткен республикалық байқауда бас жүлдегер атандым.
Сөздің қысқасы, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» деген ілімді Абай атамыздан үйрендім. Білім алу, ізденіс пен тіл білудің пайдасын ұғындым. Айтайын дегенім, тілге, елге құрмет – шынайы ықылас пен ізгі ниеттен, ақ пейілден туады.
Өзім қазақтың жиені әрі күйеу баласы ретінде «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» деген сөздің шындығына талай көз жеткіздім.
Мен кезінде Қазақстанға күштеп қоныс аударылған корейлердің 4-ші ұрпағымын. Өз басым болашағымды Қазақстанмен байланыстырып, белін бекем буған жас буынның өкілімін. Әкем айтпақшы, осында жатқан ата-бабамның сүйегін тастап ешқайда кетпеймін. Себебі, бар қазаққа ортақ қазақ жері – менің елім, менің жерім, менің Отаным!
Мен Тәуелсіздік құрдасымын! Биыл 30-ға толамын.
Алда межелеген талай жоба-жоспарымды іске асырып, еліме пайдамды тигізсем деген ойым бар. Абай атамыздың 37-ші қара сөзінде: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», дейді. Сондықтан барша замандастарымды ел игілігі үшін еңбек етуге, Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтату бағытында жұмыс істеуге шақырамын! Ол үшін бізге шынайы ниет, тынымсыз еңбек және ұзағырақ уақыт керек.
Әр адамда бір ғана Отан болады. Менің Отаным – Қазақстан. Мен осы жерде, дәл осы алтын топырақта туғаныма мақтанамын. Өзімді бақытты санаймын!
Бүгінде баршамыз ел ертеңі үшін білім алып, еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Тәуелсіздік туын қолда берік те бекем ұстау Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әрбір қазақстандықтың ең басты борышы, ең биік мұраты. Еліміздің еңселі көк Туы көк аспанда желбірей берсін! Еліміздің мерейтойы құтты болсын!

Темур ПАК,
Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігі жанындағы жастар қанатының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.